Қола дәуірі

Қола дәуірі – адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени кезең. Ол қола металлургиясының кең қанат жайып, еңбек құралдары мен қару-жарақ жасауға арналған негізгі материалға айналуымен сипатталады. Бұл кезде неолит дәуірінің мәдениеті дамып, металл игеріле бастады. Негізінен, қола дәуірі мәдениеттері осы металл кендері көп жерлерде дамыды. Мұндай өңірлерде дайындалған қола бұйымдар бірте-бірте іргелес жатқан жерлерге де тарады. Адам баласы мысты энеолит дәуірінде игерген болатын. Оған қарағанда, қоланың қатты әрі берік болуы құрал-саймандардың сапасын арттырып, еңбек өнімділігін жоғарылата түсті. Қола дәуірінің хронологиялық шегі б.з.б. 4-мыңжылдықтың аяғы мен б.з.б. 1-мыңжылдықтың басын қамтиды. Ежелгі қола құралдары Оңтүстік Иран, Түркия мен Месопотамиядан табылды. Кейінірек олар Мысырға (б.з.б. 4-мыңжылдық аяғы), Үндістанға (б.з.б. 3-мыңжылдық соңы), Қытайға (б.з.б. 2-мыңжылдық ортасы) және Еуропаға, Қазақстанға (б.з.б. 2-мыңжылдық) тарады. Қола дәуірінің Америкада өз тарихы бар. Мұнда металлургия орталығы Перу мен Боливия жерінде болды. Африкадағы қола дәуірі туралы мәселе археологиялық зерттеулердің жеткіліксіздігіне байланысты әлі толық шешілмей келеді.

Collier de Penne
Қола дәуірі - Muséum de Toulouse

Қола дәуіріндегі Қазақстан

Дәуірдің ерекшеліктері. Неолит дәуірінде-ақ байқала бастаған шаруашылық өзгерістері б. з. б. II мыңжылдықта [1] малшылық-егіншілік экономикасы мен жоғары дамыған металлургияның калыптасуына жеткізді. Өндіруші тұрпаттағы экономикаға көшу Қазақстан аумағындағы бүкіл жағдайды түбірінен өзгертті. Қоныстарың жиі өзгертетін, жігерлі, пысық малшы тайпалар ұлан-байтақ және қуатты бірлестіктер кұрды; бүлардың калыптасуында соғыс кақтығыстары едәуір рөл атқарды. Қару енді жабайы хайуандарды аулау үшін ғана емес, сонымен қатар тайпалар арасындағы қақтығыстарда да жиі пайдаланылатын болды. Қару жасау бірте-бірте металл өндеудің дербес саласына айналды.

Археологиялык материалдар бойынша, Андронов тұрпатты ескерткіштер калдырған далалық малшы-егінші тайпалардың мәдени ортақтығы жақсы мәлім. Барлық жергілікті өзгешеліктеріне қарамастан, ұлан-байтақ аумаққа тараған бұл тайпалар неолит дәуіріндегі тайпалық ала-құлалықты айқын мәдени біркелкілік ауыстырғанын көрсетті.

Қола дәуіріндегі коғамның ілгері басуы екі факторга байланысты. Олардың бірі — жаңа дәуірді белгілеген фактор - палеометалдардың өндірістік жолмен игерілуі болды. Б. з. б. II мыңжылдықтың ортасында Қазақстан тайпалары қола бұйымдар жасау ісін меңгерді. Қоланың өзі бұйымның неге арналуына қарай, әр түрлі пропорцияда мыс пен қалайының, кейде сүрменің, құшаланың, қорғасынның қорытпасы болып табылады. Мыспен салыстырғанда қоланың бірсыпыра артықшылықтары бар: оның өзгешелігі — өзі катты, балқу температурасы төмен, түсі алтын сияқты әдемі. Қола еңбек құралдары мен қару жасау үшін колданылатын негізгі шикізат бола бастады. Қазақстан жер қойнауында полиметалдардың, ең алдымен қалайы-мыс рудаларының барынша молдығы бұл аумақта металлургияның мықты ошағы шығуының бір себебі болды.

Б. з. б. II мыңжылдықтың басында-ақ Еділ бойы, Орал өңірінің, Қазақстан мен Алтайдың далалық тайпаларында кешенді малшылық-егіншілік шаруашылық қалыптасады. Ал б. з. б. II мыңжылдыктың ортасында Қазақстанның далалық тайпаларында алғашқы өндірістің өрлеуі байқалды, мал шаруашылығы жедел дамыды. Осы уақыттан бастап далалық Еуразия тұрғындарының шаруашылығында мал шаруашылығы неғұрлым көбірек орын ала бастайды. Б. з. б. II мыңжылдыктың аяғында — I мыңжылдықтың басында далалық өңірлердегі тұрғындардың көпшілігі шаруашылықтың маманданған жаңа түріне — көшпелі мал шаруашылығына көшеді. Батыс Азия мен Шығыс Еуропаның далалық аймағында бақташы тайпаларының бөлініп шығуы, шынында, б. з. б. II мыңжылдықтың басында болды деуге келеді, алайда әр-қилы табиғи ортадағы даму қарқынының әр түрлі болғанын ескеру керек.

Алғашқы экономиканың қайта құрылуына бәрінен бұрын табиғи-климаттық өзгерістер себепші болды. Мәселен, қола дәуірінде ұзаққа созылған салқын-ылғал кезеңнің орнына климаттың жылылық пен қуаңшылыққа қарай бірте-бірте өзгеруінің мың жылдан асатын дәуірі келді, сөйтіп ксеротермиялык минимум дәуірі басталды. Қуаңшылық дәуірінде өзендердің суы тартылды, жайылмадағы алаңқайлар бірте-бірте құрғады, көлдердің су деңгейі төмендеді, түптеп келгенде, солтүстік жарты шардағы кұрлықтардың жалпы ылғалдылығы азайды. Климаттың жедел құрғауына байланысты Шығыс Еуропа мен Батыс Азиядағы далалық тайпалардың шаруашылығы мен тұрмысында болған өзгерістерді археологиялык деректемелер де растайды. Батыс және Орталык Қазақстанның ұзақ уақытқа арналған коныстарында сумен жабдықтаудың жаңа әдісі — құдық қазу шығады.

Егер Қазақстанның солтүстік аудандарының тұртындары мен Батыс Сібірдің орман және тайгалы аймақтарының тайпалары энеолит пен алдыңты қола дәуірінде шаруашылық және мәдениет жағынан бір-біріне көп ұқсас болса, кейін климат өзгергенде бұл ұқсастық жойылады. Б. з. б. II мыңжылдыктың ортасында, Орталық Қазақстандағы сияқты, бұл аудандарда да малшылық-егіншілік шаруашылық өрістеп, мал шаруашылығы басым дамиды. Оңтүстік Сібірде Нарым өлкесінің тайгалы-батпақты аудандарына дейін бұл аймақтың тұртындарына тән емес ежелгі мал шаруашылығының шаруашылық дәстүрлерінің кең таралуын және Қазакстанның далалық тайпалары мәдениеті ықпалының күшеюін, сірә, нақ сол табиғи-климаттық кұбылыстармен түсіндіруге болар.

Тұрғындардың қоғамдық құрылысы мен отбасылық некелік катынасарында елеулі өзгерістер болды. Қола дәуіріндеті экономиканың басты-басты екі бағыты болып табылатын мал шаруашылығы мен металлургияның тез дамуы өндіргіш күштердің өсуіне, қоғамдык еңбек мамандануының күшеюіне, қоғамдық өмірдегі ірі өзгерістерге жеткізді. Жеке отбасылар оқшауланды, отбасылық меншік кеңейді, рулық қауым ішінде мүлік теңсіздігі өсті.

Қала мәдениеті

Қола дәуірінде Азияда бұрын қалыптасқан қала мәдениеті (Месопотамия, Элам, Мысыр, Сирия) одан әрі дами түсті және жаңа мәдениеттер (Үндістанда – Хараппа, Қытайда – Инь) қалыптасты. Мұндай жағдай Еуропада да байқалды. Қала жұрттары, сарайлар, жергілікті жазу, т.б. деректер Еуропадағы өзіндік мәдени орталық еді. Бұл дәуірде кен қорына бай Кавказдың маңызы зор болды. Ол Шығыс Еуропаның далалық аудандарын мыс бұйымдарымен жабдықтайтын Еуразиядағы ең ірі металлургия орталықтарының біріне айналды.

Қазақ жерін сол тұста мекендеген тайпалардың осы кезеңдегі мәдениеттері қола дәуірі ескерткіштері алғаш ашылған жерлердің атымен – Андрон мәдениеті, Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталады. Қазақстандық археологтардан қола дәуірі бойынша Орталық Қазақстанды Ә.Марғұлан мен К.Ақышев, Солтүстік Қазақстанды А.Оразбаев, Шығыс Қазақстанды С.С. Черников пен А.Г. Максимова зерттеп, әр аймақтардағы өзгешеліктерді ашып көрсетті. Қола дәуірін кезеңге бөлуде зерттеушілер арасында әр алуан пікірлер бар. Қазақ жеріндегі қола дәуірі мәдениеттерінің басталуы мен дамуын Ә.Марғұлан негізгі үш кезеңге бөледі. Алғашқы кезеңі – ортаңғы; өркендеп дамыған кезеңі – Нұра және Атасу сатылары; соңғы кезеңі – өтпелі сәт пен Беғазы-Дәндібай мәдениетінен тұрады. Қола дәуірндегі экономиканың басты екі бағыты болып табылатын мал шаруашылығы мен металлургияның тез дамуы өндіргіш күштердің өсуіне, белгілі бір еңбек саласына маманданудың күшеюіне, қоғамдық өмірдегі ірі өзгерістерге жеткізді.

Көне кен орындары

Көптеген көне кен орындарынан мыс (Жезқазған, Зырянов, Қаршыға, Жалтыр, Ащылы, Ұратөбе, Күшікбай), қалайы (Атасу тауы, Қалба мен Нарын жоталары), алтын (Степняк, Қазаншұңқыр, Балажал, Ақжал, Дайбай, Майқапшағай, Ақабек) кентастары алынды (қола Ежелгі кен қазбалары). Тас және балшық құйма қалыптарда шаруашылыққа және тұрмысқа қажетті құралдар (орақ, балта, қанжар, пышақ, найза мен жебе ұштары, т.б.) құйылды. Сәндік заттар (ілгек, тізбек, білезік, моншақ, өңіржиек, сырға, т.б.) жасалды. Қазақстан аумағын қола дәуірінде мекендеген тайпалардың әр түрлі материалдан (металл, тас, сүйек, қабыршақ) алуан түрлі заттар (еңбек құралдары, қару-жарақ, сәндік заттар, тұрмыстық бұйымдар) жасауда жоғары шеберлікке жеткені аңғарылады. Олар соғу, құю, қақтау, қысып өрнектеу, тегістеп жылтырату техникасын жақсы меңгерді, қатты материалдан жасалған заттарға өрнек сала білді. Қоныстарын өзендердің жайпақ жағасына, кең жайылмаға, мүйіске, кейде көл маңына салды. Қоныстар 6–10 үйден, үлкендері 20 үйден құралды. Тұрғын үйлері жартылай жертөлелер мен жер бетіндегі үйлер болып бөлінеді. Жартылай жертөлелер дәліз сияқты шығар аузы бар тік бұрышты, сопақ және сегіздік тәрізді салынды. Қабырғаларды бойлай тік бағандар орнатылды, арасына ағаштар немесе шарбақтар қойылып, балшықпен сыланған. Тұрғын үйлер аумағы 100 шаршы метрден 300–400 шаршы метрге дейін жетті. Орталық және Батыс Қазақстанда ағаш аз болғандықтан, тұрғын үй қабырғаларына тас көп қолданылды. Жер үстіндегі үйлердің қабырғалары бөренелерден жасалды. Қоныстарға жақын жерде рулық зираттар болды. Қабірлердің үсті айнала жалпағынан салынған немесе қырынан қойылған және қазылып орнатылған тақта тастардан тік бұрышталып, шаршыланып, дөңгелектеніп қоршалды, кейде обалар да етегінен тақта тастармен айнала көмкерілді.

Ескерткіштер

Кейбір ескерткіштер көрнекілігімен, құрылыстарының күрделілігімен ерекшелінеді. Мыстытас, Беғазы ескерткішін тұрғызу үшін салмағы 3 тоннаға жететін алып мәрмәр тастар қолданылған. Батыс Қазақстандағы Тастыбұтақ 1 (Федоров кезеңі) қорымында мәйіттер қабірге немесе жалпақ тастан жасалған жәшіктерге салынып жерленген. Кей жағдайларда мәйітті өртеу рәсімі де кездеседі. Орталық Қазақстанның Нұра кезеңіне жататын жерлеу рәсімі, негізінен, мүрдені өртеп тас жәшіктерге немесе табытқа салу болды. Атасу кезеңінде мәйіттер бүктетіліп, көбінесе сол қырынан жатқызылды, қолдары қусырылды, басы батысқа қаратылып, кейде аздап солтүстіккеке не оңтүстікке бейімделіп жатқызылды. Нұра кезеңінен келе жатқан қазулы шұңқырмен және цисталармен қатар, тік бұрыш тас жәшіктер тарады. Жәшіктер шомбал, жалпақ төрт тақта тастан құралып, қабір шұңқырының төрт жағынан қойылды. Керамика ыдыстарын жасаумен, негізінен, әйелдер шұғылданды. Ыдыстар қолмен жапсырылып жасалды. Қола дәуірінің алдыңғы кезеңінде бүйірі тік немесе біраз шығыңқы, мойны ішке қайырылған, түбі жайпақ ыдыстар басым болды. Ортаңғы қола дәуіріне тән құмыралардың түбі жайпақ келеді, иіні дөңгелектеніп немесе иініне мойны мен бүйірін бөліп тұратындай ойық жасалады. Соңғы қола дәуірін иіні дөңгелек, бүйірі аздап шығыңқы құмыралар сипаттайды. Ернеуіне қиғаш және айқыш-ұйқыш кертпелері бар балшық таспа жапсырылады. Оларға әрбір кезеңнің өзіне тән геометриялық өрнектер (жарты, үш бұрыш, меандр, ирек сызық, қисық ойық, т.б.) түсірілді.

Әлеуметтік құрылымы

Қола дәуірінде әлеуметтік және әскери-саяси құрылымдарда рулық-тайпалық бөлімшелер пайда болды. Материалдық игіліктерді өндіруде ерлер рөлі күшейді. Туыстық әке жағынан есептеле бастады. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде ру ыдырап, одан жеке отбасы шаруашылықтары бөлініп шықты, айырбас кең өріс алды. Қола дәуірі тайпалары тұрмысы мен әл-ауқаты табиғатқа тәуелді болғандықтан, адам табиғат күшін құдірет деп білді. Олардың отқа табынғандығын мәйітті өртеу ғұрпы, қабірге күл мен көмір қалдықтары салынғаны дәлелдейді. Тайпалар арасында ата-бабаға сыйыну, о дүниеге сену кеңінен тарады. Құрбандық күнге, отқа, айға, жұлдыздарға арнап шалынды. Қола дәуіріндегі Қазақстан тайпалары негізінде ертедегі көшпелілердің мәдениеті қалыптасты. [2]

Дереккөздер

  1. «Қазақстан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. — Алматы: Атамұра, 2010.—86 ISBN 978-601-282-026-3
  2. "Қазақ энциклопедиясы"
Андронов мәдениеті

Б.з.д. 2 мыңжылдықтың алғашқы ширегі бітер кезде (Қола дәуірі) Еділ мен Алтай арасында мал шаруашылығымен айналасқан адамдар қола жасауды меңгерді. Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андроново селосынан қола дәуірі ескерткіштері алғаш рет табылды. Оны 1913 ж. Б.Г. Андрианов ашты. Ғылымда шартты түрде Қазақстан жеріндегі қола дәуірі ескерткіштерін Андронов ескерткіштері деп атайды. Бұл атауды ғылыми айналымға 1927 жылы С. А. Теплоухов енгізген. 1927 жылы археолог М.П.Грязнов осындай қорымды Батыс Қазақстаннан да тапты. Андронов ескерткіштері Қазақстан, Орта Азия, Сібір жерлерінен табылып отыр. Андронов мәдени-тарихи қауымының негізгі орталықтарының бірі Қазақстан аумағында болды. Батыс аудандардың андроновтық тұрғындары қима мәдениетінің туысқан тайпаларының ықпалына үнемі түсіп және өз тарапынан оларға тікелей ықпал жасап отырды. Археологиялық деректер андроновтық тұрғындардың басым көпшілігі отырықшылық өмір сүргенін көрсетеді. Қоныс-мекендер кең жайылма шалғыны бар өзендердің жағаларына орналасты. Патриархаттық отбасылардың үйлері үлкен жер төбелер болды; олардың жанынан әр түрлі шаруашылық жайлар мен мал қамайтын қашалар салынды. Бұл қоныс-мекендерге мал бағу кәсібі едәуір басым малшылық-егіншілік шаруашылығының кешенді сипаты тән болды.

Жалпы, Қазақстанда Андронов мәдениетімен бірге, қима мәдениет ескерткіштері Батыс Қазақстанда табылған. Қима мәдениетінің басты ерекшелігі — қайтыс болған адамдарды қиылған ағаштың арасына салуы. Андронов мәдениетінің ескерткіштері Қазақстанда мол кездесетін болғандықтан, осы хронологиялық кезеңді Андронов мәдениеті арқылы қарастырады.

Андронов мәдениетінің ескерткіштерінің өте үлкен аумақта табылуына және оның ұзақ кезеңді қамтуына байланысты ғылымда қазір Андронов тарихи-мәдени қауымдастығы деген термин қолданылады. Андроновтық тұрғындарды басқа тайпалардан айыратын мәдениеттің ең басты этнографиялық белгілері жерлеу ғұрпы, геометриялық өрнегі бар балшық қыш ыдыстардың өзінше бір жиынтығы, металл бұйымдардың түрлері болып табылады. Андронов тайпалары тұрқы әр түрлі тас қоршаулар түрінде зираттар тұрғызды, олар тік бұрышталып, дөңгелектей, сопақталып қоршалатын болды. Кейде, әсіресе Орал өңірінде бұлардың орнына обалар үйілді. Өлген тайпалас адамдар не өртелді, не ерекше әдіспен бүйірінен жатқызылып, қол-аяғы бүктеліп, тас тақталардан жасалған «жәшікке» немесе қазылған төрт бұрышты шұңқырға салынып жерленді. Ыдыстар қолдан жапсырылып жасалды. Бұдан ертерек уақытта ыдыстардың түбі шығыңқы домаланып келетін болса, ол енді тайпақ болды. Олардың сырты тарақ тәрізді немесе тегіс қалыппен түсірілген күрделі геометриялық өрнектермен сәнделді. Сәндік заттардың андроновтық тайпалар мәдениетінің тараған шегінен аспаған ерекше түрлері: алтын жапырақшадан бір жарым қайырым бүктеліп жасалған сырғалар, бас киімге және басқа да киімге тағылатын «көзілдірік тәрізді» және «табан із тәрізді» сәнді салпыншақтар, қақтама өрнекті тоталар, шеттері иректеліп түйілген білезіктер болды. Өндіріс техникасының дамығандығы және қола заттар мен балшық ыдыстар түрлерінің әдемілігі мәдениет деңгейінің жоғары болғанын көрсетеді.

Андронов мәдениеті кезеңінің ескерткіштері

Андронов мәдениеті кезеңінің ескерткіштері — Қазақстан, Орта Азия, Сібір жерлерінен табылған қола дәуірі ескерткіштері

Алғашқы рет Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андроново деревнясында 1913 жылы Б.Г. Андрианов тапқан. 1927 жылы археолог М.П.Грязнов осындай қорымды Батыс Қазақстаннан да тапты. Ғылымда шартты түрде Қазақстан жеріндегі қола дәуірі ескерткіштерін Андронов ескерткіштері деп атайды. Бұл атауды ғылыми айналымға 1927 жылы С. А. Теплоухов енгізген. Андронов ескерткіштері Қазақстан, Орта Азия, Сібір жерлерінен табылып отыр. Андронов мәдени-тарихи қауымның негізгі орталықтарының бірі Қазақстан аумағында болды.

Археологиялық ескерткіштер

Археологиялық ескерткіштер – халықтардың ежелгі тарихына қатысты материалдық мәдениетінің ескерткіштері. Оған: қалашықтар мен қалалар; ежелгі қоныстардың қалдықтары; обалар, қабір үстіне орнатылған ескерткіштер мен салт-дәстүрлік құрылыстар; адамның еңбек қызметін сипаттайтын ескерткіштер; тасқа және үңгірде қашалған жазулар; табылған жекелеген қазбалардың орындары жатады.

А.е. Солтүстік Қазақстан облысы ежелгі тұрғындарының жоғ. палеолит дәуірінен ортағасырлық кезеңге дейінгі өмірі мен тұрмысын көрсетеді. 100-ден аса нышанға қазба жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде ежелгі адамдардың материалдық және рухани мәдениетін көрсететін көптеген коллекциялар жиналды. Қола дәуірінің заттық кешендері негізінде Г.Б. Зданович қола ғасырдың алатын кезеңі мен хронологиясын жасады, Петровтік мәдениет дербес өз алдына бөліп қаралды (1975). С.Я. Зданович Солтүстік Қазақстан облысы және көрші облыс материалдары негізінде қола ғасырдың аяқ шеніндегі Саргарин мәдениетін анықтады. В.Ф. Зайберт неолит кезеңінің А.е. материалдары бойынша Атбасар мәдениетіне жататын ескерткіштердің хронологиясын әзірледі, ал энеолит кезеңінің ескеткіштері Ботай мәдениетімен біріктіріле қарастырылды. А.А. Плешаков мезолит және неолит дәуірі материалдары бойынша тәжірибе-трассологиялық әдіспен ежелгі халықтардың шаруашылыққа қолданған кремнийден жасалған еңбек құралдарын қалпына келтіру ісін жүзеге асырды. М.К.Хабдулина зерттеген ескерткіштер негізінде номадтардың Ұлы даласы жүйесіндегі ерте темір ғасыры далалық Есіл өңірінің мәдени-тарихи оқиғаларын айқындап берді. Облыста сақталған — 171 А.е. ішінен Петропавл қ-нда бір нышан, Бескөл ауданында — 26, Булаевта — 3, Возвышенскийде — 1, Жамбылда — 17, Есілде — 50, Мамлютте — 1, Пресновта — 6, Сергеевте — 50, Аққайыңда — 3, Қызылжарда — 13 нышан бар. А.е. облысы су көзі — Есіл өзені бойында орналасқан. Мамлют ауданында 7 А.е-тен тек ерте темір ғасырына жататын жалғыз Мәңгісор ескі моласы ғана сақталған, Мамлюттегі қорғандар қазылды, ал қалған ескерткіштер жүргізген жұмыстар кезінде бұзылып тасталған. Мәскеу ауданындағы (қазіргі Шал ақын атынд.) ерте темір ғасырына жататын Бұлақ ескі қорғаны карьер қазғанда бұзылған. Преснов ауданында ерте темір ғ. және қола дәуіріне жататын 9 қабір ескерткіштері мен бір қоныс бар екендігі туралы мәліметтер болды. Қазіргі кезде ерте темір ғасырына жататын алты қабір орны мен кейбір қорғандар сақталған. Сергеев ауданы ежелгі тарихтың әр кезеңіне қатысты 74 А.е. бар екендігі белгілі. Оның 50-і сақталып қалған. Алты нышан ғыл. жұмыстар мақсатында қазылды, ал қалғандары а.ш. қызметі салдарынан жойылды немесе Сергеев су қоймасының астында қалды. Сергеев ауданыдағы көптеген ескеркіштерден Солт. Қазақстанның ежелгі тұрғындарының ш. мен әлеум.-мәдени өмірін білдіретін коллекциялар табылды. Алыпқаш моласының материалдары бойынша қола дәуірінің алтын әшекейлі киімі қайта қалпына келтірілді. Бұрлық, Кеңес, Ұлубай және т.б обалар қола дәуірі және ерте темір ғасырындағы тарихи үдерістерді болжауға мүмкіндік берді. Аққайың ауданыдағы үш археол. нышан ерте темір ғасыры қорғандары түрінде қабір ескерткіштеріне жатады. Соколов а-нда табылған А.е. де қызықты материалдар. Вишневка-І қонысы ерте қола дәуірі бойынша мәліметтер ұсынады, қазіргі кезде ғылымда Вишнев үлгісіндегі керамика белгілі. Петропавл қ. жерінде әр дәуірдің 16 А.е. болған, қазіргі кезде соның біреуі ғана — ерте темір ғасырындағы Ақтау қалашығы ғана сақталған.

Елшібек қорымы

Елшібек қорымы– қола дәуірінен сақталған зираттар. Қарағанды облысы Шет ауданы Киік темір жол стансасынан оңтүстік-батысқа қарай 20 км, Үшқызыл тауынан оңтүстікке қарай 2,5–3 км жерде орналасқан. 1957 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ә.Х.Марғұлан) зерттеген. Қорымнан қола дәуірінің 120 қоршауы, ертедегі темір дәуірінің бір «мұртты» обасы және Түркі қағандығы кезеңінің үш қоршауы кездеседі. Қоршаудың біреуінің шығыс жағында тас мүсін бар. Қола дәуірінің қоршаулары, негізінен, төртбұрышты, шаршы және дөңгелек пішінді, қырынан көмілген гранит тастардан құралған. Олардың ішіне бір немесе бірнеше тас жәшіктер салынған. Кейбіреуінде жәшік сыртындағы қоршау жұмыр тастардан қаланған. Қорымнан қола дәуірінің төрт қоршауы және ерте темір ғасырының «мұртты» обасы қазылып зерттелді. Қоршаулар ішінен 9 тас жәшік қабір ашылып, ішіндегі мәйіттердің көбі ертеде ұрланғандығы белгілі болды. Мәйіттер сол қалпы немесе отқа өртеп қою салттарымен жерленген. Бұзылмаған және жартылай ұрланған қабірлерден геометриялық өрнектер салынған, пішімі қола дәуірінің әр кезеңіне тән 5 бүтін, 2 сынық қыш ыдыс, тас, қола моншақтар, жоғары басын тесіп, тұмар етіп таққан екі бақайшық, жыртқыш аңдардың тістері табылды. Осы заттарға қарап Елшібек қорымына адамдардың қола дәуірінің ерте кезеңінен бастап соңына дейін жерленгенін байқауға болады. Елшібек қорымы «мұртты» үш обадан (диаметрі 12 м) және таға бейнелі мұрттардан (ұзындығының сол жағы 40 м, оң жағы 34 м) тұрады. Зерттеу барысында үлкен оба астындағы ұзынша шұңқыр көр ішінен ұзындығы 180 см-ге жуық, басы солтүстік-батысқа қаратып жерленген ер адамның сүйегі, шығыс обадағы тастар астынан өрнегі жоқ сопақша қыш ыдыс, ал ең кіші батыс обадан баланың аяқ сүйектері табылды. «Мұртты» оба мерзімі жағынан б.з.б. V–III ғасырларға жатады. Елшібек қорымы – қола дәуірі және ерте темір ғасырлары кезінде Сарыарқаны мекендеген тайпалардың оңтүстік-шығыс шекарасындағы ең ірі зираттарының бірі. Ол осы кезеңдерде адамдардың тек шаруаға жайлы Нұра, Сарысу өзендерінің бойын ғана емес, біртіндеп Бетпақдалаға дейінгі жерлерді игергенінің айғағы.

Жыланды зираты (Қарағанды облысы)

Жыланды – көне зират орны. Қарағанды облысы Абай ауданы Нұра өзенінің сол жағасында, Самар елді мекенінен оңтүстікке қарай 7 км жерде орналасқан. 1972 ж. М.Қадырбаев зерттеген.

Зират екі топтан тұрады. Негізгі топта қола дәуірінің 11 қоршауы бар. Оның 8-і қазылған. Айнала тігінен қойылған қақпа тастармен қоршалған жалпақ топырақ үйінділердің диам. 2,8 – 12 м, пішіні дөңгелек және сопақ, биікт. 0,2 – 0,4 м. Бұдан тек биікт. 0,75 м 3-ші қоршау ғана оқшауланады. Ұзынша, тік бұрышты шұңқыр қабірлер батыстан шығысқа бағытталған және үлкен қақпа тастармен жабылған. 2-, 3-қоршаулардың қабірлерінде тас жәшік қаланып шығарылған. Әр қоршауға, негізінен, бірнеше қабір тән. Мүрделер аяқтары бүгілген қалпы бастары батысқа қаратыла бүйіріне жатқызылған. Мүрдені өртеп жерлеу тәсілі де байқалады. Қабірлерден біршама қыш ыдыстар, қола әшекей бұйымдары, қанжар, сүйек құралдар табылды. Қыш ыдыстар пішіні мен ою-өрнегі бойынша 2 түрге бөлінеді. Қыш ыдыстардың 2 түрінің бір зираттан шығуы – зерттелмеген құбылыс. Бұл жағдай Ж. зиратының маңызын арттыра түседі. Негізгі топтық ескерткіштері орта қола кезеңде, яғни б.з.б. 2-мыңжылдықтың ортасында тұрғызылған. Ал екінші топтағы зираттар қола дәуірі қоршауларынан оңт.-шығысқа қарай 500 м қашықтықта орналасқан. Ерте темір дәуіріне жататын, тас пен топырақтан үйілген 2 оба тасмола мәдениетінің ерте сатысына жататыны анықталды. Екеуіне де әйелдер жерленген. 1-оба сопақ пішінді, диам. солт-тен оңт-ке қарай 14 м, батыстан шығысқа қарай 17 м, биікт. 0,8 м. 2-оба дөңгелек пішіндес, диам. 9 м, биікт. 0,65 м. Шұңқыр қабірлер солт-тен оңт-ке қарай бағытталған, тереңд. 1 м-ден астам. Мүрделер басы солт-ке қаратыла, шалқасынан жатқызылған. Обалардан табылған алтын сырғалар, қола айна мен асыл тастардан тізілген моншақтар сирек кездесетіндігімен ерекшеленеді.

Бұл обалар б.з.б. 7 – 6 ғ-ларға жатады.

Кіші жүз

Тағы қараңыз: Қазақ жүздері

Кіші жүз – Қазақстанның батыс аймағын мекендеген рулар мен тайпалар одағы. Қазақ халқының этникалық құрамына енеді.

Орта жүз

Тағы қараңыз: Қазақ жүздері

Орта жүз – қазақ халқының этникалық құрамына енген рулар мен тайпалардың саяси, экономикалық және мәдени бірлестігі. Орталық және солтүстік шығыс Қазақстанды мекендеген қазақ тайпаларының одағы болған.

Павлодар облысының ескі тарихы

ТАРИХ

Петроглиф

Петроглиф (лат. петро — тас және грек. глиф — жазу) — тақтатас, жартастарға салынған суреттер, бейнелер. Ежелгі П-тер соңғы палеолиттің ақырында пайда болды. Кейінгі голецендік тарихи-мәдени кезеңдерде (мезолит, неолит, қола дәуірі, темір дәуірі, т.б.) қоғамдағы өзгерістерге байланысты дамыды. Мұндай суреттер Швеция мен Норвегия (Богуслен, Таннум), Солтүстік Италия (Велкамоника), Португалия мен Испания жерлерінен, Солтүстік [[Африкадан, Араб жарты аралынан табылған. Жартас суреттері Үндістан мен Пәкістан, Қытай, Корея мен Жапонияда да бар.Америка құрлығында жартас өнерінің ескерткіштері Канада, АҚШ, Аргентина, Чили мен Бразилияда кездеседі. Олар Австралияда да көп. Мұның өзі П. жалпы адамзат мәдениетінде маңызды құбылыс болғандығын айғақтайды. Қазіргі ТМД елдерінің жерінен де П-тер көптеп табылған. Олар Кавказда, Орталық Азияда, Сібірде, Оралда, Қиыр Шығыста шоғырланған. Ескерткіштердегі суреттер сан алуан тәсілдермен шекіліп, бедерленген. Әр өңірдегі мұндай өнер туындылары тас ғасырынан кейінгі орта ғасырларға дейінгі адамдардың шаруашылығынан, тұрмыс-салты мен жол-жоралғыларынан, дүниетанымынан хабар береді. Басты сюжеттері адамдардың шаруашылық салаларын (аңшылық, балықшылық, т.б.), наным-сенімдерін сипаттайды. Суреттер қызыл охрамен және тастың бетін қашап, шекіп салу тәсілдерімен түсірілген. Соңғы тәсіл көп жерлерде кеңінен пайдаланылды. Көбіне хайуанаттар қырынан, адамдар алдынан салынды. Суреттерде пропорция сақталмаған; түз тағыларының кішкентай суреттерінің жанына одан бірнеше есе үлкен адам бейнесі салынған. Бұл өнердің мәні терең, бейнелері мазмұнды болып келеді. Оларда аңыз әңгімелер, мифтік сюжеттер, қоршаған ортамен байланысты шаруашылық-тұрмыстық қарекеттер бейнеленді. Қазақстанда 200-ден астам жартас суреттерінің шоғырланған орындары белгілі болып отыр. Солардың ішінде жан-жақты зерттеліп, ғылыми айналымға түскендері: Ақбауыр, Арпаөзен, Баянжүрек, Ешкіөлмес, Қаратау, Қойбағар, Майдантал, Мойнақ, Таңбалы, Теректі-Әулие, т.б.

Солтүстік Кавказ Мәдениеті

Солтүстік Кавказ Мәдениеті- қола дәуіріндегі (б.з.б2-мың жылдық) археологиялық мәдениет Солтүстік Кавказдағы Кубань, Терек өзені аңғарында. Солтүстік Кавказ мәдениеті Ресейдің оңтүстік далалық аудандарындағы археологиялық мәдениетпен, шығысында көне Дағыстан мәдениетімен, оңтүстігінде Кавказ жоталарын мекендеген тайпалар мәдениетімен байланысты болған. Мұның қоныстары толық зерттелмеген. Таулы жердегі тайпалар өлікті лашыққа, тастан жасалған табытқа салып қойған, ал далалық жердегілер шұңқырға жерленген. Өлікпен бірге қыш заттар, қола пышақтар, тескіштер, балта, әшекей бұйымдар қойылған.

Суықбұлақ (қола дәуірі қонысы)

Басқа мағыналар үшін Суықбұлақ деген бетті қараңыз.

Суықбұлақ – қола дәуірі қонысы. Қарағанды облысы Қарқаралы қаласының оңтүстігінен 1,5 км жерде, Мұхтар сайындағы Суықбұлақ қайнарының төңірегінде орналасқан.

Қоныстың ұзындығы 1 км, ені 200 – 250 м. Қоныс алаңында үй орындарымен бірге, ерте темір ғасырлары кезінде салынған 7 оба мен ортағасырлық 6 тас қоршау бар. Қонысты 1953 жылы Қарағанды мұражай қызметкері Л.Ф. Семенов тауып, 1955, 1962 жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедиция (жетекшісі Ә.Х. Марғұлан) зерттеген. Қоныстан екі үй орны аршылған. Бірінші үй төртбұрышты, аумағы 148 м, бөренеден тұрғызылып, ортасынан екіге бөлінген солтүстңк-батыс бөлігінде үлкен ошақ орны сақталған. Екінші үй аумағы 84 м. Онда да бөренелер орны сақталған. Үй маңы, ошақ жанынан өрнектелген қыш ыдыстардың сынығы, тастан, сүйектен жасалған құрал-сайман, әшекей бұйымдар, мал, аң сүйектері көптеп табылды. Суықбұлақ қонысынан ең алғаш рет темір қорытпалары табылды. Ол б.з.б. 2-мыңжылдықтың аяғы – 1-мыңжылдықтың басында Орталық Қазақстан тайпалары Еуразия құрлығында алғашқылардың бірі болып темір өндірісін игергенін көрсетеді. Марғұлан қайта жаңғыртқан қоныстағы үй пішіні құрылыс өнерінің де биік дәрежеде болғанын білдіреді.

Сынтас (тас)

Сынтас, сымтас - мегалиттік құрылыстардың бір түрі. Жерге тіке қадалған тас бағана іспетті. Орталық және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Жетісу өңірінде жиі кездеседі. Байырғы Сынтастар (неолит, ертедегі қола дәуірі) өңделмеген кесек тастардан тұрғызылған. Сынтас негізінен, дінге табыну жораларына орай жасалған болуы мүмкін. Сырт пішіні және орналасу тәртібіне қарай Сынтас әр түрлі атаумен ("алыптас", "қотантас", "қанаттас", "самалатас", т.б.) аталады. Сынтас ерте дәуір құрылыстарында (тас қабір, кешен, т.б.) тіреу рөлін аткарғаны аңғарылады.

Шығыс Қазақстанның қола дәуірі

Шығыс Қазақстанның кола дәуірі ескерткіштері төрт кезеңге белінеді. Олар:

Усть-Бөкен кезеңі (біздің заманымызға дейін XVIII—XVI ғасырлада)

Қанай кезеңі (біздің заманымызға дейін XV—XIII ғасырлада)

Кіші-Красноярка кезеңі (біздің заманымызға дейін XIII—IX ғасырлада)

Трушниково кезеңі (біздің заманымызға дейін IX—VIII ғасырлада)

Явленка

Явленка — Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы ауыл, аудан және Явлен ауылдық округі орталығы.

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы — бұрынғы КСРО құрамында болған одақтас республикалардың бірі; ол 1920 ж. 26 тамызда құрылды және алғашқы кезде Қырғыз АКСР-і деп аталып, РКФСР құрамына кірді, 1936 ж. 5 желтоқсанда одақтас республикаға айналды. КСРО-ның Азиялық бөлігінің оңтүстік-батысында орналасты, солтүстігінде РКФСР-мен, оңтүстігінде Түрікмен КСР-мен, Өзбек КСР-мен және Қырғыз КСР-мен, шығысында Қытаймен шектесті, батысында Каспий теңізі. Қазақ КСР-ы — жер көлемі жағынан РКФСР-ден кейінгі екінші, халқының саны жағынан РКФСР мен Украинадан кейінгі үшінші одақтас республика болды. Жері 2724,9 мың км². Астанасы — Алматы қаласы. Әкімшілік жағынан 19 облысқа, 210 ауданға бөлінді, 82 қаласы болды.

Қазақстан тарихы

Қазақстан тарихы — Қазақстан аймағында адамның пайда болғаннан бастап қазіргі заманға дейінгі болған оқиғалар.

Қарақытай мемлекеті

Қарақытайлар мемлекеті (1128-1213). Қарақытайлар. Олардың құрылуы Орталық Азияның қидан тайпаларымен тығыз байланысты. Қидандар (цидань, кита, хита) б.з. 4 ғ. жазба деректерде моңғол тілді тайпалар ретінде аталады. Олар Қытайдың солтүстік жағында Маньчжурия мен Уссури өлкесінің территориясын мекендеген. 924 ж. Алтайдан бастап, Тынық мұхитқа дейінгі жер Қидан мемлекетінің (Ляо империясы) қол астына өтеді.

1125 ж. Сунь Қытайы мен Чжурцжень мемлекетінің біріккен күші Ляо империясын құлатады. Қидандардың бір бөлігі чжурчжендерге бағынады, ал қалғандары Елюй-Даши басқаруымен батысқа қарай Шығыс Түркістан мен Жетісуға таман - жылжиды. Олар енисей қырғыздарының жерін басып өтіп, Еміл өзенінің бойына жетеді. Сол жерге аттас қала салады. Қидандардың батыс бөлігі Жетісудың бір бөлігіне қарап, жергілікті түркі тілдес халықпен араласып кетуі нәтижесінде, келімсектер қара қытай аталып кетеді.

1128 ж. Қарахандар әулетінен шыққан Баласағұнды иемденуші өздеріне қысым жасаушы қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы шығады. Қарақытайлар көсемі Елу Дашы Баласағұнды басып алып, Жетісуда өз мемлекетін орнатады. Жетісу, оңтүстік Қазақстан, Мәуереннахр мен Шығыс Түркістан қарақытай мемлекетінің құрамына кіреді. Қарахандар әулетін қарақытайлар өз вассалына айналдырады.

Қарақытай мемлекетінің басшысы Гүрхан деп аталады. Оның ордасы - Шу озенінің алқабында болатын. Баласағұн орталық болып қала берді. Әскерде тәртіп қатал болған. Ел ішінде аула басынан салық жинай жүйесі енгізіледі - әр үйден бір динардан салық алып отырады. Гүрхан жақындарына жер-суды тарту етпейді, олар бәсекеші болып кетеді деп қауіптенді. Қарақытайлар Жетісудың оңтүстік бөлігін, Исфиджабтың солтүстік-шығыс аймағын, Құлжа өлкесін басқарады.

Бірінші гүрхан Елюй-Даши 1143 ж. қайтыс болды. 1169 ж. оның баласы - Елюй-Чжилугу - таққа отырады. Өзі христиан болғандықтан, мұсылман дініне қарсы шығады. Оның Жетісудағы мұсылман халқын бағындыру саясаты қарсылыққа толы болды. 1208 ж. бастап Жетісуға қоңыс аударған найман тайпалары да осы ішкі саясатты бұзбайды. Жетісу аймағы өзара қырқыстар, мұсылмандық қозғалыстар орталығына айналады. Жетісудағы осы жағдай 1218 ж. дейін, яғни Шыңғыс-ханның әскері келгенше созылды.

Ұлы жүз

Ұлы Жүз — қазақ халқының этникалық құрамына енген рулар мен тайпалардың саяси, экономикалық және мәдени бірлестігі.

Басқа тілдерде

This page is based on a Wikipedia article written by authors (here).
Text is available under the CC BY-SA 3.0 license; additional terms may apply.
Images, videos and audio are available under their respective licenses.