Пиреней түбегі

Пиреней түбегі немесе Иберия түбегі (ис. Península Ibérica; кат. Península Ibèrica; баск Iberiar penintsula; порт. Península Ibérica; фр. Péninsule Ibérique; ағылш. Iberian Peninsula) — Еуропаның оңтүстік батысында орналасқан. Еуропаның басқа бөліктерінен Пиреней таулары, Африкадан Гибралтар бұғазы арқылы бөлінген. Пиреней түбегін Атлант мұхиты қоршап жатыр. Аумағы 584 мың км². Жағалары нашар тілімденген, тек солтүстік-батыс бөлігінде риас типтік жағалар (теңіз суының тау аңғарларына толуы) тараған. Жер бедерінде таулы үстірттер (Месета, Галисия) мен ұзына бойы созылып жатқан тау жоталары (Пиреней, Кантабрия, Каталония, Иберия, Андалусия, т.б.) басым. Ең биік жері — Сьерра-Невада жотасындағы Муласен тауы (3478 м). Пиреней түбегінің жағалау бөлігін шағын ойпаттар (Португал, Андалус, Арагон, т.б.) алып жатыр. Климаты субтропиктік, жерортатеңіздік типке жатады, солтүстігінде және солтүстік-батысында теңіздік климат басым. Ірі өзендері: Тахо, Эбро, Дуэро, Гвадиана, Гвадалквивир. Жерінің 40%-ын ормандар мен бұталар алып жатыр. Негізгі өсімдіктері — жерортатеңіздік бұталар (маквис, гарига), шалғындар. Пиреней түбегінде Испания, Португалия, Андорра мемлекеттері мен Британия қауымдастығына қарайтын Гибралтар орналасқан.

Пиреней түбегі
Ғарыштан көрінісі
Ғарыштан көрінісі
Сипаттамасы
Ауданы600 000 км²
Ең биік нүктесі3479 м
Орналасуы
40°18′ с. е. 3°43′ б. б. / 40.300° с. е. 3.717° б. б.   Координаттар: 40°18′ с. е. 3°43′ б. б. / 40.300° с. е. 3.717° б. б.   
Түбекті шаятын акваторияларБискай шығанағы, Атлант мұхиты, Жерорта теңізі, Гибралтар бұғазы
Елдер Испания
 Франция
 Португалия
 Андорра
 Гибралтар
Brown 804000 pog.svg
Пиреней түбегі
Дала

Дала — Жер бетіндегі, негізінен, шөптесін өсімдіктер, оның ішінде шым топырақтық астық тұқымдастары (селеу, қау,боз, бетеге, қоңырбас, т.б.) өсетін ландшафтық-белдемдік өңірлердің жалпы атауы. Дала жер шарының қоңыржай белдеулеріне, қара және қоңыр топырақты аймақтарға тән. Жауын-шашын мөлшеріне байланысты даланың өсімдік жамылғысы тез өзгеріп, түрленіп отырады. Дала климаты негізінен қуаң, жазда ыстық әрі құрғақ, қыста суық және желді болады. Астық тұқымдастары аралас шөптердің ара қатысына қарай дала бірнеше типтерге ажыратылады: астық тұқымдастары басым шымтопырақты кәдімгі дала; шалғынды немесе аралас шөпті дала және шөлдің шала бұтасы (көбінесе жусан) басым өсетін шөл дала. Жер бедеріне қарай ойпатты, қыратты, үстіртті және таулық жазық дала болып жіктеледі.

Солтүстік Америкада даланы прерия, Оңтүстік Америкада – пампас, Оңтүстік Азияның (Иран, Пәкстан, Ауғанстан) үстіртті жерлеріндегі даланы – дешт деп атайды. Еуразия құрлығының оңтүстік-батысынан (Пиреней түбегі) Манчжурияға дейін (солтүстік-шығыс Қытай) далалық өңірлер жиі кездеседі. Құрлықтың батысы мен шығысындағы далалардың аумағы шағын. Даланың климат жағдайы (буланудың көп болуы, жауын-шашынның аз түсуі), топырағының физикалық-химиялық құрамы, тұздылығы ағаштардың өсуіне қолайсыз келеді. Еуразияда климаттық ерекшеліктерге байланысты батыстан шығысқа қарай дала өсімдіктерінің құрамында айырмашылық байқалады. Осыған байланысты Еуразиядағы дала төмендегідей бөліктерге ажыратылады: 1) Дунайдың төменгі ағысы мен Алтай-Сауыр таулары аралығын қамтитын Қара теңіз – Қазақстан бөлігі. Бұл аймақ шығыс еуропалық орманды дала, Қара теңіз маңындағы дала, Қазақ даласы алқаптарына бөлінеді; 2) Орталық Азия немесе Даур-Моңғол аймағы. Бұл аймақ Хангай – Даур және Манчжур орманды далалары болып ажыратылады. Таулы далада өсімдіктердің жазықта өсетіндерінен басқа типтері де кездеседі. Мұндай ерекшеліктер, әсіресе, Орталық Азия тауларында байқалады. Далалар Солтүстік Америкада, Оңтүстік Америкада және Австралия құрлығында үлкен аймақтарды қамтиды. Далалардың көбісі жыртылып, егістікке айналған, қалған жерлері шабындық ретінде пайдаланылады. Көптеген елдерде табиғи дала қорықтарда ғана сақталған.

Иберлер

Иберлер (латынша Hіberes) – ежелгі тайпа.

Ең алғаш Шығыс және Оңтүстік Испанияны қоныстанып, кейін (б.з.б. 7 – 3 ғасырларда) бүкіл Пиреней түбегі мен Оңтүстік-Батыс Галлияға тараған. Ежелгі заман авторлары олардың ішіндегі ең көбі әрі жауынгері деп турдетан, кельтибер, лузитан, кантабр, астур, галлаик тайпаларын атайды. Ибер мәдениетінің маңызды орталығы – түбектің турдетандар қоныстанған оңтүстік бөлігі (қазіргі Андалусия). Негізгі кәсіптері егіншілік пен мал шаруашылығы болған. Сондай-ақ, тоқыма, көзе жасау қолөнерін, металл өңдеуді білген. Б.з.б. 3 ғасырдың аяғы мен 2 ғасырдың басында кейбір дамыған тайпалар шақа ақша соққан. Иберлердің жазуы да болған (әсіресе, турдетандар). Иберлер рулық қоғамның ыдырау сатысында болған деп болжанады. Иберлер қала бекіністер (Нумация, Сеговия, Контребия, т.б.) төңірегінде бірлескен. Тайпаны әскери көсем басқарған, ақсақалдар кеңесі болған, халық жиналыстарында тайпалар мен қауымдар өздерінің әскери көсемдерін, елшілерін сайлаған. Сауданың дамуына, Карфаген мемлекетінің, Ежелгі Грекия мен Рим империясының ықпалымен Иберлердің рулық қоғамының ыдырауы оңтүстік-шығыс аудандарда жиіледі. Олар Пиреней түбегінің табиғи байлығына қызыққан шапқыншылармен ғасырлар бойы күресіп келді. Август билігі тұсында Рим империясы Иберлерді жаулап алды, Иберлер (баск тайпасынан басқалары) отаршылармен араласып кетті.

Менгир

Менгир (бретонша men – тас, hіr – ұзын) – тігінен орнатылған үлкен, өңделмеген тастар түріндегі археологиялық ескерткіш. Неолит және қола дәуірінің мегалиттік ескерткіштері қатарына жатады.

Алғашқы менгирлер б.з.б. 3-мыңжылдықта пайда болған. Классикалық түрлері Батыс Еуропа елдерінде болғандықтан, еуропа ғалымдардың еңбектерінде кеңінен зерттелді. Негізгі көп тараған жерлері Пиреней түбегі мен Франция, Британия аралы. Менгирлерге жатқызуға болатын жәдігерлер, әлемнің түкпір-түкпірінде, оның ішінде еуразиялық далалық белдеуде кездеседі. Батыс Еуропадағы ежелгі түрлерінің биіктігі 4 – 5 метрден асады, салмағы ондаған, жүздеген тоннаға барады. Францияның Бретань өлкесіндегі менгирлер айрықша көзге түседі. Қазірде өз бейнесін (тұрпатын) сақтап қалған (яғни, тігінен тұрған) менгирлердің әлемдегі ең үлкені осындағы биіктігі 12 м Керлоас менгирі болып табылады. Сонымен қатар, қазір құлап жатқан, бірнеше бөлініп, сынған Морбиган Менгирін ғалымдар биіктігі 20 м, салмағы 350 тонна болған деп топшылайды.Кейде ескерткіштер төртбұрышты дөңгелек пішінде немесе параллель қатарлар, яғни менгирлер аллеясы түрінде топтала орналасады.

Менек алқабындағы 1169 тас 11 қатарды құрайды,

Кермариода 10 қатарға тізілген 1029 тас ені 100 м, ұзындығы 1120 м тұтас ансамбльді құрайды.

Карнак (бұрынғы Бретань өлкесінде) маңындағы менгирлер тобына бірнеше қатарға тізілген 3 мыңға жуық тас кіреді, қатарлардың ұзындығы 4 км-ге барады.Әр елдерде жүргізілген қазба жұмыстар менгир маңында күл қабаттары, мал сүйектері, бұйымның кейбір түрлері болатынын көрсетті. Ғалымдар менгирлер ғұрыптық ескерткіштерге жатады деп санайды, өлген ата-бабалар рухын қастерлеумен байланыстырылады.

Қазақстан аумағында Ә.Марғұлан зерттеулері барысында қола дәуірінің менгирлері Орталық Қазақстан жерінде көптеп табылды. Ол өлытау мен Шыңғыстау аралығында шашырай орналасқан 100-ге жуық менгирлер тобын ашты. Ақтоғайдағы Көрпетай тауының маңында орналасқан Қызылшоқы менгирлер тобын ұзындығы 250 м тізбек түріндегі 20 тас құрайды. Тастардың ең үлкендерінің биіктігі 3 – 4 м, жалпақтығы 2,8 – 3 м.

Оның көрнекті түрлері:

Қарқаралы,

Қызыларай,

Бұғылы,

Баянауыл, т.б.өлкелерде жиі кездеседі.

Орта ғасырлар тарихының терминдері

Аббат - 1. Католик шіркеуіндегі барлық дін қызметкерлерінің құрметті аты. 2. Еркектер монастырының басшысы.

Абсолютизм - бір адамның (император, король, патша) шексіз билігі. Жоғарғы өкімет билігі толық бір адамның ғана қолында болған басқару түрі.

Альморавид - Солтүстік Африкадағы берберлік тайпалар қозғалысы кезіндегі (XI—XII ғғ.) әулет пен мемлекеттің аты.

Анабаптистер - басқаша шоқынушылар.

Аңқау Жак - ортағасырлық Францияда дворяндардың шаруаларға қойған келемеж аты.

Аутодафе -1. Күпірлерді жазалау үкімін жиналған көпшілік алдында салтанатты түрде жариялау. 2. Испанияда күпірлерді көпшілік алдында өртеу.

Барон - Батыс Еуропадағы феодалдың атағы. VI-VII ғасырларда ауқатты адамдардың бәрі осылай аталды, ал XI—XII ғасырларда корольдің тікелей вассалы - ірі феодалдар ғана осылай аталды.

Барщина - орыстың "еңбекпен өтеу салығы" деген сөзі, шаруаның феодал иелігінде тегін істелетін еңбегі.

Басқаң - моңғол хандарының жаулап алынған жерлердегі салық жинау және халық санын есепке алумен шұғылданатын өкілі.

Бас штаттар - феодалдық Франция мен Нидерланддағы сословиелік өкілдіктің жоғарғы органы. Қалалардың өсуіне, әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуіне және таптық күрестің күшеюіне байланысты пайда болды. Францияда 1302 жылы Жүз жылдық соғыс қарсаңында шақырылды.

Бей - Таяу және Орта Шығыс елдерінде ру-тайпалық, кейінірек ақсүйектерге ғана берілетін феодалдық атақ.

Бенефиций - уақытша сыйлыққа берілген жер үлесі.

Билль - конституциялық актілердің аты (мысалы, құқ туралы билль)

Бург - жау шапқыншылығынан қорғану үшін салынған Батыс Еуропадағы бекініс орын. Кейініректе бург әскери жене әкімшілік орталықтарға, сондай-ақ епископтар резиденцияларына айналды. XIV-XV ғасырларда орталық өкіметтің күшеюіне байланысты және артиллерияның шығуы нәтижесінде бург өз мәнін жойды.

Буржуазия - табыс көзі жалдамалы жұмысшылардың еңбегін қанау болып табылатын өндіріс құрал-жабдықтарының иесі, капиталистік қоғамның үстем табы.

Буси - Жапониядағы өскери-поместьелік дворяндар.

Вакуф, Вакф - Дели сұлтандығындағы мешіттер мен медреселердің жер иеліктері. Ол мекемелер жабылып қалған жағдайда жер қайтадан мемлекет қарамағына көшіп отырған.

Вандализм - мәдениетті, рухани байлықты хайуандық жолмен құрту.

Вандалдар - Римді талан-таражға салған герман тайпасы. Олар 455 жылы Римді басып алып, ондағы көптеген теңдесі жоқ өнер туындыларын

құртып жіберді. "Вандал" деген сөз топас, дөрекі, шапқыншы, мәдениетті қүртушы деген мағынада қолданылады.

Варварлар (гректің "жат жерлік адам" деген сөзінен шыққан) - надан, қатыгез адамдар. Гректер мен римдіктер осылай атаған германдықтар шапқыншылығы құл иеленушілік қүрылысты жойды.

Ватикан (латынның "төбе", "қырқа" деген сөзінен шыққан) - Рим қаласының ішіндегі діни мемлекет-қала, Рим папасының мекені.

Вербендік жексенбі - Иса Мәсіхтың(Иисус Христос) айқыш ағашқа шегеленіп өлтірілуінен бес күн бұрын оның Иерусалимге бейбіт патша ретінде кірген күні.

Византий - Босфор буғазының Еуропа жағалауына орналасқан ежелгі грек елді мекені. 324 жылы император Константин астананы Римнен осында көшірді. 330 жылдан бастап жаңа астана Константинополь деп аталды. 1453 жылы түріктер жаулап алған соң, қала Стамбұл деп атала бастады.

Византия - 395-1453 жылдар аралығында өмір сүрген құл иеленуші, кейінірек - феодалдық мемлекет. Орта ғасырларда ресми түрде «Ромейлер империясы» деп аталған.

Викария - епископтың епархияны басқарудағы көмекшісі.

Вилландар - феодалдық тәуелділіктегі шаруалар. Англияда олар басыбайлы болды, ал Францияда, Германияда, Италияда вилландар жер иелену кезінде тәуелді болғанымен, жеке бас бостандықтары болды.

Вира - ерте ортағасырлық Русьтегі ауыр қылмыс өтемі.

Габсбургтер - 1516-1700 жылдары Австрияда, Чехия мен Венгрияда, Испания мен оның иеліктерінде билік құрған әулет. 1438-1806 жылдардағы «қасиетті Рим империясының» императорлары.

Гайдуктер - түріктер үстемдігіне (XVXIX ғ.) қарсы қарулы күреске қатысушы оңтүстік славян халықтары.

Герцог - Батыс Еуропада корольден кейінгі баспалдақта түрған ірі аймақ иесі.

Гильдиялар (немістің «бірлестік» деген сөзінен шыққан) - көпестер бірлестігі. Англияда қолөнершілер бірлестігі - цехтар да солай аталды.

Готика («гот» деген герман тайпасының атынан шыққан) - XII ғасырда Францияда қалыптасып, кейінгі орта ғасырларда бүкіл Батыс Еуропаға тараған көркемдік, негізінен сәулет өнері стилі.

Ғибадатхана - құдайға табынатын орын.

Дарғы, Даруға - Алтын Ордаға бағынышты қалалардың билеушілері.

Дворяндар - мұрагерлік артықшылықтарды пайдаланған жер иеленуші ақсүйектер сословиесі. Дінбасылармен бірге феодалдық қоғамның үстем табы болды. Капиталистік қатынастардың даму барысында дворяндардың басым көпшілігі жаңа жағдайға бейімделіп, буржуазия табының негізін қалады.

Держава - ірі мемлекет.

Домен (француздың «иелену» деген сөзінен шыққан) - Батыс Еуропадағы феодалдық поместьенің тікелей феодалға тиісті бөлігі. Онда феодал тәуелді шаруалар мен жері, мал-мүлкі жоқ адамдардың еңбегін пайдаланған.

Епископ - христиан дініндегі шіркеу округының басшысына берілетін жоғары атақ.

Жакерия - Франциядағы феодализмге қарсы бағытталған 1358 жылғы шаруалар көтерілісі.

Иезуиттер - католик сопылардың ордені. Оны 1534 жылы Парижде ықпалды католиктік сопылар құрған. Орденнің мүшелері қоғамдық өмірге белсенді араласып отырды. Тыңшылық жасау, пара беру, сатып алу, өсек тарату, жала жабу әрекеттері арқылы беделді адамдарды католик дінінің мүддесіне пайдаланып отырды.

Индуизм - Үндістанда кең тараған дін, шамамен біздің заманымыздың V ғасырында қалыптасқан.

Индульгенция (латынның «кешірімділік», «мейірімділік» деген сөзінен шыққан) - папаға немесе шіркеуге сіңірген еңбегі үшін католик шіркеуінің Рим папасының атынан беріп отыратын күнәні кешіретін куәлік.

Инквизиция (латынның «тергеу» деген сөзінен шыққан) - Рим папасының XIII ғасырда күпірлермен күрес үшін құрған арнаулы соты. Ол католик

шіркеуінің өзіне қарсы пікір білдіруші адамдарды, әсіресе озық ойлы оқымыстыларды жазалау мекемесі болды.

Испанже - Осман түріктері империясындағы барлық еңбек етіп жүрген адамдарға салынған ақшалай салық.

Каролингтер - Франк мемлекетіндегі корольдердің, кейінірек - императорлардың әулеті. Ұлы Карлдың (768-814) атынан шыққан. Әулет 751 жылы Меровингтердің орнына келді, X ғасырда биліктен айырылды. Католик шіркеуі (гректің «әлемдік», «бүкіл дүниежүзілік» деген сөзінен шыққан) - 1054 жылы христиан дініндегі халықтар екіге бөлінгеннен кейінгі Батыс Еуропа халықтары ұстанған христиан дінінің бір түрі.

Клир - христиан шіркеуіндегі дінтану саласының, шіркеу қызметкерлерінің жиынтығы.

Коммуна - өзін-өзі басқаратын қалалық қауым.

Кортес - Испаниядағы сословиелік өкілдіктің органы.

Күпірлер (гректің «ерекше діни ілім» деген сөзінен шыққан) - үстем діннің басты қағидалары мен ұйымдық құрылымын мойындамайтын ерекше діни нанымды ұстанушылар.

Қалан- моңғолдар билігі орнаған жерлердегі егіншілерге салынған салық.

Қапшуыр,Копчур - моңғолдар қол астындағы халықтардың мал басынан төлеп түрған салығы.

Құрылтай - Шыңғысхан өулетінің басшылығымен өтіп тұрған моңғол ақсүйектерінің кеңесі.

Лен - вассалдың қожасынан қызмет ету үшін алып отырған жер үлесі.

Лорд - ортағасырлық Англиядағы жер иеленуші феодал. Бірте-бірте ол ағылшын дворяндарының ең жоғарғы, ортақ атағына айналды.

Лютерандық - негізін Мартин Лютер (1483-1546) қалаған протестанттық діни ілімнің бір түрі. XVI ғасырда Реформация барысында Германияда

қалыптасты. Германия мен скандинавиялық елдерде кеңінен тараған.

Магистрат - қалалық басқарма.

Майордом (латынның «үлкен үй» деген сөзінен шыққан) - Франк мемлекетіндегі V ғасырдың аяғы - VIII ғасырдың ортасындағы сарай меңгерушісі, ең жоғарғы мемлекет басшысы.

Мануфактура (латынның «қол ісі» деген сөзінен шыққан) - қол еңбегі қолданылған ірі көсіпорындар.

Меровингтер - Франк мемлекетінде 481-751 жылдары билік құрған корольдер әулеті. Аса көрнекті өкілі - Хлодвиг (481-511).

Миссал - дұға сөздері жазылған кітап.

Монарх (гректің «жеке-дара билеуші» деген сөзінен шыққан) - монархияның басында тұрған тұлға (патша, король, император, фараон, сұлтан, шах т. б.).

Монархия - мемлекеттегі жоғарғы формалды түрде (толық немесе жартылай) жеке-дара мемлекет басшысының - монархтың қолына шоғырланған билік түрі; сондай-ақ биліктің осындай түрі орнаған мемлекет.

Монах (гректің «жалғыз» деген сөзінен шыққан) - жападан-жалғыз өмір сүруші; діни қауымға кірген және монастырь жарғысының талабына сай сопылық құруға уәде берген адам.

Натуралды шаруашылық - өнімді айырбас үшін емес, тек өз қажетіне ғана арнап өндіретін томаға-тұйық шаруашылық.

"Ника" (гректің "жеңу" деген сөзінен шыққан) - 532 жылғы 11-17 қаңтар аралығында Шығыс Рим империясы - Византияның астанасы Константинопольде болған халық көтерілісі. Нормандардың Англияны жаулап алуы - Нормандия герцогі Вильгельм басқарған норман феодалдарының 1066 жылы Англияға басып кіруі.

Нотабель - Франциядағы жоғарғы дінбасыларының, қала тектілерінің өкілі.

Оброк - феодалдық басыбайлы шаруаның азық-түлікпен немесе ақшалай төлейтін жер салығы.

Ордонанс - Франциядағы, Англиядағы корольдің жарлығы.

Пайғамбар - діни ұғымда Құдайдың айтқан сөздерін адамдарға жариялау үшін арнайы жіберген адамы.

Папалық - Рим папасы басқарған католик шіркеуінің діни монархия орталығы.

Парламент (ағылшынның, француздың "сөйлеу" деген сөзінен шыққан) - буржуазиялық мемлекеттегі жоғарғы заң шығарушы өкілдік орган. Сословие өкілдерінің органы ретінде Англияда парламент алғаш XIII ғасырда құрылды.

Патриарх (гректің "өке", "басшы" деген сөзінен шық қан) - кейбір елдердегі православиелік шіркеудің басшысы.

Подъячий - XVI-XVIII ғасырдың басындағы Ресей әкімшілігіндегі төменгі шен. Дьяктардың басшылығымен подъячийлер орталық және жергілікті

мемлекеттік мекемелерде негізгі іс қағаздарын жүргізушілер болды.

Райя - Осман түріктері империясындағы бүкіл салық төлеуге міндетті халық.

Реакция - озық қоғамдық қатынастарға қарсы бағытталған кертартпа әрекет.

Реконкиста (испанның "қайтарып алу" деген сөзінен шыққан) - VIII-XV ғасырлардағы Пиреней түбегі халықтарының арабтар жаулап алған

жерлерін қайтарып алуы.

Ренессанс (француздың "қайта өркендеу" деген сөзінен шыққан) - Батыс және Оңтүстік Еуропа елдеріндегі ортағасырлық мөдениеттен жаңа заман мәдениетіне өту дәуірі. Ол Италияда шамамен XIV-XVI ғасырларда, басқа елдерде - XVXVI ғасырларда орын алды.

Реформация (латынның "қайта құру", "жаңарту" деген сөзінен шыққан) - XVI ғасырдағы Батыс жене Орталық Еуропадағы католик шіркеуіне қарсы қуатты қоғамдық-саяси және діни қозғалыс.

Ронин- Жапониядағы кедейленген самурайлар.

Рыцарь - (немістің «атты жауынгер» деген сөзінен шыққан) - сеньорына атты ескер қатарында қызмет етуге міндетті феодал.

Самурай - Жапониядағы ұсақ дворяндардың әскери-феодалдық сословиесі.

Санжақ - Осман түріктері империясындағы облыс.

Санскрит - ежелгі және орта ғасырлардағы үнділіктердің әдеби тілі.

Сарациндер - Батыс Аравия халықтарының аты.

Сейм - феодалдық монархиялардағы сословиелік-өкілдік мекеме.

Сеньор (француздың "үлкен" деген сөзінен шыққан) - орта ғасырлардағы Батыс Еуропадағы жер иесі, феодал. Tap мағынада - вассалдың

мырзасы, қожасы.

Сервтер (латынның "құл" деген сөзінен шыққан) - орта ғасырлардағы феодалдарға басыбайлы шаруалар тобы.

Сёгун - жапонның әскери қолбасшысы. Ол өкімет басшысы да болды.

Сипахилер, Спахи - Осман түріктері империясындағы сүлтаннан жер иеліктерін алып, ол үшін әскер жасақтап, феодалдың атты әскері қатарында әскери міндет атқаруға тиісті леншілер.

Сойырғал - Темір ұрпақтарының кезіндегі шартты түрде сыйға беріліп тұрған жер үлесі.

Статут - Англия жене тағы басқа кейбір елдердегі заңның аты.

Тағар - Ақ Ордада, Моғолстанда әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету (жабдықтау) үшін жиналған салық.

Тамғаш - Алтын Ордаға бағынышты қалалардың билеушілері.

Тархан - 1) ортағасырлық түрік халықтарындағы феодалдардың, сондай-ақ кейбір салықтан босатылған адамдардың атауы; 2) мемлекеттік

салықты төлеуден босатылған Закавказье, Орта Азия, Қазан, Астрахан және Қырым хандықтарының жері мен мүлкі.

Таурат - иудаизм мен христиандықтың қасиетті кітабы.

Тевтон ордені- XIII-XVI ғасырларда неміс католиктері құрған діни-рыцарьлық ұйым.

Технология - өндірістің әдіс-тәсілі туралы ғылым.

Тиара - Рим папасының ерекше тігілген бас киімі.

Тиран - әрекеттері зорлық-зомбылыққа негізделген басшы.

Тордесильяс келісімі - Рим папасының төрелік етуімен 1494 жылы жасалған келісім. Ол бойынша Атлант мұхитының дәл ортасынан батысына қарай жаңадан ашылған жерлер - испандықтар иелігіне, ал шығысқа қарайғы жерлер португалдықтар иелігіне өтті.

Тоталитарлық - жойқын билік. Университет (латынның "жиынтық" деген сөзінен шыққан) - құрамында ғылыми білім негізін қалайтын әр

түрлі пәндерді қамтитын бірнеше факультеттері бар жоғары ғылым-білім ордасы.

Уния- мемлекеттердің бір одаққа бірігуі.

Утопия (гректің "жоқ жер" деген сөзінен шыққан) - бүл терминді ең алғаш ағылшындық ойшыл-гуманист Томас Mop қолданды. Ол өзінің бірде-бір кемшілігі, қайшылығы жоқ қоғамын орнатпақшы болды. Ол қоғамды "утопия" деп атады.

Үшір - Осман түріктері империясындағы халықтың өнім түсімінен төлеген салығы.

Феод - феодалдық қоғамдағы жер иелігінің негізгі түрі. Жер әкеден балаға мүрагерлікке берілді. Жерге оның қожасының толық меншігі орнады.

Феодализм - өндірістік қатынастардың негізін феодалдар тобының жерге жеке меншіктігі құрайтын қоғамдық-экономикалық формация.

Феодалдар шаруаларды жерді пайдаланғаны үшін міндеткерліктер өтеуге, яғни еріксіз жүмыс істеуге мәжбүр етті.

Феодалдық рента (француздың "қайтарып беру" деген сөзінен шыққан) - феодалдың жалға берген жерінен жинап отыратын салығы.

Флот - теңіз кемелерінің жиынтығы.

Халиф - Мұхаммед пайғамбар өлгеннен кейін арабтар мемлекетінің басшысы болған оның орынбасарлары.

Халифат- халифтер басқарған исламдық Араб мемлекеті, оның құрамына кірген елдер.

Харадж- ислам дінін қабылдаған елдердегі жер салығы.

Цехтар - феодалдық қаладағы қолөнершілердің бірлестігі, экономикалық саяси және соғыс одағы. Негізгі мақсаты - қолөнершілердің мүддесін қорғау. Цехтардың өз жарғысы, таңбасы, туы болды.

Чомпилер - Орта ғасырлардағы Италияның Флоренция қаласындағы тоқыма көсіпорындарының жұмысшылары. 1378 жылы маусым айында олар көтеріліске шығып, қала басшыларының алдына жағдайларын жақсарту талаптарын қойды. Көтеріліс жеңіліп, жұмысшылар талаптары орындалмай қалды.

Інжу - Шыңғысхан өулетінен шыққан билеушілерге бөлініп берілген жер үлесі.

Юстиниан заңдары - Византия императоры I Юстинианның (527-565) заңдар жинағы. Заңдар императордың шексіз билігін, құл иеленушілік құрылысты нығайтуды, меншік құқын қорғауды көздеді.

Янычар - сұлтандық Түркиядағы полицейлік және жазалаушылық қызметтерін жауынгерлік қызметімен қоса атқарған, артықшылық жағдайдағы (1826 жылға дейін) жаяу әскер. Алғаш құлдыққа айдап әкелінген жастардан құрылды.

«Яса» - Шыңғысханның 1206 жылы Ұлы хан болып сайланған кезінде жарияланған заңдар мен ережелер жиынтығы.

Соқа

Соқа – жер өңдеу құралы.

Адамзат өркениетінің қалыптасуы мен дамуы барысында орасан зор орын алған, көне дәуірлерден қазірге дейін қолданылып келе жатқан бұл еңбек құралы мыңдаған жылдар бойы жетіле келе ертедегі қарапайым имек ағаштан осы заманғы күрделі а. ш. техникасына айналды. Ерте егіншілік мәдениеті пайда болған әлемнің аса ірі сегіз орталығында (Қытай, Үндістан, Алдыңғы Азия, Орта Азия, Жерорта теңізі жағалауы, Эфиопия, Орталық Америка, Оңтүстік Америка) жер өңдеу саласы терімші-аңшылықтың гүлденген кезеңінен кейін барып қалыптасты. Терімші қауымдар тұтынған мүйіз, ағаш кетпендер мен жерқазғыштар іс жүзінде ежелгі соқаның пайда болуының алғы шарты еді. Ежелгі қауымдар пішіні жағынан қазіргі құралдарға ұқсас кетпендер мен түзу ұшталған имек таяқ жерқазғыштарды жеуге жарамды тамырлар мен түйіндерді қопарып алуға пайдалана отырып, оны өгіз, бұқа, есек, ат сияқты үй жануарларына тіркеу идеясына, яғни алғашқы соқаның идеясына жетті. Бұл ретте, әсіресе, дәнді дақылдардың жабайы түрлерін азық қылуға дағдыланған өлкелердің маңызы ерекше болды. Ерте егіншілік, малшылық салалары қалыптасқан неолиттік төңкерістің қарқындаған тұсында соқа пайда болып, мұнан әрі жер өңдеу кәсібі соқа қолданылатын және соқа қолданылмайтын екі үлкен түрге жіктелді. Мұны ғылымда соқалы егіншілік (танаптар малға, адамға жегілген соқамен өңделді) және кетпенді егіншілік (кетпендер, жерқазғыштар пайдаланылды) деп атады. Бұл айырмашылықтың басты себебі – ежелгі қауымдардың бір-бірінен әлдеқандай нәсілдік артық-кемшіліктерінде емес, табиғи-экологиялық жағдайлардың алуан түрлілігінде болды. Соқаны пайдалану орман-бұтасыз, кең, тегіс алқаптары жеткілікті, жер қыртысы жұмсақ, тасы жоқ, мол су көзі бар, жауын-шашын мен күн қызуы өзара қолайлы үйлесімін тапқан өңірлерде қалыптасты. Ежелгі Азия, Африканың Шумер, Египет, Қытай, Үндістаннан өзге соқа анағұрлым кейін пайда болған Еуропа өлкелерінде де осы іспетті табиғи-экологиялық алғы шарттар орын алды. Азияның, Африканың, Американың, көптеген аралдардың ну-жынысты, биік таулы, ауа райы мен жауын-шашынның өз ерекшелігі бар тропиктік белдеулі өлкелерінде кетпенді егіншілік ұзақ уақыт сақталды. Мұндай өлкелердің біреуінде кейіннен жаңа заман ағымымен жаңартылған плантациялар дамыған болса, енді біреуінде осы күнге дейін егіншіліктің байырғы түрі қолданылып келеді. Н.Н. Миклухо-Маклайдың Жаңа Гвинея папуастарынан көріп, сипаттап жазған жерді өңдеу тәсілі бойынша, ағаш-бұталардың тамырымен араласып, бітісіп қалған қыртысты ерлер алдымен ағаш таяқтармен шанши аударып кетіп, соңынан әйелдер басы жуан шоқпар тәрізді құралдармен тамырларды ұрып, топырақтан босатып отырған, ал одан кейінгі топ, кейде жас өспірімдер қолдарымен қосымша қопсытатын болған. Археолог С.А. Семенов дәл осындай жағдайда темір күрек, кетпендерді пайдаланып көруге негізделген арнаулы ғылылыми тәжірибе жүргізгенде, алынған нәтиже жергілікті тұрғындардың байырғы тәсілінің нәтижесінен әлдеқайда төмен болып шыққан. Соқа негізінен Азия құрлығы өркениетінің жемісі. Ғылыми деректерде соқалы егіншілік Алдыңғы Азияда, яғни Ежелгі Месопотамияда байырғы шумер дәуірінде б.з.б. 6-мыңжылдықтың аяғы мен 5-мыңжылдықтың бас кезінде пайда болғандығы айтылады. Б.з.б. 4-мыңжылдықтың аяғына жататын байырғы шумерлік пиктография жазуында алғашқы соқаның суреті берілген. Соқа туралы көне жазба деректер дамыған шумер кезеңінен жеткен тақтайшалы жазулар да кездеседі. Мұндағы “Диқан күнтізбесі” аталып кеткен барлығы 10-нан асатын тақтайшада жерді өңдеп күту, егін егу мен оны жинауға байланысты пайдалы кеңестер, “бардиль” соқасы, “шукин” соқасы жайлы айтылады. Шумерлік жазбаларда кетпен мен соқаның айтысын сипаттаған әдеби шығарма да бар. Егіншілік жайлы жазба деректердің үлкен шоғыры Грекия, Рим әдебиетінде сақталған. Рим әдебиетінде жер өңдеу жайлы Катон, Варрон, Колумелла, Плиний, атақты ақын Вергилий, т.б. деректер қалдырды. Ссоқаның түрлерін жүйелеп шыққан Ю.А. Краснов көне дәуірлердегі соқаларды құрылымы, шығу тегі жағынан бір-бірінен бөлек үш негізгі түрге бөледі. Бірінші түрге жататын 2 тұтқалы қисық жетекті соқа көне Шумер елінде пайда болған алғашқы соқа болып саналады. Яғни, соқаның бұл түрінің қалыптасуы ерте егіншіліктің әлемдік орталықтарының бірі – Алдыңғы Азиямен байланысты. Құрылымы бойынша ұзын тәртеге қисық пішінді қосымша таяқ немесе жетек жалғанып, ол сәл көлбеу соқа денесіне бекітілген. Жоғары тұсындағы арнаулы түтіктен тұқымдық дән себілген. Бұл түр б.з.б. 5 – 4-мыңжылдықтарда негізінен Месопотамия мен оның ықпалы тараған төңіректе, оның ішінде б.з.б. 3-мыңжылдықта Кавказ бойы өлкелерінде тараған. Көне мәдениеттің Шумерден кейінгі келесі бір аса ірі орталығы Египетте 2 тұтқалы, тік жетекті, аздап өзгерген нұсқасы қалыптасты. Мұның тағы бір нұсқасы, яғни 1 тұтқалы қисық жетекті С. б.з.б. 2-мыңжылдықтың басында Солтүстік Месопотамиядан бастау алып, Жерорта теңізі жағалаулары, Пиреней түбегі арқылы Еуропаның батыс жағалаулық өңірлеріне, Солтүстік Еуропа, Фенноскандия елдеріне тарады. Ежелгі соқаның 2-түрі, яғни 1 тұтқалы тік жетекті соқа Орта Азияның оңтүс-батыс өлкелерінде, сонымен қатар Солтүстік Үндістанда және Пәкістан, Ауғанстанның оларға жапсарлас өңірлерінде б.з.б. 4- мыңжылдықтың соңы мен 3-мыңжылдықтың басында дербес қалыптасып, осы аумақтан алыс-жақын көптеген елдерге кеңінен тараған. Орта Азия, Қазақстан, Сібір өлкелері ғана емес, Қытай мәдениеттерінде қолданылған (б.з.б. 2-мыңжылдық) соқа да осыдан бастау алады. Сондай-ақ ортаазиялық соқа Каспийдің солтүстік далалары арқылы Қара теңіз аймағы, бүкіл Шығыс Еуропаға тарап, б.з.б. 2-мыңжылдықтың ортасында Орталық Еуропада белгілі болған. Яғни, қазақтың жерағашы, ортаазиялық омаш, тываның андазыны сияқты құралдар көне соқаның жергілікті түрінен басталады деуге болады. Ерте дәуірлердегі соқаның 3-түрі – тұтас жетекті, табанды соқалар. Жетек пен соқа денесі біртұтас, яғни ағаштың иілген кесіндісінен жасалған құралдардың жерге түсетін жағына арнаулы табан орналасады. Бұлар ежелгі егіншілік мәдениетінің Жерорта теңізі орталығында б.з.б. 3-мыңжылдықтың соңы мен 2-мыңжылдықтың басында пайда болған деп пайымдалады. Шығыс Жерорта теңізі жағалауларынан бастау алып, Кипр, Крит аралдарын қоса алғанда, теңіздің жағалау бойлықтарында кеңінен тараған. Кейінгі дәуірлерде құралдың бұл түрі Еуропа елдеріне, әсіресе, грек, рим мәдени ықпалдары арқылы беріліп келген. Ежелгі дәуір соқаларының осы үш түрі кейіннен әрі қарай тарап, әр өлкеде түрлі деңгейде жетілдіріліп отырды. Көне жеңіл соқаның орнына пайда болған табанды соқа жер қыртысын үстінен тілмей, астынан қопаруға мүмкіндік берді әрі құралдың орнықтылығын күшейтті. Мұнан кейін аударғыш қызметін атқаратын бөліктер енгізіліп, қопарылған қыртыс енді аударылатын болды.

Қазақ жерінде қола дәуірінде мал шаруашылығына қосымша сала ретінде өркендеген егіншілікті нақты заттай айғақтар жоқ болғандықтан, кетпенді егіншілікке жатқызады. Қара теңіздіңдің солтүстігін мекендеген скифтерде соқалы егіншілік дамыды. Геродот (б.з.б. 5 ғ.) мұның бір бөлігін егінші-скифтер деп атады. “Алғашқы” скиф Тарғытайдың үш ұлына алтын соқа, қамыт, қылыш, аяқ сияқты заттар берілген деп келетін далалықтардың белгілі аңызы да мұны растайды. 1768 жылы неміс саяхатшысы Гильденштедт Украинадан көріп, сипаттап жазған шығыс славяндардың “рало” аталған соқасы осы скиф заманынан жеткен құралдардың бірі. Кейбір мәліметтерде соқалы егіншілік ғұн, қаңлы, үйсін тайпаларында белгілі болған. Түркі дәуірінен бастап, соқа туралы деректер неғұрлым нақтыланады. Ағаштан жасалған, бір тұтқалы тік жетекті табанды соқа Ақбешім қаласын (8 ғ. қабаты) қазу барысында табылса, Талғар қаласының 11 – 12 ғасырлардағы қабатынан ұзындығы 20 – 35 см-ге жететін, темірден соғылған соқа ұштықтарының (тіс) бір тобы кездескен. Қазақ диқандары топырағы жеңіл өлкелерде көбіне жеңілдеу жерағашты қолданды, ал қыртысы қатты Арқада бұған қоса оның ауырлатылған түрлерін де пайдаланды. 19 ғасырдың екінші жартысына қарай қолданыла бастаған ат сабан соқа осындай ауыр түріне жатады. Өндірістік қатынастар жедел дамыған 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында қазақ тұрмысында жалпы Ресей империясының экономикасына Батыс Еуропа елдерінің әсерімен тараған “плуг” (неміс: pflug, ағылшын. plough) соқасы қолданысқа енді. Соқаның жетілдірілген әрі қымбат бұл түрін ауқатты қазақтар Брянск зауытынан, Ген, Сакк сияқты кәсіпкерлердің компанияларынан да сауданың түрлі әдістерімен алып отырды. Мұның ең тиімдісі көптүренді “плугтар” еді, бірақ бағасы қымбат болғандықтан, оны тек байлар алды. Мысалы, 1913 жылы Қостанай уезінің қазақтарында біртүренді 29038, көптүренді 16828 “плуг” болған. Бұл кезеңде диқандардың негізгі бөлігі қай өлкеде болмасын дәстүрлі жерағаш, омаш, ат сабанды пайдаланды. 20 ғасырдың 30-жылдарынан бастап қазіргі заманғы соқа түрлері пайда болды.

Фальката

Фальката – рим дәуіріне дейінгі Хиспанияда (Пиреней түбегі, қазіргі Испания мен Португалия) қолданылған қылыш түрі. Оны гректердің кописіне немесе непалдықтардың кукриіне ұқсатуға болады. «Фальката» термині бертін келе пайда болған. Оны 1872 жылы Фернандо Фульгосио латынның орақ тәрізді қылыш сөзіне ұқсастырып алған деген дерек бар. Фалькатаның бір жақ жүзі ұшталған, өткір болады. Ол ұшына қарай көтеріліп барып, сүйірлене аяқталады. Осындай пішіннің арқасында фальката қарсыласты балта секілді қарқынмен ұруға мүмкіндік береді.

Басқа тілдерде

This page is based on a Wikipedia article written by authors (here).
Text is available under the CC BY-SA 3.0 license; additional terms may apply.
Images, videos and audio are available under their respective licenses.