Салоники

Салоники немесе Селенік - Грекиядағы қала Б.з.б. 315 ж. Македония патшасы Кассандр негізін қалады.


Орта ғасырға дейін Фессалоники (Фессалоника) деп аталған. Византия дәуірінде Константинопольден кейінгі маңызды қаланың бірі болды. Салоникиден славян ағартушылары Кирилл мен Мефодий шықты. Салоники талай рет басқа халықтар шапқыншылығына ұшырап, талан-таражға түсті. 1912-1913 ж. Балқан соғысынан кейін Салоники Грецияға қарады. Салоникиде рим және византия дәуірінің көптеген ескерткіштері (Дмитрий, Апостолдар шіркеулері, София ғибадатханасы) сақталған. [1]

Дереккөздер

  1. Қазақ Совет энциклопедиясы, 1976 жыл, Алматы,9 том, 626 бет
Ангелос Харистеас

Ангелос Харистеас (гр. Άγγελος Χαριστέας; 9 қыркүйек, 1981 жыл, Серре) — грек футболшысы, Грекия Ұлттық футбол құрамасының шабуылшысы, 2004 жылғы Еуропа чемпионы.

Арис (футбол клубы, Салоники)

«Арис» (грек. Α.Σ. Άρης Θεσσαλονίκης) — Грекияның Салоники қаласындағы футбол клубы. 1914 жылы 25 наурызда құрылған. Өз алаңындағы ойындарын "Клеантис Викелидис" стадионында өткізеді, сыйымдылығы 23 мың адам. Қазіргі таңда Грекия суперлигасында ойнайды.

Грекияның үш дүркін чемпионы, бірақ ол табыстарына ХХ ғасырдың 30-40 жылдарында қол жеткізген.

Балқан түбегі

Балқан түбегі — Оңтүстік Еуропадағы түбек. Жерінің ауданы 505 мың км². Құрлықтағы шартты шекарасы Дунай, Сава өзендері арқылы Триест шығанағына дейін созылады. Кіші Азиядан Мәрмәр түбегі, Босфор, Дарданелл бұғаздары арқылы бөлінген. Солтүстіктен (45° с. е.) оңтүстікке (Тенарон мүйісі) дейін 950 км-ге созылған. Ең енді жері 1260 км. Батысында Адрия, Ион, шығысында Эгей, Мәрмәр, Қара түбектерімен шектеседі. Жағалары қатты тілімденген. Жер бедері негізінен таулы-қыратты болып келеді. Стара-Планина, Рила, Родоп, Динар таулары бар. Абс. биіктігі 2925 м (Рила тауы). Солтүстік пен шығысында (Жоғары және Төменгі Фракия, Салоники, Фессалий) ойпаттар орналасқан. Таулар әлпілік қатпарлану кезінде күшті өзгеріске ұшыраған герциндік массивтің бөліктерінен құралған гранит, гнейс, кристалдық тақтатастан тұрады. Балқан түбегінің қазіргі жер бедері неоген кезеңінің соңы, төрттік кезеңде қалыптасқан; оңтүстігінде жер сілкінулер жиі байқалады. Сынап (Хорватия), мыс (Шығыс Сербия), боксит (Адрия түбегі жағалауы), хром (Албания, Македония), т.б. кендері бар. Түбектің оңтүстік жерортатеңіздік, ішкі бөліктері мен солтүстігіне қоңыржай құрлықтық климат тән. Қаңтардың орташа температурасы солтүстігінде —1—2°С (тауларда —5°С-тан төмен), оңтүстікте 3°С. Шілденің орташа температурасы солтүстікте 22°С, оңтүстікте 27°С. Таулы бөлігінде жауын-шашынның жылдық мөлшері 1000—1500 мм. Ірі өзендері: Марица, Морава, Дунай және Сава. Өзендерінің ағыны қатты, суы мол. Қарстық көлдер көп. Рила тауында мұздықтық көлдер, Дунай аңғарында ескі арналық көлдер бар. Оңтүстігінде субтропиктік қоңыр және қарбонатты топырақ, Адрия түбегі жағалауы қызыл түсті (терра-роса) топырақ, солтүстігінде орманның қызылқоңыр топырағы, Марица өзенінің ойпатында қара топырақ тараған. Балқан түбегінің Жерорта түбегі жағалауы өсімдік дүниесіне бай (6,5 мың түр). Оңтүстіктегі төменгі белдеуде Маквис бұталы орманы, 400 — 500 м-лік белдеуде жалпақ жапырақты орман, түбектің солтүстік пен ішкі аудандарында еменді орман, одан биік белдеулерде қылқан жапырақты ормандар өседі. Жазықтарда далалық өсімдіктер тараған. Ауыл шаруашылық дақылдарынан жүгері, бидай, темекі, оңтүстігінде зәйтүн, цитрустар, анар өсіріледі. Балқан түбегінде Болғария, Босния және Герцеговина, Албания, Македония, Грекия, Хорватия, Югославия мемлекеттері және Румыния мен Түркияның бөліктері орналасқан.

Бірінші Балқан соғысы

Бірінші Балқан соғысы (9.10.1912 - 30.5.1913) — Балқан одағы (Болгария, Сербия, Грекия және Черногория) мемлекеттері мен Түркия арасындағы соғыс. 1912 ж. Австрия-Германия блогына қарсы тұра алатын Балқан одағының құрылуын Антанта елдері қолдады. Осман империясының әлсіреуі, Балқан түбегіне Австрия-Венгрия тарапынан келер қауіптің күшеюі Балқан елдерінің белсенді әрекет етуіне әсерін тигізді. Балқан одағындағы Болгария Салоники мен Бат.Фракияны өзіне қосып алу арқылы Эгей теңізіне шығуды көздесе, Сербия Грекиямен бірлесе отырып, Албанияны бөліске салуды, сонан соң Адрия теңізіне шығуды мақсат етті. Болгария мен Сербия Македонияның барынша көп бөлігін иемденуге ұмтылды. Македония мен Албаниядағы көтерілістер және Италия-Түркия соғысы(1911 - 12) Б. Б. с- ның тұтануын тездетті. Түркияның Македония мен Фракияға автономия беруден және олардың халқын түрік армиясы қатарына алудан бас тартуы соғысқа сылтау болды. Черногория 1912 ж. 8 қазанда Түркияға қарсы соғыс жариялап, 35 мың әскер, Болгария шамамен 300 мыңдай, Сербия 280 мыңнан астам, ал Грекия 110 мыңға тарта әскер шығарды. Әскери қимылдар 1912 ж. 9 қазанда басталды. Түркия оларға тек 300 мыңдай ғана әскер қарсы қоя алды. Б. Б. с. одақтастар үшін сәтті болды. Болгария әскерлері Константинопольге бет түзеп, Эгей теңізіне шықты және Фракиядағы Эдирне қаласын(Адрианополь) қоршады, грек армиясы Салоникиді басып алды. Сербия күштері Македонияның басым бөлігін, Косовоны және Нови-Пазарды жаулап алды. Албаниядағы черногориялықтар сербтермен бірлесе отырып, Адрия теңізіне шығып, Шкодерді(Скутари) қоршауға алды. Ал, грек флоты Дарданелл бұғазының шығар аузын жауып тастап, Эгей теңізінде үстемдік етті. Түркия ауыр жағдайда қалып,1912 ж. қарашада ұлы державаларға ара ағайындық жасау жөнінде өтініш білдірген соң, солардың араласуымен 1912 ж. 3 желтоқсанда әскери қимылдар тоқтатылды. 1912 ж. 17 желтоқсанда Лондонда басталған келіссөздер нәтижесінде Түркия Балқан елдері қойған талаптарды қабылдауға келісімін берді. Түркия өзінің тек Константинопольден басқа барлық еуропалық иеліктерінен бас тартқан соң, шекарасы Мидье-Радосто шебі арқылы ғана өтетін болды. Бірақ, 1913 ж. қаңтарда Түркиядағы төңкеріс нәтижесінде билік басына келген Жас түріктер кабинеті Германияның қолдауымен Балқан одағы елдерінің талаптарын қабылдамай тастады. 1913 ж. 3 ақпанда соғыс қимылдары қайта жанданды, бірақ 6 наурызда келіссөз қайта басталды. 1913 ж. 30 мамырда қол қойылған Лондон келісім-шарты бойынша Балқан түбегінің құрылымы белгіленіп, Балқан елдері мен Түркия арасындағы шекара Мидье-Энез бойымен өтті. Түркия өзінің бүкіл еуропалық иелігінен (Стамбұл мен Фракияның шағын бөлігінен басқа) айырылды. Б. Б. с. нәтижесінде Осман империясының жеңіліске ұшырауы, бір жағынан, Албанияның тәуелсіздік алуын (28.11.1912) тездетсе, екінші жағынан, Балқан одағы елдерінің арасындағы қайшылықтарды шиеленістіре түсті.

Грекия

Грекия (гр. Ελλάδα [eˈlaða] тыңдау, ежелгіде — гр. Ελλάς [eˈlas] тыңдау), ресми — Грек Республикасы (гр. Ελληνική Δημοκρατία [eliniˈci ðimokraˈti.a]) — Еуропа оңтүстігінде, Балқан түбегінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Албаниямен, бұрынғы югославиялық Македония республикасымен және Болгариямен, солтүстік-шығысында — Түркиямен шектеседі. Шығысы мен оңтүстігін Эгей теңізі, батысын — Ион теңізі шайып жатыр. Осы елді мекендейтін юнандар (гректер) атымен аталған.

Грекия, Грек Республикасы — Еуропаның оңтүстік-шығысында, Балқан түбегінің оңтүстігі мен соған шектесіп жатқан Ион, Жерорта және Эгей теңіздеріндегі ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Жер аумағы — 132,0 мың км². Халқы — 10,5 млн. Астанасы — Афина қаласы (3,5 млн.). Тұрғындарының 95%-дан астамы гректер, қалғандары: түрік, албан, т.б. Ресми тілі — грек тілі. Халқының көпшілігі христиан дінінің православие тармағын ұстанады. Ел аумағы әкімшілік-аумақтық жағынан 51 номға бөлінеді. Үлкен қалалары: Салоники, Патрай, Ираклион, Волос. Ақша бірлігі — драхма. Мемлекет басшысы — президент. Заң шығарушы органы — бір палаталы парламент. 1975 ж. 11 маусымда қабылданған ел конституциясы бойынша, Грекия президент басқаратын парламенттік республика болып табылады (президентті парламент сайлайды). Ұлттық мерекесі — Тәуелсіздік күні (1821, 25 наурыз).

Грекия жерінің басым бөлігі таулы-қыратты. Климаты жерортатеңіздік субэкваторлық. Қыс айларындағы орташа температура 4 — 11ӘС, ал жаз айларында 24 — 28ӘС. Өзендері шағын, суы аз. Жерінің 15%-ын орман алып жатыр. Жауын-шашын мөлшері 350 — 1500 мм аралығында.

Алғашқы грек мемлекеттері біздің заманымыздан бұрынғы 3-мыңжылдықта пайда болды. 395 жылдан ежелгі Грекия жері Византия империясына бағынды. 15 ғасырдан бастап Осман сұлтандығына қосылды. 1821 — 29 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысынан және 1828 — 29 жылдардағы орыс-түрік соғысынан кейін Грекия 1830 ж. тәуелсіздікке қол жеткізді. 1-дүниежүзілік соғыс кезінде Антанта жағында болды. 1941 ж. елді Германия мен Италия әскерлері басып алды. 2-дүниежүзілік соғыс аяқталысымен елде азамат соғысы басталды (1946 — 49). Ол аяқталған соң, 1952 ж. Грекия НАТО-ға мүше болды. 1967 ж. үкімет билігі әскери хунтаның қолына көшті. 1974 ж. болған жалпыхалықтық ереуілден кейін, әскерилер биліктен кетіп, демократиялық институттар қалпына келтірілді, жаңа конституция қабылданды. 1992 ж. қараша айында Грекия Еуропалық одаққа толық мүше болып қабылданды.

Грекия — орташа дамыған индустриальды-аграрлы мемлекет. Жан басына шаққанда жылдық орташа табыс мөлшері — 7100 доллар Ұсақ жекеменшік кәсіпорындар да көп. Экономикасының жетекші салалары: тамақ, химия, тау-кен, металлургия өнеркәсіптері және цемент шығару. Кейінгі жылдары электроника мен кейбір машина түрін жасау тез дамып келеді. Ауыл шаруашылығында, негізінен, жүзім, жеміс-жидек, зығыр, дәнді дақылдар өсіріледі. Бұған қоса сауда флоты мен туризм жақсы дамыған. Грекия — сауда флоты жағынан дүние жүзіндегі жетекші елдердің бірі. Елге жыл сайын 10 млн-нан аса туристер келіп, қазынаға 4 млрд. доллардан аса кіріс кіргізеді. Негізгі сауда серіктестері: Германия, Италия, АҚШ, Франция, Сауд Арабиясы. 1992 ж. 1 қазанда Қазақстанмен дипломатиялық қатынастар орнатты.

Астанасы — Афина қаласы.

Батыс өркениеті бесігі болап танылған, тарихтағы алғашқы демократиялық мемлекет. 1981 жылдан бастап – ЕО, 1952-ден бастап — НАТО мүшесі.

Грекиядағы ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандар тізімі

ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізімінде Грекияның 17 нысаны бар (2014 жылғы мәліметі бойынша). Бұл нысан тізімге 15 нысан мәдени, 2 аралас критерийлар бойынша іліккен. Бұдан басқа, 2014 жылғы жағдайына сәйкес Грекия аймағындағы Әлемдік мұра тізіміне 8 нысан үміткер ретінде тіркелген.

Данилу Перейра

Данилу Луиш Элиу Перейра (порт. Danilo Luís Hélio Pereira; 9 қыркүйек 1991 жыл, Бисау, Гвинея-Бисау) — португалиялық футболшы, Португалия Ұлттық футбол құрамасы мен "Порту" клубының жартылай қорғаушысы. 2016 жылғы Еуропа чемпионы. Одан бөлек 2017 жылы Конфедерациялар кубогына, 2018/19 жылғы УЕФА Ұлттар Лигасына қатысты. Ұлттық құрама сапында 2015 жылдан бері ойнап келеді.

Карьерасында "Парма", "Арис" (Салоники), "Рода", "Маритиму", "Порту" клубтарында ойнаған.

Жас түріктер төңкерісі

Жас түріктер төңкерісі (1908) — Түркияда болған прогресшіл жастар төңкерісі. Сұлтан Абдулхамид ІІ-нің жеке билігін жойып, мемлекетте конституциялық құрылыс орнату мақсатын көздеді. Төңкеріске “Бірлік және прогресс” атты құпия ұйым басшылық жасады.

1908 жылы 3 шілдеде лейтенант Ниязи басқарған, 6 шілдеде майор Әнуар басқарған түрік партизандары көтеріліске шықты. Бірнеше күннен кейін көтерілісшілерге Македониядағы түрік әскерлері бөлімдерінің көпшілігі қосылып, оларды македон және албан партизандары да қолдады. 23 шілде күні көтерілісшілер Македониядағы Салоники, Монастыр, т.б. ірі қалаларды басып алды. Қарсылық көрсетудің пайдасыз екеніне көзі жеткен Абдулхамид ІІ парламент шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Жас түріктер төңкерісінің жеңіске жетуі елде жаппай көтеріңкі рух туғызып, “Бостандық, теңдік, бауырластық, әділдік” ұранымен салтанатты жиындар мен шерулер болып өтті. Абақтыға жабылған, айдалған ондаған мың адамдар босатылып, цензура жойылды. Елде конституциялық құрылыс орнады. Бірақ үкімет басына келгеннен кейін жас түріктер өздерінің көптеген уәделерін орындай алмады. Шаруаларға жер бөлініп берілмеді, жұмысшы ереуілдері басып тасталды. Бұл бұқара халықтың наразылығын туғызды. Ірі державалар елдің ішкі-сыртқы саясатына араласа бастады. Жас түріктер сыртқы саясатта Германиямен одақтасып, Түркияны бірінші дүниежүзілік соғысқа киліктірді.

Жерорта теңізі

Жерорта теңізі — Атлант мұхитының Еуразия мен Африка құрлықтары арасындағы теңізі. Гибралтар бұғазы арқылы Атлант мұхитымен, Босфор бұғазы арқылы Қара теңізбен, Суэц каналы арқылы Қызыл теңізбен жалғасады. Ауданы 2505 мың км², орташа тереңдігі 1498 м, ең терең жері 5121 м. Жерорта теңізінің еуразиялық жағалауы қатты тілімденген. Онда түбектер және аралдармен бөлінген шағын Альборан, Балеар, Лигурий, Тиррен, Адрия, Ион, Эгей және Кипр теңіздері орналасқан.

Теңіз алабына Қара, Азов, Мәрмәр теңіздері де кіреді. Ірі шығанақтары: Валенсия, Лион, Генуя, Таранто, Сидра (Үлкен Сирт), Габес (Кіші Сирт). Ірі аралдары: Балеар, Корсика, Сардиния, Сицилия, Крит және Кипр. Теңізге ірі Ніл, По, Рона, Эбро өзендері құяды. Жас альпілік геосинклинальдік аймақта орналасуына байланысты, түпкі бедері күрделі. Ең ірі қазаншұңқырлары: Алжир-Прованс, Орталық қазаншұңқыр және Геллен шұңғымасы. Тиррен теңізінің қазаншұңқырының төңірегінде сөнген және әрекетті жанартаулар бар.

Бүкіл Жерорта теңізі аймағына субтропиктік климаттың “жерортатеңіздік” деп аталатын ерекше типі тән: қысы ылғалды әрі жылы, жазы құрғақ және ыстық. Судың беткі қабатының температурасы ақпанда теңіздің солтүстігінде 12° С-тан оңтүстікте 18° С-қа дейін, тамызда батысында 20 — 25° С-тан оңтүстік-шығысында 28 — 30° С-қа дейін көтеріледі. Су көп буланады, сондықтан тұздылығы жоғары. Батысында 36ү-ден, шығысында 39,5ү-ге дейін құбылады. Толысу толқынының биікт. 0,1 — 0,5 м, Тунистің шығысында 1,7 м-ге жетеді. Негізгі ағыс Гибралтардан Ливанның жағасына дейін Африканы бойлап өтеді. Оқшау теңіздерде су циклондық айналым жасайды. Теңізде балықтың 550-дей түрі бар. Сардина, тунец, макрель, скумбрия, т.б. ауланады. Жерорта теңізінің Адрия және Эгей теңіздерінің қайраңдарында мұнай, газ өндіріледі.

Теңіз арқылы аса маңызды халықаралық теңіз жолдары өтеді. Басты порттары: Барселона (Испания), Марсель (Франция), Генуя, Неаполь, Венеция, Триест (Италия), Риеака (Югославия), Пирей және Салоники (Грекия), Бейрут (Ливан), Александрия, Порт-Саид (Египет), Триполи (Ливия), Алжир (Алжир). Түркия жағалауында дүние жүзіне әйгілі курорттар бар. Жерорта теңізінің жағалауында Испания, Франция, Италия, Монако, Мальта, Хорватия, Босния және Герцоговина, Югославия, Албания, Грекия, Түркия, Кипр, Сирия, Ливан, Араб елдерінің аумағы, Израиль, Египет, Ливия, Тунис, Алжир, Марокко елдері орналасқан.

Ираклис (футбол клубы)

Басқа мағыналар үшін Ираклис деген бетті қараңыз.

Ираклис (гр. Ηρακλής) — грек футбол клубы, Салоники қаласында орналасқан. Өзінің атауын клуб грек аңызындағы батыр, Гераклдың құрметіне қойған. «Ираклис» — Грекиядағы ең ескі клубтардың бірі. Клубтың екі маңызды қарсыласы бар — АРИС және ПАОК.

Мельбурн

Мельбурн (ағылш. Melbourne /ˈmɛlbə(r)n/, жергілікті айтылу [ˈmælbən, -bn̩]) Порт-Филлип шығанағы айналасында орналасқан, Виктория шатының астанасы және Австралияның жер көлемі бойынша екінші қала. Қала маңымен бірге халықтын саны шамамен 3,8 миллион адам (2007 жыл).

Австралияның сауда, өнеркәсіптік және мәдени орталықтарының бірі болып саналады. Сонымен қатар Мельбурнді елдің «спорттық және мәдени астанасы» деп жиі атайды, өйткені онда Австралияның көптеген спорттық және мәдени шаралар өтіп тұрады. Қала өзінің викториан және заманауи сәулетінің үйлесуімен, көптеген саябақтар мен бақшалармен, көпжүзді және көпұлтты халқымен танымал. 1956 жылы Мельбурн жазғы Олимпиада ойындарын, ал 2006 жылы — Ынтымақтастық Ойындарын өткізген. Сонымен қатар осында 1981 жылы Ұлттар Ынтымақтастығы одағына кіретін мүше елдерінің басшыларының кездесуі, ал 2006 жылы он тоғыз аса дамыған елдерінің басқарушылары қатысқан — G20 саммиті өтті. 2011 жылы The Economist журналы Мельбурнді әлемдегі өмір сүруге ең жайлы қала деп атаған.

Мельбурн 1835 жылы Ярра өзенінің бойында ауылшаруашылық қоныс ретінде еркін қоныстанушылармен қаланған.. Викторияда болған алтын безгегі арқылы Мельбурн тез арада метрополияға айналды және 1865 жылға қарай Австралияның ең ірі жіне маңызды қаласы болды . Бірақ XX ғасырдың басында біріншілік жүлдесін ол Сиднейге берді.

Мерзифон

Мерзифон – Түркияның Амасья илінде орналасқан қала..

XX ғасырда 20 мың тұрғыны бар (оның ішінде 12 мың грек) армян-түрік-грек қаласы еді. 1922 жылға дейін қалада Әулие Варвараның православты храмы орналасқан. 1886 жылы қалада «Анатолия» атты американ колледжі ашылады.

Бірінші дүниежүзілік соғыста қаланың христиан дінін ұстанатын тұрғындар қуылады. 1923 жылы қаланың тірі қалған грек тұрғындары Грекияға қоныс аударуға мәжбүр болып, «Анатолия» колледжін американдықтар Грекиядағы Салоники қаласына көшіреді. Бұл колледж әлі күнге дейін осы қалада орналасқан.

Михалис Капсис

Михалис Капсис (гр. Μιχάλης Καψής; 18 қазан 1973 жыл, Пирей, Грекия) — грекиялық футболшы, қорғаушы. Грекия Ұлттық футбол құрамасы сапында 2004 жылы Еуропа чемпионы атанды.

ПАОК (футбол клубы)

ПАОК (гр. ΠΑΟΚ — Πανθεσσαλονίκειος Αθλητικός Όμιλος Κωνσταντινουπολιτών, Panthessalonikios Athlitikos Omilos Konstantinoupoliton) — 1926 жылы құрылған Грекиядағы кәсіпқой футбол клубы. Қазір Грекия суперлигасында ойнайды.

1926 жылы грек-түрік екінші соғысында Константинопольдан қашып барған келімсектерден құрылды.

Себастьян Абреу

Вашингтон Себастьян Абреу Гальо (ис. Washington Sebastián Abreu Gallo, туғ. 17 қазан 1976, Минас, Лавальеха департаменті) — уругвайлық футболшы, «Насьональ» клубының шабуылшысы.

Траянос Деллас

Траянос Деллас (гр. Τραϊανός Δέλλας; 31 қаңтар 1976, Салоники, Грекия) — грекиялық футболшы, қорғаушы. Қазір бапкерлікпен айналысады. 2004 жылғы Еуропа чемпионы.

УЕФА Еуропа лигасы 2010/11

УЕФА Еуропа Лигасы 2010/11 — аталмыш турнирдің УЕФА Еуропа Лигасы боп өзгергелі бергі екінші маусымы. Финалдық кездесу 2011 жылғы 18 мамырда Дублиндегі Авива стадионында өтті .

Эгей теңізі

Эгей теңізі (гр. Αιγαίο Πέλαγος; түр. Ege Denizi) — Жерорта теңізі алабындағы жартылай тұйық теңіз. Балқан түбегі, Кіші Азия мен Крит аралы аралығында орналасқан.

Грекия мен Түркия жағаларын шаяды. Солтүстік-шығысында Дарданелл бұғазы арқылы Мәрмәр теңізімен, оңтүстігінде ұсақ аралдар аралығындағы көптеген бұғаздар арқылы Жерорта теңізімен жалғасқан. Аумағы 191 мың км2. Плиоцен мен плейстоценнің аяғында су астына шөккен құрлық (Эгеида) үстінде орналасқан. Ең терең жері – 2561 м. Аралдары көп (Солтүстік және Оңтүстік Спорад, Киклад топ аралдары, т.б.). Судың температурасы беткі қабаттарда қыста 11 – 16С, жазда 22 – 25С. Тұздығы 37 – 38‰. Толысуы жарты тәуліктік (1 м-ге дейін). Жағалауы шығанақтармен және қойнаулармен тілімделген. Балық ауланады.Эгей теңізі арқылы Қара теңіз порттарынан Оңтүстік Еуропа, Солтүстік Африканың порттарына, Таяу Шығысқа және Орта Шығысқа, Суэц каналы арқылы Үндістанға және Оңтүстік-Шығыс Азия порттарына су жолдары өтеді. Ірі порттары – Пирей, Салоники, Ираклион (Грекия), Измир, Шанаққала (Түркия).

Қазақмыс (футбол клубы)

Қазақмыс футбол клубы —Қазақстан бірінші Лигасында, ойнайтын, Қазақстан футбол клубы. Сәтбаев қаласының "Қазақмыс" Спорт сауықтыру кешені клубтың базасы болып табылады.

"Қазақмыс футбол клубы" —2006 жылы сәуірдің 27-сі күні "Қазақмыс футбол академиясы" жанынан құралған клуб.

2007 жылы тұңғыш рет Қазақстан бірінші Лигасында жеңімпаз атанып, Премьер Лигаға жолдама алды. Бірақ клуб қаржы жағдайына байланысты Премьер Лигада ойнай алмады. Ал 2008 жылы Бірінші Лигада қайтадан жеңімпаз атанып, 2009 жылы тұңғыш рет Премьер Лигада өнер көрсетті.

Басқа тілдерде

This page is based on a Wikipedia article written by authors (here).
Text is available under the CC BY-SA 3.0 license; additional terms may apply.
Images, videos and audio are available under their respective licenses.