Танах

Танах (ивр. תנַ"ךְ‎) — еврейлер інжілініӊ қағидасы, иудаизмніӊ киелі мәтіндердіӊ үш жиынтығы. Танах мәтінініӊ дәстүрлі нұсқасы Масора атауымен белгілі. Орта ғасырларда пайда болып, бастапқы кезде бір кітап болып шыққан.

Танах деген сөз Масораныӊ үш дәстүрлі бөлімініӊ атауларыныӊ бас әріптерінен құралған:

  • Тора, ивр. תּוֹרָה‎ [tōrā] — "Ілім", немесе Мұсаныӊ бес кітабы
  • Невиим, ивр. נְבִיאִים‎ [nəḇīʾīm] — "Пайғамбарлар"
  • Ктувим, ивр. כְּתוּבִים‎ [kəṯūḇīm] — "Жазбалар"
Entire Tanakh scroll set
Танахты құрайтын орама қағаздардыӊ жинағы.

Танахтыӊ мазмұны

Танахта дүниеніӊ және адамзаттыӊ жаратылуы туралы, құдайдыӊ өсиеттері туралы және еврейлер халқыныӊ тарихы жазылған. Еврейлердіӊ сенімі бойынша, бұл кітаптарды руах акодеш — киелі пері берген.[1]

Жүйеленуі

Ғалымдар арасында Еврейлер Библиясының ортақ канонының қабылданған жылы туралы бірнеше пікір бар. Бірақ ғалымдардың басым бөлігі Хашмониам әулеті тұсында жүйеленген деген ой білдіреді.[2] Танах және иудаизмніӊ діни–философиялық негіздері христиандықтыӊ және исламныӊ пайда болып қалыптасуына үлкен әсер еткен.

Дереккөздер

  1. 404 — Главная  (орыс.). Istok.ru (Исток.ru) - Ваш спутник в еврейском образовании. Басты дереккөзінен мұрағатталған 27 қазан 2007.(қолжетпейтін сілтеме) Тексерілді, 13 шілде 2011.
  2. Philip R. Davies in The Canon Debate, page 50: "With many other scholars, I conclude that the fixing of a canonical list was almost certainly the achievement of the Hasmonean dynasty."
Бес кітап

Бес кітап, Тора, Таурат — Інжілдің бір бөлігі болып табылатын Көне Өсиеттің алғашқы бес кітабының аты. Бес кітапты еврейлер Тора (яғни, “нұсқау”, “ғаламға жетекші”), мұсылмандар Таурат деп атайды. Оған “Жаратылыстың басталуы”, “Шығу”, “Левит”, “Сандар”, “Екінші заңдастыру” кітаптары (бөлімдері) жатады. Бес кітапты Мұса кітабы деп те атайды, ол осыдан 3300 жылдан астам бұрын, Синай тауында Мұса пайғамбарға уахи келгенде түсірілген кітап болып есептеледі. Зерттеуші ғалымдардың (Ж. Астрюк) болжауынша, Бес кітап б.з.б. 444 ж. шамасында біржола құрастырылып болған. Еврейлердің дәстүрінде Тора деп кең мағынада Бес кітаптың өзін (Танах) және оған түсініктемелерді (Мишна, Талмуд) атайды. Бес кітап жаратылыс туралы, Адам Ата мен Хауа Ана, топан су, көне еврейлердің патриархтары (Ибрагим, Жақып, Ысқақ, Жүсіп, т.б.) жайында әңгімелейді. Сол сияқты онда еврейлердің тарихына қатысты көптеген оқиғалармен қоса (көбінесе, Мұса төңірегінде) яхуди дініне қатысты заңдар мен рәсімдер жазылған. Бес кітаптың негізгі идеясы — жалғыз ғана Құдайға (Яхве, Иегова) сыйынып, дін жолымен жүріп-тұру, еврейлерді Құдай таңдаған халық ретінде уағыздау. Таурат ислам мойындайтын төрт қасиетті кітаптың біреуі ретінде шариғат заңдарының, мұсылмандық дүниетанымның қалыптасуына едәуір ықпал еткен.

Дін

Дін дегеніміз сенушілерінің әрекеті мен нанымын, моралы мен дүниетанымын белгілейтін, қадірлейтін және тауап ететін қасиетті орыны бар, киелі кітабы, қастерлі кісілері (пайғамбары) бар, түрлі культтардан тұратын, табиғаттан тысқары немесе трансценденталді құдіретке, рухани белгі-түсініктерге сиынатын дүниетаным формасы, о дүние секілді басқа тылсым өмірді бар деп есептейтін мистикалық түсінік жүйесі.

Түрлі діндердің түрлі белгілері бар, әлемдегі діндерді бір түсінікпен түсіну мүмкін емес, дегенмен олардың ең басты ортақтығы: киелі, қасиетті заты, не орыны болуы, діни наным жүйесі, сиыну ережелері мен культы болуы, табиғиаттан тыс құдіретке, немесе обсолютті, трансцендентті күшке өмірін арнауы, өмірден тысқары өмір туралы фантазиясының болуы.

Дін ритуалдардан, мерекелерден, еске алу мен сыйынулардан, немесе шоқынулардан, тежем-тиымдардан, транстардан, ән-күй-би немесе әлеуметтік топтық жиналыстардан, басқа да мәдение шаралардан тұрады. Оның қасиеттендірілген тарихы, және сол туралы ертегі-аңыздары болады, сол арқылы ол адамдарға өмірдің сондай түрдегі шындығы ең дұрыс дегенге сендіргісі келеді. Дәстүр, наным, табыну және құлшылық діни сенімнің негізі.

Әлемде 10 000 түрден астам дін бары белгілі. Бірақ жер шары тұрғындарының 84 пайызы ең үлкен делінген 5 дінге сенеді: Христиан, Ислам, Үнді діні, Бұдизм, және Еврей діні.

Діннің әсеріне ұшырамаған және ешқандай дінге тән емес адамдардың сенімі бәлкім атеизм - яғни Құдайға сенбейтін, сондықтан дінге сенбейді; немесе бәлкім агностицизм - Құдайды бар деп есептейтін, бірақ тегі қалай екені туралы пікірлерге күдікпен қарайтын, сыни ойлайтын, ал мәлім діндерге негізінен сенбейді. Дінге сенбейтін немесе қатыссыз адамдардың саны қазіргі әлемде жаппай өсуде. Әсіресе дамыған елдерде агностикатер мен атеистердің саны артып барады. Ал даму үстіндегі және дамымаған елдерде дінге сенушілер негізінен тұрақты сандық шамада сақталуда.

Теология, ғылыми дінтану, салыстырмалы дінтану, әлеуметтану, философия секілді пәндер дінді теориялық және практикалық мағынада зерттейді.

Дін философиясы

Ғылым мен техниканың дамуына, адамзаттың шығармашылық мүмкіндіктерінің ашылуына толыққанды жағдай жасаған XX ғасыр да тарих қойнауына енді. Өте ерте заманда-ақ пайда болған дін әлі күнге өз позициясын адамзат санасының басқа түрлерінің алдында бермей келеді. XXІ ғасырда түрлі конфессиялар мен діни ұйымдар ойдағыдай әрекеттесуші институттар ретінде өркениеттің бір саласы болып өмір сүре бермек. Діннің тұрақты сақталып келе жатқаны факт болып табылады.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін рухани ояну процесі басталды. Бұл – кең көлемдегі тоқтаусыз процесс. Болашаққа қол созған жарқын істеріміздің, ұдайы алға жетелейтін үмітіміздің маңызды бір бөлігі – діни өрлеу.

Діннің әлемдік деңгейдегі адамзатқа тән ойлау жүйесінен шет қалмайтындығын қазіргі заман болмысы айқын аңғартып отыр, себебі дінсіз қоғам болмайды. Қоғамда діни сана үнемі болып келді. Дін мен қоғам бір-бірінен ажырамайтын феномендер. Өркениетті деп саналатын батыс елдерінде де, бізде де дін мемлекеттен бөлінген, бірақ, ол қоғамнан ажыратылмайды. Дін қоғамдық құбылыс, ал қоғам мемлекеттің субстанциясы. Әлемнің діни жетекшілері 2006 жылы жиылып, діндерге ортақ, адамзатқа ортақ, жалпы өркениетті қоғамға ортақ қандай мәселелр бар және де діндердегі қандай мәселелер өркениеттік жолмен қоғамдарды, елдерді, мемлекеттерді бір-біріне жақындастырады деген өзекті тақырыптар төңірегінде сөз қозғады. Адамзат баласына ортақ дүниелер көп. Біздің ойлау жүйемізде, діни жүйеде не ортақ екен? Ол ортақтық өркениетке, адамзаттың болашағына қалай қызмет етеді екен? Осы мәселелер ізгілік жолындағы адамзат баласын толғандырып отыр. Өйткені, осы кезге дейін біз бүкіл дүние жүзінің халықтарын дін-дінге бөліп, бөлектеп-бөлшектеп келдік. Тіпті өткен тарихтарға көз жүгіртсек, дін үшін қырғын соғыстардан миллиондаған адамдар опат болды, қасірет кешті. Осындай қасіретті азайтуда, не мүлдем жоюда діндер бір ортақ келісімге келе ала ма? Ортақ келісімге келудің уақыты туды. Бүгінгі таңда әркім өзінің діни сеніміне берік бола отырып, ортақ адамзаттық келісімге келу өркениеттік сананы қажет етпек. Өркениеттік сана дегеніміз әрбір адамның өз болмысымен, дінімен, елдік санасымен бірге адамзатқа ортақ мәселелер туралы келелі сөздер айта білуі. Халықтар, елдер арасында, діндер арасында ұрыс-керіс, жанжал емес, бүгінгі бұрқ-сарқ етіп қайнап тұрған XXI ғасырда мәдени сұхбат қажет.

Исламды саясаттандыру төңірегіндегі әрекеттер исламның қазіргі қоғамдағы орнын даулы проблемаға айландыруға себепші болып отыр. Негізінде дін мен саясат екі бөлек феномендер. Дін адамның ұятында, арында, яғни оның иманында. Саясат болса, ол адамдардың қауымдасып, ұлт, халық болып, мемлекет құрып өмір сүрудегі тәсілі. Дін саясатқа жанасып кетсе-ақ, өз қадірін жоғалта бастайды. Сондықтан асылы Дін мен Саясат бөлек-бөлек болғаны абзал.

Діндердің барлығы «әділдік пен махаббат» жолына үндейтінідігі ақиқат. Бірақ, сол әділдік пен махаббатқа білімсіз жету мүмкін емес. Діни білім туралы мұсылман дінтанушысы Абу Хамид Мұхаммед ибн Мұхаммед Әл-Ғазали (1059-1111) былай деген: «Пайдалы біліммен шұғылдану бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пайдалы білім – дүниенің жамандығын, ақыреттегі жағдайдың қауіптілігі мен қорқыныштылығын түсіндіретін білім. Дүниеге беріліп, ақыреттен бет бұрған адамдардың надандығы мен ақымақтығын, олардың бойындағы өркөкіректік, күншілдік, екіжүзділік, өзін-өзі сүюшілік, атаққұмарлық пен мансапқұмарлық, дүниеге құштарлық сияқты жүрек дерттерінің дауасы не екендігін білдіретін білім – пайдалы білім».

Рухани бірлік пен келісім аясында өмір сүру мақсатына жету үшін өркениеттілігіміз бен азаматтық қоғам ретіндегі мәдени дамуымыздың жоғарғы деңгейі болып табылатын толеранттылық (өзгеге төзімділік, қамқоршылық, жұмсақтылық, кішіпейілділік, мейрімділік таныту) қасиетімізді сақтай білуіміз керек. Қоғамның толеранттылығы өздігінен пайда болатын нәрсе емес. Ол – тәрбие арқылы қалыптасатын қоғамдық мінез. Ал мінездің негізі дінде. Дін білім арқылы келеді.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 5-ші бабына сәйкес елде дін ұстану бостандығы қалыптасты. Бүгінгі Қазақстан халқы - көп дінді халық. Азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы Заңы» қабылданды. Демократиялық қоғам құрудың талабына сай осындай іс-шаралар жасалды.

Дін – қоғамдық құбылыстардың ішіндегі ең күрделісі, қаншама ғасырлар бойы адамзат баласы діннің мән-мағынасын ашып көрсетуге талпынып, қаншама ұлағатты істер атқарды. Дін мағынасына анықтамалық теория беру де оңай емес. «Религия» -(дін) терминіне келетін болсақ, латын тілінен аударғанда «байланыс» дегенді білдіреді. Адам Абсолютпен (ең кемел бағдарлаушымен) байланысын сезінеді, бұл адамның табиғатымен бітіскен қасиеті. Барлық діндерге ортақ мүдде – адамдардың бейбіт өмір сүруі. Егер адамдардың құдайға деген сенімдері, дінге деген сенімдері қалыптасса, бейбіт тіршілік ету мәселесі де шешіледі. Дін адамның ішкі жан дүниесінде мейрімділік, шыншылдық, махаббат деген сенім мен үмітті қалыптастырады.

Дінде дүниеге көзқарастық тұстар басым. Дін адамның табиғатпен және қоғаммен байланысын әдіс тауып, шебер айқындап бере алады, осы байланыстардың күрделі бейнесін түзе алды. Бұл суреттемеде адам мен әлем қатынастары мәселесінің мәңгі сұрақтары шешу тапты. Діннің қоғамнан алатын күрделі орынын түсіну үшін оны шындық дүниенің бір бөлігі ретінде қарап, жердегі негіздерін жалпы методологиялық принципке сүйене отырып айқындау керек. Дін – бұл дүниені рухани игеру процесіндегі тарихи қалыптасқан компонент, қоғамның әлеуметтік ой-санасының, жәдігерінің бір бөлігі.

Қазіргі кезеңде адамзатты әлемдік қауымның болашағы қалай қалыптаспақ деген сұрақтар ойландырады. Өткен ғасырда алып мемлекеттер “дүниенің жаңа тәртібін” түзуде бірқатар табыстарға жетті десек те, жер бетінде зұлымдық, адамгершілікке жат құбылыстар азайған жоқ. Адам мәніне дұрыс көзқарас, дегенімен, толық қалыптасқан жоқ. Профессор А.Дж.Тойнби айтқандай: “коммунизм де, капитализм де – бұл екеуі де христиан дінінің некесіз тапқан балалары болып табдылады”. Бұл сөздің астарында болашақ жаңа әлемдік қауымдастық туралы ой қозғамақ әрекеті жатыр. Иудей – христиандық ойлаудың үш мың жылдық тарихы, шығыс діндерінің өткен тарихы біздің санамызда қасиетті бір ғажап тілекті оятады, ол тілек – жаңа адам , жаңа қоғам құру.

Азиялық діндер: конфуцийшілдік, синтоизм, зороастризм және басқалар ақиқатты іздеушілерден рухтың соңынан еру және онымен шектелмеуді талап етсе, ислам ақиқатты Құраннан іздеуді ұсынады. Ислам интеллектуалды пайымдауды жетілдіруді жалғастырып, адамның өзін-өзі мейлінше жетілдірумен айналысуын ұсынады. Иудей – христиан дәстүрі адамға өмірдің мәнін іздеп, ақиқатты, Құдайды іздеп, кәдімгі күресудің орнына: “Құдай өзі адамды табады” деген ақиқатты ұран етіп тастады.

Әлемдік өркениеттегі “Қасиетті жазулар” діндеріне үңілсек , екі парадигманы байқаймыз: “Мұса парадигмасы” (Батыс) және “Вьяса парадигмасы” (Шығыс). Мұса – Құранның да, Библияның да, Танах (Моше) кітабының кейіпкері. Вьяса – Махаббхарата текстін құдайларға жеткізген данышпан. О.Шпенглердің топтастыруы бойынша , “Мұса парадигмасы” Византия, араб, батыс Еуропа және жартылай грек-рим, вавилон мәдениеттерінің негізін қалаған. “Вьяса парадигмасы” буддалық-брахмандық дәстүрлер негізін қалаған. Буддизм әдебиеті “Трипитаканың” көмегімен монғол, жапон, корей және де басқа Азия аймақтарына әсерін тигізді.

“Мұса” антропологиясының маңызды нышандары жүрек, құрсақ, тыныс алу, оларға сәйкес келетін күйлер – күйзелу, үрей, үміт.

Дін – бұл “жүрек” туралы ілім. Үнді елінде мұндай қатынас “бахти” (құдайшылдық) деп аталады. Исламда – “абд” (көнгіштік), батыста – “агейп” (құдайға деген махаббат) деп аталады. Мұндай құдайшылдық ғылыми компетенцияның шекарасын ары жылжытады. Дінді ғылыми зерттеу (теология, эгзегетика түрінде), қасиетті тексттерді түсіндіру (философиялық, дінтану, этнография тұрғысынан) – бұл кәдімгі ақылға сыйымды, мүддеге сай қарапайым объектілерден асып түсетін құбылыстарды рационалды түсінуге ұмтылу. Егер ғалым өз зерттеулерін құдайға сыйынып болған соң бастаса, онда оның ғылым және құдаймен сұхбаттасу арасындағы шекараны аттап өте бастағаны. Дінге рухани өмірдің жанды құбылысы ретінде қарау қажет.

Әл-Фарабидің “Қарапайым қала тұрғындары көзқарастары” атты еңбегінде жүрек туралы мынадай ойлар айтылады: “Адамның негізгі қабілеттері: қоректену, сезімдік, елестету, ойлау, ұмтылу – бәрі де жүректе орналасқан. Сондықтан жүрек ең басты орган және ол басқаға тәуелсіз… жүрек туа біткен жылулықтың қайнар көзі”. Жүрек жылуы басқа қабілеттердің жүзеге асуына мүмкіндік туғызады.

Жүректің қызметімен үрей және үміт байланысты. Аяушылық – бұл басқа үшін үрейлену. Аяушылық көз жасын тудырады. Сондықтан Библияда Христос жылаған бейнеде көрсетіледі, ол ешқашан күліп бейнеленбейді. Үрейдің екінші жағы үміт.

Үміт – “жанған жүректің” кернеулі, кризисті күйі. Әл-Фараби де “жүрек жылуының ” осындай күйін “отты” деп атаған. “Мұса парадигмасында” жүректің бұлай жануы жоққа және бір нәрсеге көз жеткізе алмаудан туатын мүдде, арманды білдіреді. Мұсаның өзі де, одан кейін апостол Павел де мұны “үміттердің жоғарғы үміті” деп қисындап мазмұндады. “Мұса парадигмасындағы” құдайдың өзі Яхве, Христос және Алла деген атты иемденіп, сенушілер үшін үміт құдайы болып табылады. Мұндай үміт “Мұса парадигмасында” абсолютті құндылыққа ұмтылудың басты модусы болып табылады.

Абсолюттің қалыптасуы процесіндегі діннің маңызын Гегель талай рет қарастырған болатын. Оның мындай пікірі болған: “Қабылдап алынған (снятое) өнер дінмен барабар, қабылдап алынған (снятая) дін абсолютті біліммен барабар”.

Діннің мәдениеттегі орнын аша түсу үшін Гегельдің “тарих - бұл еркіндікті ұғыну прогресі” деп қарастырған пікірін талдаудың көмегі бар. Шығыс тек бір ғана еркін адамды білген, ол - патша, басқаның бәрі құлдар. Антикалық Грецияда және Римде қоғамның біршама бөлігі еркін деп есептеліне бастаған. Христиан діні (жаңа дүниеге өту) жаңа принцип орнатты: әлеуметтік жікке қарамай барлық адамдардың еркіндігі мен теңдігі принципі. Бұл принцип алдымен тек дінде ғана қабылданса, кейіннен бүкіл қоғамдық салаларға жайылып кетті.

Гегель үшін діннің қоғамдық сана формасы ретінде де , таным процесінің сатысы ретінде де маңызы бар. Оның айтуынша: “Дін – бұл адамзаттың ойлап шығарғаны емес, дін – бұл құдіретті рухтың жемісі”. Бұл пікір болмыс пен шектік, шүбәсіз кемелдік арасында жақындық бар екеніне ой салады. Псевдо-Дионисий Ареопагит (V ғ.), А.Августин (V ғ.), Ф.Аквинский (ХІІІ ғ.) де осылай ойлаған. Ф. Аквинский былай деген: “Сущее и благое суть понятия взаимозаменимые”. Дін біздің бір бөлшегіміз болып қала бермек, себебі оның қайнар көзі – тарих (ғылымның айтуынша), сондай-ақ діннің қайнар көзі – мәңгілік (теологияның айтуынша).

“Сындарлы он жыл” кітабында Н.Ә.Назарбаев діни экстремизмнің ықтимал қауіп-қатеріне, оның алдын алу шараларына, көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымызда бұл мәселеге сергек қарау керектігіне айрықша мән берілген. Қазақстанда үш мыңға жуық діни ұйымдар мен қозғалыстардың басын біріктіретін 40-қа тарта конфессияның барын ескерсек, конфессиялық тұрақсыздықтың да болуы мүмкін екендігін ұмытпауымыздың қажеттігіне назар аударады.

Н.Ә.Назарбаев өзінің кітабында Қазақстанда ислам діні ханафиттік құқықтық мектеп пен сопылық ағым негізінде орныққанына, мұның өзі ислам догмаларының қазақ даласын тез жерсінуіне себепші болғанына айрықша мән береді. Бұл түсінікті де. Қай кезде де дәстүрлі мәдениет пен діни наным-сенімнің арасындағы қайшылық, ең алдымен халық өмірінің қасіретіне ұласып отырған. Шүкір деуге болады, бір жағынан, қандай да болсын қоғамдық қатынастар ахуалына ислам догмаларының бейімделгіштігі, екінші жағынан, салт-санасы көшпелі өмір жағдайында қалыптасқан қазақтардың діни наным-сенімге деген кеңшілігі Қазақстанда ислам дінінің қоғамды реттегіш тамаша қасиеттеріне жол ашқан. Осы мәселеге айрықша мән берген Нұрсұлтан Әбішұлы: “Ислам дінін қабылдаған қазақтар Құран ережелерінің негізінде де, исламға дейінгі дәстүрлі ырым-жораға да табиғи түрде және бір мезгілде мінәжат ете алатын болған. Осылайша, қазақтар өздері үшін жаңа араб дінін қабылдағанымен, өз бабалары – түркінің көшпелі тайпаларының рухани мұрасынан да көз жазған жоқ”, - деп қазақ қоғамындағы ақиқат-шындықты айта келіп: “Исламның жан-жақты жорылуы ұдайы болып отыратын үрдіс, мұның Құран рұхы мен әріпіне де, Шариғатқа да қайшы келетін немесе қайшы келуі мүмкін ештеңесі жоқ. Бұл тұрғыдан келгенде, менің пайымдауымда Қазақстанда біржолата орныққан исламдық дін таным үлгісін одан әрі идеологиялық тұрғыда дамытып, біздің теологтар тарапынан исламдық мұраларды жаңғыртуға, сөйтіп еліміздің мұсылман қауымының қазіргі жағдайына жаратуға жол бермеуге болмайды”, - деп қорытады (Н.Назарбаев «Сындарлы он жыл»). Нұрсұлтан Әбішұлы сөз етіп отырған мәселе қазақ халқының XXI ғасырдың басындағы және алдағы ғұмыр жолындағы діни-рухани бағдарына темірқазық болары кәміл.

Киелі Кітап

Библия, немесе, Киелі Кітап (грек. τὰ βιβλία, tà biblía, "кітаптар") - христиан дінінің киелі, қасиетті делінген кітаптарының жиынтығы. Онда Құдай мен адамның байланысы түсіндіріліп, христиандар, яһудилер, самариялықтар және растафарилер айтылған. Библия екіге бөлінеді: яһудилер мен христиандарға ортақ Көне келісім (яһудилікте — Танах) және тек христиандар мойындайтын Жаңа келісім. Қазақша аудармаға сәйкес Киелі Кітап Тәурат, Пайғамбарлар Жазбалары (1-б.), Забур, Пайғамбарлар Жазбалары (2-б.) және Інжіл деп бөлінеді. Көне келісім көне иврит тілінде жазылды, бірақ кейбір бөліктері арамей тілінде жазылған-ды, ал Жаңа келісім толығымен көнегрек тілінде (койне грекше түрінде) жазылды. XIII ғасырда Стефан Лэнгтон Киелі Кітапты бөлімдерге, ал XVI ғасырда Роберт Этьенн оны жолдарға бөлді.

Киелі Кітап әлемдегі ең сатылатын кітап, жыл сайын оның 100 миллион көшірмесі сатылады. Оның тағы басқа рекордтары да бар: ең көп шығарылатын кітап — жыл сайын 32 876 дана шығарылады; ең аударылған кітап — ол 2036 тілге аударылды; ең ұзақ жазылған және жиналған кітап — Киелі Кітап кітаптарының бірі Әйүп кітабы б.з.б. 1521 жылы жазылса, Жохан аяны б.з. 96 жылы жазылды; авторлары ең көп кітап — ресми деректер бойынша кітапты 31 автор жазды;

Киелі Кітаптағы кітаптар саны христиандық тармақтарда әртүрлі: Протестантизмде — 66, Католицизмде — 73, Православиеде — 77, ал Эфиоптық православ шіркеуінде — 81.

Көне келісім

Көне келісім — Киелі кітаптың 1-ші бөлімі. Негізнде көне жебірей тілінде жазылған тарауларын айтады. Бірақ үш тарауы арамей тілінде жазылған. Католик шіркеуінде көне юнан тілінде жазылған деутерканоникалы жазбаларын қосады.

Септуагинта

Септуагинта — көне еврей тіліндегі Киелі кітаптың койне грек тіліне аудармасының атауы. Ол кейде қысқартылып «LXX» деп аталады. Бұл аударма бөлім-бөлім болып б.з.д. 3-1-ші ғасырларда Алексндрия қаласында жасалған. Септуагинтаға Еврей Киелі кітабына кірмейтін кейбір басқа да жазбалар кіреді.

Септуагинта — Еврей Киелі кітабының еврей тілінен Ескендір Зұлқарнайынның (б.з.д. 356-323 жж.) заманынан бері Жерорта теңізінің шығыс бөлігінің ортақ тіліне айналған грек тіліне жасалған бірнеше аудармаларының ең ежелгісі. «Септуагинта» сөзінің мағынасы «жетпіс» деген сөзді білдіреді, олай аталу себебі, аңыз бойынша, осы еврейшеден грекшеге аударманы ІІ-ші Птолемей Филадельфостың кезінде (б.з.д. 285–246 жж.) жетпіс еврей ғалымы жасаған.Көптеген протестант Киелі кітаптарында яһуди Киелі кітабының үлгісімен Септуагинтадағы қосымша кітаптар шығарылып тасталған. Рим католик Киелі кітаптарында солардың кейбіреулері сақталып қалған, ал Шығыс ортодокс шіркеуі Септуагинтадағы жазбадардың бәрін қабылдайды.

Септугинта көне замандарда өте жоғары бағаланған, Филон мен Йосефус Септугинта аударылғанда, оның аудармашыларын Құдайдың өзі жетелеп отырған деген пікір ұстанған. Көне латын аудармасымен бірге Септуагинта Киелі кітаптың көне славян тілі, сүрияни тілі (бірақ Пешиттаның емес), көне армян тілі, көне гүржі тілі және копт тіліндегі аудармалардың негізі болып табылады. Септугинтаның (LXX) мәсіхшілер үшін де маңызы зор, себебі Жаңа келісімде және елшілік әкелердің шығармаларында содан көптеген үзінділер келтіріледі. Яһудилер 2-ші ғасырдан бері Септугинтаны қолдануды мүлдем тоқтатқан болса да, қазіргі кезде ғалымдар тарапынан оған деген қызығушылық біршама жандануда. Өлі теңіз кітаптарының кейбіреулері масореттік мәтіннен басқа мәтінге негізделгенін көрсетеді. Көп жағдайда осы жаңадан табылған еврейше мәтіндер Септуагинтаға көбірек ұқсас болып отырады. LXX-тың сақталып отырған ең көне қолжазбалары (Ватикан және Синай кодекстері) 4-ға жатады.

Яһудилік

Яһуди діні немесе Иудаизм немесе Яһудилік (араб.: يهودية‎; ивр. יהדות‎ "яаадут") — ежелгі діндердің бірі.

Еврейлер арасында таралған. Яһуди діні сеніміндегілердің басым көпшілігі Израиль мен АҚШ мемлекеттерінде шоғырланған. Б.з.б. 13 ғасырда батыс семит көшпелі тайпаларын Египет перғауыны Палестинадан далалы аймаққа ығыстырды. Палестинадан қуылғандар Яхве атты Құдайға сенетін тайпалық одаққа бірігіп, “Израил” атын алды. Б.з.б. 622 жылы Иудей патшасы Иосия діни реформа жасады да, жергілікті әулиелердің шырақтарын жойып, Иерусалим ғибадатханасын Яхве Құдайға құлшылық етудің орталық деп жариялады. Содан бастап дүниеде бір Құдай бар, ол – Яхве, ол әлемді билеп, өз халқы – еврейлерге қамқорлық жасайды деп уағыздалды. Израиль тайпалары мен Яхве арасындағы ерекше “келісім” туралы концепция пайда болды. Яһуди діні нені уағыздап, неге тиым салатыны жайлы Тора, Мишне, Талмуд сияқты киелі кітаптарда жазылған. Яһуди дініне сенушілер құлшылық ғибадаттарын раввиннің басшылығымен синогогаларда атқарады. Раввиндер діни қауымдастық мүшелерінің азаматтық - құқықтық тұрмысына да басшылық жасайды. Яһуди діні ішінде каббала атты діни мистикалық ағым таралып, соның ықпалымен діни - философия иудейлік әдебиет (сенім иелерінің өмірін ұсақ-түйегіне дейін реттейтін “Шулхан Арух” атты 16 ғасырда Иосиф Каро жасаған этикалық - құқықтық жинақ) пайда болды. Яһуди дінінің маңызды мерекелерінің бірі сенбі күні ғибадаттан басқа барлық қызметке тыйым салынады.

Басқа тілдерде

This page is based on a Wikipedia article written by authors (here).
Text is available under the CC BY-SA 3.0 license; additional terms may apply.
Images, videos and audio are available under their respective licenses.