Таяу Шығыс

Таяу Шығыс (араб.: الشرق الاوسط‎, парсыша: خاور نزدیک‎, ивр. המזרח הקרוב‎, арм. Մերձավոր Արևելք, түр. Yakın Doğu, әз. Yaxın Şərq, грузинше ახლო აღმოსავლეთი, осет. Æввахс Хурыскæсæн) — Алдыңғы Азия және Солтүстік Африкада орналасқан аймақтың атауы. Атауды еуропалықтар өздеріне жақын жатқан шығыс аумақ болғандықтан осылай атаған.Негізгі халық: арабтар, парсылар, түріктер, күрдтер, еврейлер, армяндар, грузиндер және әзірбайжандар болып табылады. Халқының ауқымды бөлігінің діни наным сенімі — ислам, сондай-ақ бұл жерде индуизм мен христиандықта таралған. Таяу Шығыс арқылы Еуропа мен Африкадан Азияға бағытталған негізгі жол бар.

Дүние жүзі картасындағы Таяу шығыс
Таяу Шығыстың физикалық картасы

Таяу Шығыс мемлекеттері

Дереккөздер

  1. [http://www.perspektivy.info/oykumena/vostok/chto_takoje_blizhnij_vostok_2009-09-30.htm.
  2. Кейбір қайнарларға сүйене отырсақ, Иранның батысы ғана Таяу Шығысқа жатқызылады.
  3. 2004 жылды Кипрдің Еуроодаққа кіру салдарынан, кейбір дереккөздерде Кипрді Таяу Шығысқа жатқызбайды
  4. Таяу Шығысқа Турцияның Азиялық бөлігі ғана кіреді.
Kazakh TV

Kazakh TV — Қазақстан Республикасының бірінші серіктік ұлттық телеарнасы. Kazakh TV-ті Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Африканың солтүстік бөлігінің тұрғындары көре алады. Көрермендер саны 99 миллионнан жуық.

Айюб әулеті

Айюб әулеті — Таяу Шығыстағы билеушілер әулеті. Мысырда Фатима әулеті биліктен кеткеннен кейін Айюб ибн Шадидің баласы Салах ад-Дин негізін салған (1170).

Айюб әулетінің ұрпақтары Мысырды (1171 — 1250), Дамаскіні (1186 — 1260), Халебті (1186 — 1260), Хамды (1178 — 1341), Хомсты (1178 — 1262), Месопотамияны (1200 — 45), Оңтүстік Арабстанды (1173 — 1223) биледі. Салах ад-Дин өлген соң іштей бақталастық, мамлүктердің ереуілдері, ішкі экономика байланыстың әлсіздігі салдарынан мемлекет ахуалы бірте-бірте құлдырап, Айюб әулетінің билігі жойылды.

Бейрут

Бейрут (ежелгі атауы Берута, Берит) — Ливан мемлекетінің астанасы, ежелгі тарихи қала. Жерорта теңізі жағалауында орналасқан. Тұрғыны 1,5 млн-нан астам (1990). Батыс Еуропа мен Таяу Шығыс елдерін байланыстырып тұрған аса ірі портты қала. Сауда, жеңіл өнеркәсіп, туризм жақсы дамыған. Қалада халықаралық әуежай, университеттер, ұлттық кітапхана, тарихи және өнер музейлері бар. Бейруттың іргесін б.з.б. ХVIII ғасырда (кейбір деректерде б.з.б. XV ғасыр) финикиялықтар қалаған. Кейін (б.з.б. III ғ. — б.з. IV ғ.) өз ақшаларын шығарған аса ірі сауда және қолөнер орталығына айналды. 635 жылдан бастап Араб халифатының құрамына кіріп, халқы мұсылман дінін қабылдады. Осы кезеңде Бейрут мұсылман өркениетінің ірі орталығына айналды. XII — XIII ғасырлар аралығында крестшілдер мен мұсылмандар арасындағы шайқас алаңына айналып, XIV — XV ғасырларда мәмлүктер билеген Мысыр сұлтандығына бағынды. 1516 — 18 жылдары Осман сұлтандығының құрамында болды. 1918 жылы қазан айында қаланы Антанта әскерлері басып алды. Бейрут 1920 — 43 жылдары Франция мандаттығымен құрылған “Ұлы Ливан мемлекетінің” (1926 жылдан Ливан республикасы), ал 1943 жылы тәуелсіз Ливан Республикасының астанасы болып жарияланды. 1975 жылы Ливанда мұсылмандар мен христиандар арасында қарулы жанжал шығып, 1978 жылы елдің оңтүстік бөлігін Израиль басып алды. 1983 жылы құрылған Ұлттық құтқару майданы мүшелерінің іс-қимылдары нәтижесінде әрі Араб Лигасы елдерінің араласуымен ұлттық татулыққа қол жеткізіліп, 1984 жылы 5 наурыздағы келісімге сәйкес Израиль әскерлері басып алған жерлерінен кері шегінді. Осы әскери қақтығыстар кезінде Бейрут үлкен бүліншілікке ұшырады. Бейрутте ежелгі және орта ғасырлардан қалған көптеген тарихи ескерткіштер сақталған. Олардың қатарында Джами әл-Омари мешіті (XIII ғ.) және Сарай мешіті (XVI ғ.), тағы басқа тарихи ғимараттар бар.

Дастан

Дастан – әдебиет жанры. Фольклордың саласына жатады. Таяу Шығыс, Орта Азия, қазақ халықтары арасында кең тараған. Тақырыбына қарай қазақ дастандары батырлар жыры («Алпамыс»), тарихи жырлар («Бекболат»), ғашықтық жырлар («Қыз Жібек»), қиссалар («Тотының тоқсан тарауы») болып бөлінеді. Кеңес заманында еңбек ерлеріне, Отан соғысы батырларына, партия қайраткерлеріне арналған авторы белгілі дастандар шықты. Мысалы, Жамбылдың «Замана ағымы», Н.Байғаниннің «Қанды жорық», Қ.Жапсарбаевтың «Капитан Гастелло» дастандары т. б. дастанның тілі шұрайлы, онда бейнелі сөздер көп кездеседі. М.Әуезов «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904)» монографиясының «Абайдың поэмалары» тарауында дастанның негізгі оқиғасы шығыс аңыздарына құрылатындығын, оны Абайдың жаңғыртып, «анық қазақтың өз үлгісіндегі дастандар түрінде» жазғанын мысалға келтірген, «Абай шығыс әдебиетіндегі ұлы классиктер мол баяндаған күйге түгел тоқтап, бағынып қалмайды. Ол аңызды өзінше, көп жағынан өмір шындығына жақындатып, реалистік стильге бұрады».

Дүние жүзі

Дүние, дүние жүзі —

жалпы мағынасында – бүкіл әлем, ғалам;

нақты мағынасында – Жер жүзі планетасының беті;

қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында Дүние сөзі материалдық игілік, байлық, мүлік ұғымдарын да білдіреді.

Еврейлер

Үлгі:Infobox Ethnic group

Еврей (араб.: يهود‎ - яһуди дінін қабылдаған Израиль пайғамбар ұрпақтары) — бастапқы атауы және көне еврей халықтарынан тарайтын әртүрлі елдерде тұратын халықтардың жалпы этностық атауы.

Еуропа мен Америкада тұратын еврейлердің көпшілігі индоеуропалық тілдер әулетінің герман тобына жататын идиш тілінде сөйлейді. Израильде еврейлердің көп бөлігі семит әулетіне жататын иврит тілінде сөйлейді. Балкан мен Таяу шығыстағы еврейлердің бір бөлігі роман тобына жататын испаноль (ладино) тілінде сөйлейді.

Израиль

Израиль (ивр. יִשְׂרָאֵל‎, араб.: إِسْرَائِيل‎), ресми — Израиль мемлекеті (ивр. מְדִינַת יִשְׂרָאֵל‎ Мединат Исраэль, араб.: دَوْلَة إِسْرَائِيل‎ Даулят Исра’иль) — Таяу Шығыс елі, Азия мен Африканы қосып тұр. Георафиялық орналасуы бойынша – мемлекет Азияның оңтүстік-батысында орналасқан.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 1947 жылы 29 қарашадағы Палестинаны бөлу жөніндегі шешімі бойынша берілген жер көл. 14 мың км², ал 1948 – 49 жылдары араб-израиль соғыстары барысында басып алған жерлерін қосқанда 20,7 мың км².

Израилдің астанасы – Иерусалим қаласы, дегенмен қаланы толық бақылау БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдер тарапынан мойындалған жоқ.

Иерусалим көне карталарда әлемнің орталығы болып бейнеленген. Бұл қаланың жасы үш мың жылдан астам. Еврейлер үшін Иерусалим қаласы Израильдің өзі болып есептеледі; бұл Давида мен Соломон шіркеуінің атақты орны. Еуропа халқының мәңгілік астанасы. Христиандар үшін Христостың соңғы күндерін сүрген және керілу мен жанданған жері, сондай-ақ құпия сырдың орны. Мұсылмандар үшін қасиетті Әл-Қудждің атымен көкке ұшқан күні. Иерусалим үш қаланың бір қала болып көрінгені тәрізді. Қаланың бүгінгі көрсінісі: Батыс Иерусалим – еврей анклавы; Шығыс Иерусалим – онда негізінен арабтар қауымы тұрады; бұл конгломераттың ортасында Көне қала орналасқан.

Мазар

Мазар (арабша oҲ« — сыйынатын орын) — мұсылман қауымының қаза болған адам қабіріне тұрғызатын сәулет ескерткіші. Мазар тұрғызу дәстүрі Таяу Шығыс, Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның мұсылман елдеріне ертеден кең тараған. Мысалы, Ауғанстандағы Мазари-Шариф пен Герат, Ирактағы Неджеф пен Кербала, Ирандағы Мешхед пен Кум, Өзбекстандағы Бұқара мен Хиуа Мазарлары тарихилығымен әрі жергілікті дәстүрлі мәдениеттің дамуына тигізген ықпалымен ерекшеленеді. Зерттеушілер қазақ жерінде Мазар тұрғызу дәстүрін ежелгі көшпелілер дәуірінен (андронов мәдениеті, сақ дәуірі) бастап, оның ең байырғы үлгісіне Баланды-2 ескерткішін (б.з.б. 4 — 2 ғ.) жатқызады. Қазақстандағы Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Алаша хан, Бабажа қатын кесенелері ортағасырлық Мазар саналады. Мазарлар Маңғыстау түбегі және Батыс Қазақстанда көп кездеседі. Қазақ жеріндегі Мазарлардың пішіні, негізінен, шаршы немесе шеңбер үлгісінде келіп, төбесі күмбезделіп өрілетін болған. Қабырғасы шикі немесе күйдірілген кірпіштен қаланып, әрлеу жұмысына өрнекті кірпіш, терракот тақтайша және жылтыр бор тас материалдарын қолданған. Қасбеті мен пештағына, күмбезіне нақышты өрнектер мен қабырға безендіруіне фриз тәсілдерін пайдаланған. Ислам діні мен мәдениетінің өркен жаюына байланысты Мазардың қабырғалары мен маңдайшаларына аят және хадис үзінділері жазылып, қабір басына құлпытас қойылатын болды.

Месопотамия

Месопотамия Өркениеті (б.з.б. 3000 – 331) – әлемдегі ең көне өркениеттердің бірі.

Тигр мен Евфрат өзенінің аралығындағы (Қосөзен) халықтардың мемлекет құру, мәдениет және әлеуметтік қатынастар жүйесінде қол жеткізген, өзге әлемдік мәдениет және қауымдастықтармен ықпалдастық барысында пісіп жетілген рухани және материалдық құндылықтар жиынтығы. Оңтүстік Қосөзен бойын алғаш шумер мен аккад тайпалары мекендеген. Осы екі топ Қосөзеннің оңтүстік жақ аймағындағы халықтың негізін құрды және адамзаттың ең ежелгі мәдени орталықтарының бірін негіздеді. Шумерліктер мен аккадтықтардың жерлері Вавилон арқылы шектесіп, түйісіп жатқан. Мұның бәрі Қосөзеннің басқа қалаларына қарағанда Вавилонға біршама артықшылықтар беріп, ерекшелендіріп тұрды. Хаммурапи (б.з.б. 1792 – 1750) тұсында бүкіл шумер-аккад жерін біріктірген Вавилон патшалығы құрылды. Ол елде бірыңғай тәртіп пен басқару жүйесін орнату үшін заңдар жинағын жасаттырып, оны қара тас бағанаға жаздырды. Ол тасты археологтар 1902 жылы тауып, зерттеген. Елдегі тәртіп пен тыныштық заң бойынша қадағаланды, адамдардың міндеттері белгіленді. Заңның іске асып отыруын патшаның өзі тікелей бақылауына алды. Аймақ, қала әкімдерінен заңның дұрыс орындалуын талап етіп отырды.

Б.з.б. 604 – 562 жылдары билік еткен Навуходоносор патшаның кезінде Вавилон ең әсем қала ретінде бүкіл әлемге әйгілі болды. Атақты “'Аспалы бақ”, Иштар құдайдың құрметіне арналған алып қақпа, Мардук құдайдың ғибадатханасы осы кезеңдерде дүниеге келді. Ғибадатхананың мұнарасына байланысты “Вавилон аласапыраны” деген аңыз (миф) тараған. Аспалы бақ ежелгі дүниедегі әлемнің жеті кереметінің бірі. Вавилондықтар ақыл-ойының тамаша жетістігі болып саналған бұл бақ қаланың сәулеті мен даңқын асқақтата түсті. Адамзаттың ең ежелгі мәдени орталықтарының бірі де осы – Қосөзен аралығы. Көптеген елдердегі сияқты Қосөзенде алғашқы әдеби жанрдағы шығармалар діни сипатта дүниеге келді. Солардың бірі әйгілі “Гильгамеш туралы дастан”. Дастан бейнелі де көркем сөздермен жырланған. Сол себепті, ол бүгінгі таңға дейін әлем әдебиетінің тамаша туындыларының бірі ретінде оқылып келеді. Дүниедегі ең ежелгі жазу жүйесі Қосөзенде қалыптасты. Оны дүниеге келтірген шумерліктер. Олардың алғашқы жазуы сурет арқылы жазу болды. Біртіндеп суретті толық салудың орнына әр нәрсенің ерекше белгілерін салу арқылы жазу қалыптасты. Бұл жазу жүйесі сына жазуы деп аталды. Сына жазу мен аккад тілі бүкіл Таяу Шығыста халықар. қарым-қатынас құралы дәрежесіне жеткен. Археологтар сына жазу жүйесін зерттей отырып, ежелгі әдеби шығармаларды, заңдарды, жылнамаларды оқыды. Шумерліктер жазуын кейіннен бүкіл қосөзендіктер үйреніп, Урарту, Сирия, Финикия елдерінде осы шумерліктер негіздеген жазуды пайдаланды. Оларды кейіннен гректер де үйренді. Шумерлік жазу әр түрлі өзгерістерге түсе отырып, бүгінге дейін жеткен. Жазушы О.Сүлейменов “Аз и Я” атты еңбегінде шумер жазуына кеңінен тоқталған.

Вавилондық астрономдар египеттіктерді едәуір басып озып, аспан денелерін, яғни басқа планеталарды және қозғалмайтын жұлдыздарды бақылап зерттеуде үлкен табысқа ие болды; олар Күннің, Айдың айналасын және тұтылудың қайталану заңдылықтарын есептеп шығарды. Олардың барлық ғылылыми білімдері мен ізденістері бақсылық, балгерлікпен байланысты болды. Оқымысты абыздар математикамен де айналысты. 60 санын олар киелі деп есептеді. Олардың ізімен біз күні бүгінге дейін сағатты 60 минутқа, шеңберді 360 градусқа бөлеміз. Ашшурбанипал кітапханасы мен Ашшурбанипал сарайынан табылған “Өліп бара жатқан ұрғашы арыстан” – дүниежүзүлік маңызы бар өнер туындысы. Кітапхананы Ассирияның білімді патшаларының бірі – Ашшурбанипал жасатқан. Ол Вавилонның, басқа да ежелгі шығыс елдерінің кітаптарын жинатқызды. Олардың ішінде әдеби шығармалармен бірге жұлдызнамалық, медициналық кітаптар болған. Ассириялық ақындардың өлеңдері мен жырлары, патшалардың жылнамалары күні бүгінге дейін сақталған. Бай да салтанатты сарайлар патшаны дәріптеу мен ассириялықтардың әскери күшін көрсету үшін салынды.

Б.з.б. 6 – 4 ғасырларда Қосөзен аралығы Ахемен әулетіне қарады. Мемлекетті шаһиншаһтар басқарып, Месопотамия өркениеті онан әрі дамыды. Б.з.б. 330 жылы А.Македонский шапқыншылығы салдарынан Месопотамия өркениеті жетекші рөлінен айрылып, грек-македон өркениетінің ықпалына түсе бастады. Дегенмен адамзат тарихындағы алғаш жетілген әлеуметтік қоғамдар мен мемлекеттер Қосөзен бойында қалыптасып, жалпыадамзаттық өркениеттің тамаша ошағына айналды.

Османлы мемлекеті

Осман империясы (осм. دولت عالیه عثمانیه‎ — Devlet-i Âliyye-i Osmâniyye) — Еуропа, Азия және Африка құрлықтарында орналасқан ортағасырлық көпұлтты мемлекет.

Мемлекет XV-XVII ғасырларда үш құрлыққа (Еуропа, Азия, Африка) жайылып, оңтүстік-шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Солтүстік Африканың басым бөлігін билеген; батыстағы Марокконың Атлант жағалауынан шығыстағы Парсы шығанағының жағалауына дейін, солтүстіктегі Украинадан оңтүстіктегі Сомалиға дейінгі аймақты қамтып жатқан.

Бұл мемлекет алты ғасыр бойы Батыс пен Шығыстың қарым-қатынас жасасуының бел ортасында болып келді. Құдіретінің шарықтау шыңында Османлы мемлекеті 42 уәлияттардан тұрып, оған бағынышты Валахия, Молдова және Трансильвания князьдіктері оған алым-салық төлеп отырды. Бүгін Ыстамбұл (түр. İstanbul) деген атпен белгілі Константиние (осм. قسطنطينيه‎ — Konstantîniyye) қаласын өзінің елордасына айналдырған Османлы мемлекеті көп жағынан бұрынғы жерортатеңіздік өркениеттердің, атап айтқанда Рим империясының және Шығыс Рим империясының ислами мұрагері деп атауға болады. Османлылар да өздерін Ежелгі Рим мен Ислам мәдениетінің жалғастырушылары деп, яғни «мәдениеттердің бірігуі» арқылы «бүкіләлемдік мемлекеттің» билеушілері ретінде қарастырды.

Оңтүстік-Батыс Азия

Басқа мағыналар үшін Азия (айрық) деген бетті қараңыз.

Жер шарындағы ең ірі дүние бөлігі болып саналатын Азия дүниенің төрт бұрышымен шектесіп жатыр. Оның жерінің ауданы 44 млн км², халықының саны 3,5 млрд-тан асады. Азия – қазіргі әлемдік діндердің пайда болған ошағы.

Табиғаты мен шаруашылығының сипатына қарай Азия бірнеше ірі аймақтарға бөлінеді: Оңтүстік-батыс Азия, Оңтүстік Азия, Орталық және Шығыс Азия, Солтүстік Азия, оңтүстік-шығыс Азия.

Оңтүстік-Батыс Азия, Еуропа, Азия, Африка дүние бөліктерінің тоғысқан жерінде орналасқан ерекше аймақ. Оңтүстік батыс Азия елдері Кіші Азия, Арабия түбектері мен Иран таулы қыратын алып жатыр құрамына Түркия , Кипр, Иран , Ирак, Ауғанстан, Араб әмірлігі, Йемен, Оман, Катар, Бахрейн, Кувейт кіретін бұл аймақты «Таяу Шығыс» деп атайды.

Таулардың ең биігі – Гиндикуш таулары. Таулы қыраттардың ең биігі – Армян таулы қыраты. Жер қыртысындағы күшті жарыллар әсерінен жанартау атқылауларына ұшыраған. Қазіргі кезде жанартаулық әрекет бәсеңдеген, бірнеше сөнген жанартаулар бар. Ең ірісі – Үлкен Арарат (5165м). Армян таулы қыратының солтүстігінде Кавказ таулары орналасқан. Түбектің Жерорта теңізі жағалауы арқылы терең тектоникалық жарылыс өтеді. Осы жарылыс бойында Жер шарының теңіз деңгейінен ең төмен жатқан бөлігі – Өлі теңіз (–403 метр) орналасқан.

Таулар Парсы шығанағына қарай саты түрінде аласарып, қатты майысқан Месопотамия ойпатына ұласады. Бұл ойпаттың атауы «Екі өзен аралығы» деген мағнаны білдіреді, ойпат арқылы Тигр және Евфрат өзендері ағып өтеді. Оңтүстік–Батыс Азия тас көмірмен түсті металдарға бай. Жерорта теңіз жағалауында субтропиктік жерортатеңіздік. Кавказға ылғалды және құрғақ субтропиктік, ал кіші Азия түбегінің ішкі аудандарымен Иран таулы қыратына құрғақ субтропиктік климат тән. Оңтүстік Батыс Азия – қазіргі әлемдік ислам, христиан, иудаизм діндерінің бесігі.

Православ шіркеуі

Православ шіркеуі — христиан дінінің негізгі тармағының бірі. 395 ж. Римнің батыс және шығыс империясына бөлінуіне байланысты туындады. Православ шіркеуінің теологиялық негізі Византияда 9 — 11 ғ-ларда қалыптасты. Өз алдына шіркеу ретіндегі бағыты 1054 ж. христиан шіркеуінің католиктік және православтық болып бөлінуіне байланысты айқындалды. Бөлінудің басты себептерінің бірі Рим папасын бүкіл христиандардың бірінші басшысы деп тануы және батыс шіркеуінің киелі рух, әке және бала “құдайлар” жайлы ұғымдарының қайшылығынан туындады. Православ шіркеуі бірнеше автокефальдық шіркеулерден құралады. Ресейде 1448 жылдан орыс православ шіркеуі бар. Діни сенім негізі Інжілге және киелі өсиетке жүгінеді. Негізгі қағидалары Құдайға үштік бірлік тұрғысынан сену. Қазақстандағы христиандардың басым бөлігін православ сеніміндегілер құрайды. Бұл сенімдегілердің дүние жүзіндегі саны 150 млн. шамасында.

Православие немесе ортодокстық (дұрыс көру) - христиан дінінің есімдердің бірі, христиан дінінің негізгі бағыттарының бірі; шығыс-христиан шіркеуі ретінде XI ғасырда Византияда бір жолата қалыптасқан діни сенім.Православие - Шығыс Еуропа мен Орталық Еуразия (ежелгі Ұлы даланың) елдерде (Украина, РФ, Беларуссия, Казакстан) славян казактардың негізгі діні, христиан дінінің негізгі бағыты.

Шығыс Ортодоксалдық шіркеуі немесе Шығыс православ шіркеуі, ресми түрінде: Православ католик шіркеуі, сондай-ақ православ шіркеуі мен православие деп аталатын, әлемдегі екінші ірі христиан шіркеуі болып табылады. Табынушылардыӊ саны 225-300 миллионға жуық, жақтаушылардыӊ көбісі Шығыс Еуропа, Оңтүстік Еуропа, Таяу Шығыс, мен Ресейде тұрады.

Шығыс Ортодоксалдық шіркеуі христиан дінінің толықтығын қамтитын елшілердің өзінің ұлы Иса Мәсіхті киелі деп танып, католик және Апостол шіркеуі жалғасы ретінде өзін анықтайды.

Шығыс Ортодоксалдық шіркеуі әлемнің көптеген елдерінде негізгі дініне айналды. Оның табынушылары Беларусь, Болгария, Кипр, Грекия, Грузия, Молдова, Македония, Черногория, Румыния, Ресей, Сербия мен Украинада көпшілік болып табылады, елеулі азшылық топтары Босния және Герцеговина, Албания, Қазақстан, Израиль, Иордания, Ливан және Сирияда бар.

Сасани әулеті

Сасани әулеті – Таяу және Орта Шығыста 3 – 7 ғасырларда билік құрған иран әулеті. Парсы аңыздары бойынша елдің тұңғыш патшасы Сасанның есімімен аталған. Әулеттің негізін қалаушы Папактың ұлы Ардашир І 224 жылы Парфия патшалығынкүйретті де, 226/227 жылдары Ктесифонда таққа отырды. Ардашир І және Шапур І (239 – 272) тұсында Иран біріктіріліп, батысы мен шығысындағы кең байтақ аймақтар қосылды. Сасани әулетінің Римді жеңуі мемлекетті нығайтып, шаїиншаїтың орталық өкімет билігін күшейтуіне мүмкіндік берді. Заратуштрашылдық мемлекеттік дінге айналды. 5 ғасырда Арменияның, Кавказ Албаниясының, Иберияның патшалары болып Сасани әулетінің мирасқорлары қойылды. Жергілікті халықтарды қанау күшейіп, 571 – 572 жылдары Арменияда көтеріліс болып өтті. 5 ғасырдың 90-жылдарында Маздактар қозғалысы өріс алды. Сасани әулеті билеген мемлекет 558 – 568 жылдары эфталиттерді (ақ ғұндар) талқандап, Ауғанстан мен Орталық Азияның (Әмударияның оңтүстік-батысы) бірқатар жерлерін қосып алды. Йемен бағындырылып, 589 жылы шамасында елге басып кірген түріктер талқандалды. Бірақ 7 ғасырдың басында Сасани әулеті әлсіреп кетті де, Йездигерд ІІІ (632 – 651/652) тұсында мемлекетті арабтар жаулап алды.

Түріктер

Түріктер — б.з V-XIII ғасырлар аралығында өмір сүрген.

Олардың алғашқы мекені Алтай аймағы болған. Көне түркілердің Еуразия тарихынан алар орнын академик А.П.Окладников былай деп түйіндейді: “Сібірдегі көне түркілер Шығыстан гөрі Батыспен тығыз байланыста болды. Оның мәдениеті бұрын ойлағаннан да әлдеқайда бай әрі жарқын еді. Ертедегі Шығыс пен Батыстың мәдениеттері Байкалдың жағасы, Ангара мен Ленада сол кездегі өзіндік төл мәдениеттің орталығы бірде қосылып, бірде ажырасып тұрды. Оны білмей тұрып Еуразияның тарихын толық түсіну мүмкін емес. Археологиялық қазбалардан көргеніміздей Байкал өңіріндегі түркі қорғандарындағы қазба байлықтардың жолы Дон мен Дунайға дейін жетіп жатты”.

Түркілер жаулап алған жерлерінде қоғамдық қатынастарды өзгертіп, жаңа прогрессивтік формация қалыптастыруға септігін тигізді. Сонымен қатар шет жерліктерді мойындай бермейтін еуропалықтардың Цезарь мен Македонскийді емес, ғұн патшасы Аттиланы “Құдайдың қамшысы” деп атауы, оларға ренжіген Тәңір жіберген түркілердің қосыны деп қарау керек. Белгілі жазушы Е.Зарубин де өзінің Атиллаға арнаған романында осындай қорытындыға келеді. Түркілердің тағы бір ерекшелігі – олар ағылшындар мен голландтықтар және испан конкистадорлары сияқты өздері жаулап алған жердегі халықтарды жаппай қырып-жойып, геноцид жасаған жоқ. Себебі, түркілер алдымен үлкенді сыйлап, аруаққа тағзым еткен және зұлымдық дегенді білмейтін табиғат діні Тәңірге табынса, соңынан адамды ұлты мен нәсіліне бөлмей, барлығын ағайын деп қарайтын мұсылман дінін ұстанды.

Ертедегі гректердің жазбаларында турлар немесе тұрандар мен массагеттер бір ұғымды білдірген. Сол кездегі парсы жазбаларында оларды сақтар (ауданы “ит” немесе “бөрі”, “көк бөрі”) деген. Ол иран, грек-латын және қытай жазбаларында да дәлелденген. Ертедегі аңыздарға жүгінсек, түркілер өздерін бөріден тарағанбыз дейді. Түркілердің Алтай өңірінен шыққаны туралы жырланған “Көк бөрі“ дастанындағы көне аңыздың қысқаша мазмұны мынандай: Көне заманда “Со” елінің көсемі Қапан-пу аса қайырымды әрі асқан батыр болыпты. Оның өзіне жақын он алты бауырының біреуінің анасы бөрі екен. Анасы бөрі бала ер жетіп үйленеді. Оның екі әйелі болады. Сол екі әйелдің біреуі – қыс Тәңірісінің қызы, ал екіншісі жаз Тәңірісінің қызы екен. Екі әйелдің әрқайсысы екі-екіден ұл табады. Тұңғыш ұл аса күшті, қайсар, болып өседі. Оған бұл елде ешкім тең келмейді. Сол үшін оған халық “Түркі”, яғни күшті, мықты, ержүрек деп ат қойыпты. Бүкіл түркі халқы сол “Түркінің” ұрпағы екен. “Көк бөрі” дастанындағы бұлардан басқа да аңыз-хикаялардың негізгі айтары – ежелгі түркілердің ата-тегі бөрі дегенге келіп саяды. Әр кездегі түркі мемлекеттерінің туларында көк бөрі бейнеленген. “Көк Тәңірі”, “Көк аспан”, “Көк бөрі” - осының бәрі түркілер үшін қасиетті ұғымдар. Сондықтан олар бөріні өздерінің пірі санайды. Ол туралы Сүйінбай Аронұлының: Бөрі басы – ұраным, Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым, – деген жыр жолдарынан түркі халықтары үшін қасиетті “бөрінің” генетикалық ес деңгейіндегі ұғым екенін көреміз. Көптеген тарихи деректерде сақтарды иран тілділер, яғни парсылар деп жүр. Бұл мәселенің жауабын көне түркінің “Татсыз түрік болмас, бассыз бөрік болмас” деген мақалы береді. Мұның мағынасы – бассыз бөрік болмайтыны сияқты, парсыларсыз түркі де болмайды. Мыңдаған жылдар көрші тұрып, қоян-қолтық араласқан екі халықты ажырату өте қиын. Сондықтан да болар, Геродоттан бастап көптеген тарихшылар сақ атаулының барлығын скифтерге жатқызған.

Түркілер өздерін Алтайдан шықтық дейді. Ол туралы көптеген аңыздар да бар. Түркілер туралы орта ғасырдағы көрнекті ғалым Махмұд Қашқаридың “Түркі тілдерінің лұғатында” былай деген: “Ұлы Тәңір (Тенгри) айтады: Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түркі деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түркілерімді қарсы аттандырамын!” Сондықтан түркілерге Тәңірдің өзі арнайы ат қойған. Жер жүзінің ең биік, ауасы таза бөлігіне қоныстандырып, “Өз қосыным” деп атаған. Оған қоса, “түркілер көрікті, өңі сүйкімді, жүзі мейірімді, әдепті, үлкендерін құрметтей білетін кішіпейіл, уәдеге берік, мәрт және сол сияқты көптеген жақсы қасиеттерге ие болған ашық-жарқын жандар” деген. Түркілердің тарихына зер салар болсақ, оның бізге белгілі соңғы үш мыңжылдығының әр кезінде Қытайды, Үндістанды, Таяу Шығыста Египетке дейін және Еуропаны басып алған елдерде жүргізген саясаты жаңа айтып кеткен Махмуд Қашқари анықтамасының дәлелі.

Қазіргі деректерге сүйенсек, атқа салт мінудің кеңінен тарауы б.д.д. III мыңж. екінші жартысы мен II мыңж. басы болды. Бұл кезеңде үндіирандықтар угро-финдердің тарихи отаны Орал тауының оңтүстік даласында болғаны белгілі. Оған Аркаим, Синташта т.б. қорымдардағы археологиялық деректер дәлел. Б.д.д. II-I мыңжылдықтар арасында Ұлы далада қуаңшылық басталғанда, олардың көшпенді өмір сүруге бейімделген шығыстағы бөлігі – арийлер мал бағумен айналысты. Олардың б.д.д. II мыңжылдықтың аяғы мен I мыңжылдықта Кіндік Азия, Иран және Үндістанға баруын осы көшпенді малшылардың көшіп-қонуымен түсіндіре аламыз. Ол жазба деректерде сақталмағанымен, археологиялық қазбалардан жақсы көрінеді. Ондай көшіп-қонудың себептері әртүрлі: халықтың өсуі, тұрақты көшу арқылы алмастырылып тұрмағандықтан жайылымның тарылуы немесе құнарлы жерлер алуға ұмтылу. Б.д.д. III-II мыңжылдықтарда көшпенді малшаруашылығында: мал түрінің тиісті құрамы, малшаруашылығының экстенсивті формасы мен ұзақ қашықтыққа жүру тәжірибесі, сүтшаруашылығы, арбаны көлік ретінде пайдалану және атқа салт мініп жүру Шығыс Еуропа мен Ұлы далада қалыптасты. Оны Страбонның “Аравияда жылқы жоқ, олар жылқы орнына түйеге мінеді” дегенінен де көреміз (Strabo, XVI, 4, 2; XVI, 4, 26).

“Түркі елі” немесе “Түркістан” ұғымы - б.д.д. II ғасырда ғұндардың шаньюйі (қыт. “Аспанның Ұлы Перзенті”) Мөде хан түркінің 24 тайпасын біріктіріп, мемлекет құрған кезде пайда болды. Сол тайпалардың көпшілігінің ізі бүгінгі қазақ ұлтын құрайтын руларда кездеседі. Демек, бүгінгі қазақ көне түркілердің тікелей ұрпағы. Мөде қаған қытай патшасы сұратқан жақсы жылқылары мен сұлу қыздарын берсе де, жерге келгенде (мейлі ол құнарсыз шөлді аймақ болса да): “Жердің жақсы-жаманы болмайды. Жер мемлекеттің негізі. Ол ешкімге берілмейді ...” деп, Қытайға соғыс жариялайды, сүйтіп оның көп жерін жаулап алады 57. Ғұндардың батыс бөлігі б.д. I-IV ғасырларында Жетісу, Арал теңізі арқылы өтіп, алдымен Жайық-Еділ өзендері аралығын мекендеп, одан кейін Қара теңіз бойын басып алып, Днепр мен Дунайға дейін жетіп, осы көштің жолында кездескен аландардың бір бөлігі мен остроготтарды бағындырып, угр, визигот, герман тайпаларының батысқа жаппай көшуіне себепші болды. Еуразияның картасын түбегейлі өзгерткен осы “Халықтардың ұлы көші” кезінде Кавказдың солтүстігінде Терек пен Кубандағы аландардың көпшілігі ғұндарға бағынды. Қазіргі осетиндер аландардың ұрпақтары. Аландардың екінші бөлігі Батысқа көшіп, сол жақтағы батыс герман тайпаларына қосылды. Олардың бір бөлігі Луардың төменгі жағындағы Галға орналасса, қалғандары суявтармен немесе визиготтармен араласып, Испаниядағы Каталонияның (”Гот-Алан“) атауы болған жаңа этникалық элемент құрды. Еуропадағы Бургунд ұлысының алғашқы топонимі алдымен түркілер тұрған Байкал қыраттарында кездеседі. Содан кейін олар Каспий теңізі маңында тұрған.

Шығыстанушы

Шығыстанушы немесе ориенталист - Таяу Шығыс пен Азия елдерінің мәдениетін, тілін, саяси және қоғамдық қарым-қатынасын, мемлекеттік құрылымын зерттеуші ғалым. Шығыстанушылар мамандығын бітірген мамандар негізінен елшілік қызметте істейді. Сонымен қатар әр елге арналған ғылыми зерттеу институттарында қызмет етеді.

ЮНЕСКО

ЮНЕСКО (United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization — UNESCO) — Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі Ұйымы.

Ұйым 1945 жылы 16 қарашада құрылды, штаб-пәтері Францияның Париж қаласында орналасқан. Ұйым құрамына әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 67 бюро мен бөлімшелер кіреді. ЮНЕСКО қаулысы Лондон конференциясында 1945 жыл қарашасында қабылданып 1946 жыл 4-ші қарашасында, қабылдауы туралы қол қойған 20 мемлекет актілерін сақтауға өткізгеннен кейін күшіне енеді. Бүгінгі күні Ұйымға 193 мемлекет мүше. 1972 жылы ЮНЕСКО 1975 жылы күшіне енген Әлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау конвенциясын қабылдайды, дәл қазір 184 елде бекітілген (КСРО — 1988 жылы). 1999 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның бас директоры — Коитиро Мацура. 2005 жылы ол 4-жылдық мерзімге қайта сайланды.

XX ғ. ЮНЕСКО-ның аса мәнді жобалары мыналар: II дүниежүзілік соғыс жылдарында әскери әрекеттерден зардап шеккен кітапхана және мұражай қорларын қалпына келтіру; Азияда, Африкада, Латын Америкасында бастауыш білім беру жүйелерін дамыту; құнды еңбектерді аудару, тікелей байланыстар орнату арқылы Батыс пен Шығыстың арасында мәдени алмасуды дамыту; дамушы елдердегі сауатсыздықты жойып, "негізгі білім беру" жүйесін қалыптастыру (оқу орталықтары Камбоджада, Үндістанда, Таиландта, Оңтүстік Кореяда, Либерияда, Түркияда, сондай-ақ бірқатар, Латын американдық елдерде, Таяу Шығыс елдерінде); өркениет ескерткіштерін сақтау. 1959 ж. ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен Мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтіру бойынша Халықаралық комитет жұмыс істей бастады.

Қарматтар

Қарматтар (араб.: القرامطة‎ — «әл-қарāмита») — шығу тегі исмаилизммен бір, «асыра сілтеуші» шииттердің өкілдері. IX ғасырда бұл сектаның мүшелері Аббасилер халифатын дүр сілкіндірген көтерілісті бастады.

Құранда аталған пұттар

Құранда аталған пұттар — ән-Нәжм сүресінің 19-23 аяттарында, Нұх сүресінің 22-23 аяттары мен әс-Саффат сүресінің 123-126 аяттарында аталған пұттар мен құдайшықтар. Құран Кәрімде барлығы 9 ежелгі арабтардың құдайы аталған.

Ұйғырлар

Ұйғырлар — Орталық Азиядағы көне түркі халықтарының бірі. Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының жергілікті халқы. Сондай-ақ Қазақстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда және Таяу Шығыс елдерінде тұрады. Жалпы саны 8,5 млн адам (2001).

Тілі - түркі тілінің оңт. -шығыс тобына жатады. XV ғ-да Жетісуға қоныс аударған Ұйғырларды тараншы (дихан)деп атаған. Абай «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбегінде ертеректе Енисей жағалауларынан Алатауға келген көшпелі халықтар (қырғыздардың ағайындары) тағдыры туралы: «Арғы жер бұрыннан ұйғыр нәсілді халықтың орнығып, иеленген жері болып, онан әрі бара алмапты. Ол ұйғыр халқының ханы өзіне қараған халыққа есептеп жүріпті» деген құнды мағлұматтар береді. Одан әрі қырғыздардың арғы тегін талдай отырып: «Қырғызға қырғыз деп ұйғыр хандарының бірі ат қойса керек. Шабуыл кезінде олардың атты әскері алдымен ұрысқа кірісетін болғандықтан ұйғыр хандары «Пруттарды» қырғыз атандырыпты» деген дерек келтіреді. Абайдың бұл мағлұматынан қырғыздардың бір кездерде Ұйғыр хандығының қарамағында болғанын білеміз.

Басқа тілдерде

This page is based on a Wikipedia article written by authors (here).
Text is available under the CC BY-SA 3.0 license; additional terms may apply.
Images, videos and audio are available under their respective licenses.