Партизандық соғыс

Партизандық соғысы– жау басып алған аумақтарда дұшпанмен күрес жүргізетін жалпы халықтық күрес.


Оған жау тылында қимыл жасауға арнайы жіберілген әскери бөлімдер де қатысуы мүмкін. Оған тұрақты армияға кірмейтін жау тылында қимыл жасаушы әскери топтар, жасақтар және бөлімдер қатысады.

Партизан соғысы қарсыластың тірек пунктіне, штабтарына, әскерлеріне және әртүрлі нысандарына тұтқиылдан соққы беру әдісімен, сондай-ақ жекелеген диверсия түрінде жүргізіледі. Партизан соғысының негізгі мақсаттары:

  • қарсы жақтың адам күші мен соғыс техникасын шығынға ұшырату, оны басқару
  • қатынас жасау орталықтарының, тыл органдарының қалыпты жұмысын бұзу, үрей туғызу.

Партизан соғысы көне заманнан белгілі (мысалы, А.Македонскийдің әскерлеріне Спитамен бастаған массагет тайпасының қарсылығы немесе галл тайпаларының Рим экспансиясына қарсы күрестері, т.б.). Партизан соғысын жеріне жау басып кірген барлық халықтар жүргізген, соның ішінде тарихта неғұрлым жақсы сақталғандары Солтүстік Американың тәуелсіздік үшін болған соғыстағы (1775 - 83) америка халқының күресі, Ресейдегі орыс шаруаларының Наполеон әскерін талқандауға қатысуы (1812), француз-пруссия соғысы (1870-71) кезіндегі француз халқының күресі, сондай-ақ 19-ғасырда қазақ даласында болған орыс отаршыларына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарда да партизандық ұрыс жүргізу тактикасы кең түрде қолданылды.

2-дүниежүзілік соғыс кезінде Германия мен оның одақтастары басып алған елдерде Қарсыласу қозғалысы пайда болды. Қарсыласу қозғалысы бірсыпыра елдерде Партизан соғысы түрінде жүргізілсе, ал кейбір елдерде (Югославия, Польша, Франция, Грекия, Италия, Бирма, Филиппин, т.б.) ұлт-азаттық соғысқа айналды. Соғыс жылдарында Германия басып алған Кеңес Одағы аумақтарында 6200-дей партизан отряды, бригадасы және құрамалары шайқасты, олардың қүрамында 1 млн-нан астам адам болды. Олардың қатарында Украина және Белоруссияда - 3000-дай, Смоленск жерінде - 270-тен астам, Ленинград облысында 220-дан астам, шетелдердегі қарсыласу кезінде 300-дей қазақстандық шайқасты. Олардың ішінде Қ.Қайсенов, Ж.Ағаділов, Е.Воробьева, Б.Жангелдин, П.Семенова, Н.В.Зебницкий, Ф.Ф.Озмитель, Д.Әбдірайымов, Г.Ахмедьяров, Ә.Шәріпов, У.Оразбаев, В.И.Шаруда, Ж.Саин, Ж.Нәметов, Т.Жұмабаева, Ж.Савельев, Ж.Сұраншиев, Н.Байсейітова, Г.Омаров, З.У.Хұсанов, т.б. ерекше көзге түсті. Ахмедьяров, Н.А.Морозов, С.Төлешов, Шаруда партизандық отрядтар мен құрамаларды басқарды.

Партизандар командирлері А.С.Егоровқа, Зебницкийге және Озмительге Кеңес Одағының Батыры, ал Қайсеновке ҚР-ның «Халық қаһарманы» (1995) атақтары берілді.

Партизан соғысы бүкілхалықтық, интернационалдық сипат алды. Партизан соғысының кең өріс алуына астыртын жұмыс жүргізушілердің саяси жұмыстары үлкен себін тигізді. Партизан соғысына басшылықты күшейту үшін 1942 жылы мамырдың 30-ында Жоғарғы Бас қолбасшылық ставкасы жанынан партизандық қозгалыстың орталық штабы (бастығы П.К.Пономаренко) құрылды. Барлық отрядтар мен бригадалар біртұтас командованиеге бірікті. Бүл штабтар өз тұсындағы тиісті майдандардың әскери кеңесіне бағынып, партизандық күресті Қызыл армияның ұрыс қимылдарымен ұштастырып отырды. Партизандар жау тылына жорықтарға шығып, олардың гарнизондарын, полиция учаскелерін, штабтарын, байланыс жүйелерін, қоймаларын, аэродромдарын, т.б. жойды, жолдарды, көпірлерді («Рельс соғысы», «Концерт») бұзды, әскери тұткындар мен кеңес азаматтарының Германияға жұмысқа айдалуына кедергі жасап, оларды құтқарып отырды. Кеңес партизандары соғыс жылдары 21 мыңнан астам поезды аударып, 12 мың көпірді қиратты. Бұл соққылардың әсері агылшын-американ авиациясының Германияны бомбалауынан 5 есе, неміс авиациясыныц кеңес тылындагы нысандарға шабуылынан 10 есе артық нәтиже берді. 1942 жылдың жазы мен күзінде немістер тұрақты әскерлерінің 24 дивизиясын майданнан алып, оларды партизандармен күреске пайдаланды. Бұл неміс командованиесінің С.А.Ковпак пен О.Ф.Федоров командалық пункте Солтүстік Африкадағы АҚШ пен Англияға қарсы қойған құрғақтағы әскерлерінен 4 есе асып түсті.

Партизан соғысының құқықтык мәртебесі жайлы мәселелер 1874 жылдан бастап қарастырыла бастады. 1874 жылы шілде - тамыз айларында Брюссель конференциясында 15 мемлекет партизандардың құқықтық мәртебесі және Партизан соғысын жүргізуді заңдастыру жайындаты конвенция жобасын қарады. Онда партизандар қарсыласу күресіндегі заңды қатысушы күш, ал Партизан соғысы қарсыласпен күрестегі заңды әдіс ретінде қаралды. Конференцияға қатысушы кейбір мемлекеттердің (АҚШ, Англия, т.б.) қарсы болуына байланысты конвенция қабылданбады. Дегенмен жобаның негізгі ережесі 1899- 1907 жылы Гаагада қабылданып, 1949 жылы Женева конвенциясында және БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының резолюциясында бекітілді. Бұлардың бәрінде Партизан соғысы заңды күрес түрінде мойындалған. Қазіргі кезде әлемде болып жатқан ірілі-ұсақты соғыстарда (Кавказ, Ауғанстан, Ирак, Косово, т.б.) Партизан соғысының көптеген элементтері қолданылады. [1]

Партизанские медали
Партизандық медальдар

Дереккөздер

  1. А 31 Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет. ISBN 9965-893-73-Х
1928 жылғы партия-кеңес қызметкерлерін тұтқындау толқыны

1928 жылғы партия-кеңес қызметкерлерін тұтқындау толқыны

1928 жылғы қарашаның ортасында Маңғыстау және басқа бірқатар аудандардың партия-кеңес қызметкерлерін тұтқындау толқыны басталды. Т. Әлниязов, сонымен бірге бұрын патшалық биліктің жергілікті аппаратында қызмет еткен бірқатар адамдар, сондай-ақ бұрынғы аудандық атқару комитеттерінің төрағалары Ш. Үсембаев, К. Құлшаров және басқалары тұтқындалды. Тұтқындалғандардың арасында 11 коммунист, оның ішінде округтік партия конференцияларының делегаттары да болды.

Оларды тұтқынға алуға 1928 жылғы 2 қарашаға қараған түнде, Песчаный шығанағы маңында тұрған кеме бортынан ҚазОАК мүшесі, округтік атқару комитеті төрағасының орынбасары Шабден Ералиевтің белгісіз жағдайда жоқ болып кетуі түрткі болды.. Оның жоқ болып кетуі жазатайым жағдайдан да болуы мүмкін еді: сол бір төтенше түнде жанына серік ертпей палубаға жалғыз шығуы, содан қайтып оралмауы құпия күйінде қалған.

Қастандықпен әдейі өлтірілген деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. ОГПУ органдары БК(б)П Қазолкомның табанды қолдауымен кінәліні іздей бастады. Ералиевтің денесі теңізден тек бір жыл өткеннен кейін ғана табылады. Мерзім, турасын айту керек, бірталай. Бұл арада, сот-медициналық экспертазаның қолдан өлтірілген деген қорытындысы, сол кездегі жоғары билік ойынан шығу үшін жасалған деген жорамал айтылды. Сөйтіп ОГПУ органдарының «байлардың, саудагерлердің, патша үкіметінің бұрынғы қызметшілерінің және бұрынғы Адай округіндегі кеңес қызметкерлерінің контрреволюциялық ұйымдары туралы» аты шулы іс қозғауына сылтау табылды.

1930 жылдың тамызында, іс бойынша тергеу аяқталуға жақындаған кезде, Адай округі таратылды және оның барлық аудандары, Ойыл мен Табын аудандарынан басқа, Гурьев округіне, ал аталған екі аудан Ақтөбе округіне берілді. Бұл хабарды халық, әсіресе партия-кеңес органдарының қызметкерлері теріс қабылдады. Енді түбек тұрғындары дербестіктен айырылады және өздерінің тіршілік мәселелері Гурьевте шешілетін болады деген қауіп шағымдар мен үндеулердің қаптап кетуіне әкеп соқтырды. Халықтың қарсылығы отырған жерін тастап көшуіне, көтерілісші жасақтарға қосылуға ұласты, ал олардың саны милиция және ОГПУ органдарының жедел мәліметтері бойынша 50-ден асып кетті. Кейбір қарақшылар бұл жағдайды пайдаланып қалды, мысалы, К. Қосжанов пен К. Қожахметов басқарған топтар қылмыстық әрекеттер негізінде туындап, олар бірнеше жыл бойы ұрлықпен және кісі өлтірумен айналысты..

Ауыр материалдық жағдайлар, қыр желкеге мініп алған қорқыту мен қудалаулар ірі қарсылық ошақтарының тууына әкеп соқтырды, сонымен қатар халықты Түркіменстанға және одан әрі көшуге мәжбүр етті. Сол жылдары әлдекімдер айналысқа қосып жіберген «Адайды құтқару — адайдың өз қолында» деген тіркес іс жүзінде өңір халқының қайсыбір оқшаулануға ұмтылысын емес, керісінше, мемлекеттің өзі өз азаматтарын шыңнан құлауға саналы түрде жеткізген оқиғалар мәнін айқын бейнелейді. Соған қарамастан, осы мән-жайды ОГПУ органдары пайдаланды: Әлниязов, сондай-ақ бұрынғы аудан басшылары Үсембаев, Құлшаров және басқалары бірқатар саяси кінәлармен бірге «Сопы» және «Адайды құтқару тобы» бөлімшелерімен қоса «Ақбота» атты жасырын контрреволюциялық ұйым құрғаны үшін айыпталды. Сонымен бірге оларға халықты Түркіменстан мен Ауғанстанға көшуге үгіттеді деген айып тағылды. 1930 жылғы 9 қазанда қылмыстық іс бойынша айыпталған 70 адамның 61-і ОГПУ-дың «үштігіне» берілді (9-ы тергеу аяқталғанға дейін түрмеде қайтыс болды). Қорытындысында олардың 21-іне ату үкімі берілді, қалғандары әртүрлі мерзімге сотталды.. Алайда тұтқындау осыдан кейін де тоқталған жоқ. 1930 жылдың басында Александров қамалының тұтқындар үйінде отырғандардың саны 200-ден асты. 1931 жылдың 14 сәуіріне қараған түнде олар күзетшілерді қарусыздандырып, қаладан шығып кетті. Олар радиостанцияны және ОГПУ-дың аудандық аппаратын басып алу жоспарларын жүзеге асыра алмады. Мұның бәрі бас көтеруші топтардың іс-қимылдарын барынша белсенді түрде жүргізіп, оңтүстікке қарай жаппай көшуіне түрткі болды.

1930 жылдың соңына қарай көтеріліс округтің барлық бес ауданын қамтыды. Келесі жылдың көктемінде басталған ашаршылық және азық-түлік дайындау науқаны жекелеген топтардың ірі отрядқа бірігуіне және Түркіменстан жаққа қарай қозғалуға мәжбүр етті. Бұл ретте жергілікті билік өкілдері мен белсенділер оларды қуып жетіп қайтарды және бірқатар жағдайларда көздерін жоя отырып, мүліктері мен дайындау пункттеріндегі малдарын айдап әкетті. Мәселен, Жылықосын ауданындағы шаруалар толқынын Нұрғали Күттегенов басқарды. 1931 жылдың наурызында Байзхыл және Үшқу деген жерлерде тұтқындалған шаруалардың кезекті тобын босатып, ол өз ауылын көшуге үгіттеді. Оған Доссор ауданының У. Ершұраев басқартан тұрғындары келіп қосылды.

Округтің солтүстік бөлігі көтерілістің ірі ошағына айналды. 1931 жылдың наурыз айында мұнда қарсылық көрсетуші шашыраған топтардың басын біріктіріп, Ойыл ауданындағы № 19 ауылдың тұрғындары Б. Шоланов пен К. Ембердиев және К. Шененовтер 1 500 шаруашылықты Түркіменстан жағына қарай көшуді ұйымдастырды. Оған Табын ауданының Құлшар Қожбанов басқарған ауылының адамдары да қосылды. 1931 жылғы сәуірде Қайнар деген жерде адай-майлан, адай-кенже, адай-абыз, адай-мамыр, адай-түркімен руларының ақсақалдары бас қосып, Боқмаш Шолановты өздерінің көшбасшысы етіп сайлады. У. Баяділов, X. Төлегенов, К. Өтегенов, А. Шомғұлов және К. Ембердиев оның кеңесшілері болды.

Осы кезде ОГПУ органдары коммунарлардың көмегімен көтерілісшілерге қарсы белсенді шаралар жүргізді. Алайда олардың саны аз отрядтары көтерілісшілердің жауынгер тобына қарсы тұра алмады. Сондықтан Шоланов және олардың адамдары жиі жеңіске жетіп отырды. Мәселен, Боздақ деген жерде ұзаққа созылған атыстан кейін Шоланов басқарған көтерілісшілер ОГПУ отрядың Иманқара кәсіпшілігіне қарай шегінуге мәжбүр етті. Бір күннен кейін, 1931 жылғы 15 сәуірде кәсіпшілік маңында көтерілісшілер ОГПУ отрядына тағы да шабуыл жасады. Алайда жақсы бекінген және мықтап қаруланған отряд шабуылға тойтарыс берді. Шығынға ұшыраған Шоланов Қанжыға деген жерге шегінді. Тек 1931 жылғы 20 сәуірде тұрақты әскер құрамы келгеннен кейін ғана округтің осы бөлігіндегі көтерілісті баса алды. 834 адам қолға түсті. Шолановтың өзі 18 сарбазымен қашып құтылды. Алайда екі ай өткеннен соң ол өзінің тобымен бірге Актөбе округінің Қобда ауданында ұсталды. Шоланов көтерілісіне байланысты кейін 500-ден астам адам ОГПУ «үштігінің» сотына тартылды..

1929-1930 жылдарды тұтас алғанда Адай округінде бүлікті және қарсылық білдірушілердің жергілікті ошақтарын басу жөніндегі операциялар тұрақты түрде жүргізілді. Бірақ бүган ОГПУ-дың жергілікті органдарының күші жетпеді және көмекке әлсін-әлсін әскер шақырып отырды. 1929 жылғы наурызда-ақ Александров қамалына К. Қосжановтың көтерілісшілер тобын басу үшін Дағыстаннан Сумбатов басқарған қызылармияшылар дивизионы шақырылған болатын. 1931 жылғы 14сәуірде Каспий арқылы жарты аралға тағы да, енді Закавказье шекаралық округінің басқарма бастығы сол Сумбатов басқарған біріктірілген әскер отряды жедел жеткізілді. Осында ОГПУ-дың 24-полк командирінің орынбасары Оглоды басқарған ірі отряд та келіп жетті. Воронежский басқарган тағы бір отряд Саратовтан шұғыл түрде осында жіберілді. ОГПУ-дың 68-дивизионы да Гурьвтен автокөлікпен шығады. Оның іс-қимылына теңізден «Атарбеков» күзет кемесі оқ жаудырып көмек көрсетті. Адай округіндегі көтерілісті басуға армия құрамдарының 32 бөлімшесі мен ОГПУ әскерлері әкелінді, олардың жеке құрамында 1000-нан астам адам болды. Оларға Гурьевтен, Ойылдан және Александров қамалынан 200 коммунар көмектесті. Сөйтіп округтің бүкіл аумағы әскери отрядтармен бақыланды.

Оқиғаның одан кейінгі барысы көрсеткендей, іс жүзінде округ аумағына осыншама әскер әкелудің соншалық қажеттілігі де болған жоқ еді. Түбектегі жағдай Қарақұмдағы жағдайға ұқсас болып шықты, мұнда да әскери отрядтар қаруланған «банды құрамаларының» орнына бұл жолы да негізінен қарусыз адамдармен қақтығысты.

Мысалы, Сумбатовтың отрядына: «Маңғыстау ауданында іс-қимыл жүргізсін, кездескен жекелеген банды топтарының көзін жойсын, осындағы көші-қонның жолын кессін» деген нақты тапсырма берілді. Осыған дейін, Сумбатовтың отряды келген кезде Маңғыстау ауданының барлық ауылдары, біреуінен басқасы, Түркімен жағына көшуді бастап кеткен болатын. Сұмбатовтың отряды оларды күшпен ғана тоқтатып, кейін қайтуға мәжбүрледі. Жекелеген қарулы топтарды жойып, көшуді уақытша тоқтағаннан кейін отряд 1931 жылғы 20 мамырда кері шақырылды.

БК(б)П Қазөлком мен Қазақстанның үкіметі нақты шаралар қабылдау және халықты тыныштандыру үшін Маңғыстауға КазОАК-нің мүшесі, республиканың Ағарту халық комиссары Сейтқали Мендешовті жедел іс-сапарға жіберді. Алайда қанша әрекеттенгенмен, ол мұндай өте күрделі мәселені шеше алмады. Оның бүкіл қызметі, барлы органдар мен кеңес қызметкерлері сияқты адай көтерілісін басу, көші-қонды тоқтатуға бағытталды да, болып жатқан қарсылықтың себебіне көңіл болінбеді. Қазақстан үкіметінің өкілі ретіндегі қызметінің сипатын оған Исаев пен Голощекин берген мынадай нұсқауға қарап бағалауға болады: «Александров қамалы. Құпия. ОГПУ уәкілі Мендешевке.

Сіздің жауапкершілігіңізбен, жергілікті нақты жағдайға орай, қажеттілік туған жағдайда Сізге үкімет атынан халыққа үндеу тастауға рұқсат етіледі. Үндеуде партия мен үкіметтін еңбекші халыққа көмек көрсету жөніндегі саясаты, оның таптық сипаты жергілікті жерде бүліншілікті, оның ішінде елдің көшуін ұйымдастырушылар болып табылатын байлар мен молдалардын және олардың жақтастары ұрандарының саяси мәні айқын көрсетілуі тиіс. Үндеуде мемлекеттік азық-түлік дайындауға, бар мүмкіндікті жұмылдыру және т.б. мәселелерде келісімпаздыққа ешқашан жол берілмесін. Көтерілісшілерге басшыларын ұстап беру туралы мәселе қатаң қойылсын»..

Көтерілістің және көшіп-қонудың себептерін жоюдың орнына өкімет бірінші кезекте оның басшыларын анықтауға күш салды. Бірақ жазалау операцияларының күшейгеніне қарамастан, халықтың қарсылығы одан әрі жалғаса түсті. Жазалаушылармен кездесіп қалудан қашқақтай отырып, ауылдар көзге түспейтін айналма жолдармен бәрібір көшіп кетіп жатты. Жаздың бас кезінде Үстіртте және Маңғыстау түбегінің оңтүстік бөлігінде Ойыл, Табын, Жылықос және Доссор аудандарынан көшіп келген көптеген шаруашылықтар әжептәуір көлемде жиналып қалды. ОГПУ деректері бойынша олардың саны 12мыңнан 15 мың адамға дейін жетті. Қарапайым қарумен қаруланған, қарауылшылары бар бытыраңқы топтар Қарақалпақстан мен Түркіменстанға қарай үдере көшуін тоқтатпады, ақыры одан әрі шекарадан асып кетті.

Александров қамалының өзінде жағдай өте ширығып тұрған еді. Жоғарыда атап көрсетілгендей, сәуірде жергілікті түрмеде отырған 200 тұтқын күзетшіні қарусыздандырып, көтерілісшілерге келіп қосылған болатын. Көшіп бара жатқандар мен олардың қарулы топтары қаланы басып алуға бірнеше қайтара әрекет жасады. 29 және 30 мамырда, одан кейін 4 маусымда қарулы топтар (негізінен бар қаруы оншақты шиті мылтық болса да) қалаға шабуыл жасады, алайда жергілікті күзет пен қазылар мияшылардың жаудыртан отынан сон кері шегінді. Ал 1931 жылғы 23 маусымда көтерілісшілер М. Сапақовтың, Ж. Исатаевтың және У. Қарабатыровтың басшылығымен Бозашы түбегінің жаталауын бойлай Александров қамалына келіп кірді және ондаты ОГПУ әскерінің 60 жауынгерімен және 40 коммунармен шайқасты. Аудандық кеңсені, банкті ала алматан және қару-жараққа қолы жетпеген олар жергілікті Шикізатодаты (Живсоюз) кеңсесі орналасқан үйді өртеді, өйткені мал және басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау жөніндегі нұсқаулар мен жоспарлар, олардың пікірінше, осы мекемеден шытады деп есептеді. Шабуылшылар тек сегіз сағаттан кейін ғана қаланы тастап шықты. Содан соң Ақсұңқар, Саура және Долгий аралдарындағы шаруашылықтарды тонап, далада жазалау шараларын өткізіп жүрген ОГПУ-дың 68-дивизионына жасаған шабуылы сәтсіз шығып, Үстірт асып кетті. 1931 жылғы 27 шілдеде көтерілісшілер тобы (Жұматай Үсеновтің басшылығымен) қалаға қайтара шабуыл жасады. Осы оқиғадан кейін үкімет Бакуден тағы әскер шақырды.. Бірақ бұл жолы Баку отрядына тек аудан орталығын және радиусы 50 шақырымдай маңын күзету және көшіп-қонушылардың ісіне араласпау жүктелді..

Ауғанстан

Ауғанстан (пуштунша: افغانستان‎

, дари: افغانستان, Afġānestān), толық ресми атауы Ауғанстан Ислам Республикасы (пуштунша: د افغانستان اسلامي جمهوریت‎

, дари: جمهوری اسلامی افغانستان) — теңізге тікелей шыға алмайтын, Орта Шығыстағы мемлекет. Әлемдегі ең кедей елдердің бірі. 1978 жылдан бастап елде азамат соғысы жүріп жатыр.

Батысында Иранмен, оңтүстік-шығысында Пәкістанмен, солтүстігінде Түркіменстанмен, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен, шығысында Қытаймен, оңтүстігінде Үндістанмен (дұрысында Үндістан, Қытай және Пәкістан таласатын Джамму және Кашмир аумағымен) шектеседі.

Ауғанстан Батыс пен Шығыс түйісетін жерде орналасқан. Ежелгі сауда мен көші-қон орталығы болып табылады. Оның геосаяси жағдайы — бір жағынан Оңтүстік және Орталық Азияда, екінші жағынан Таяу Шығыста орналасуы, сол аймақта орналасқан елдердің арасындағы саяси және мәдени қатынастарында, маңызды рөл атқарады.

Колокотронис Теодорос

Колокотронис(Kolokostrones) Теодорос(14.04.1770, Картена,Месиния, - 15.02.1843,Афины) - 1821 - 29 жылдардағы ұлт - азаттық революция кезеңіндегі грек қолбасшысы. Оның басшылығымен көтерілісшілер 1821 жылы 26 қыркүйекте Триполисті алды, 1822 жылдың жазында Махмудпаша Драмалидің түрік армиясын жеңді. 1825 - 27 жылдары Колокотронис Пелопеннестегі грек әскелерінің бас қолбасшысы болды. Египет қолбасшысы Ибрахимпашаның әскерлері Пелопоннеске басып кіргенде, ол жаудың басым күшіне қарсы партизандық соғыс амалдарын шебер қолданды. 1835 - 43 жылдары, Король Оттон тұсында (1832 - 62) Мемлекет кеңесінің мүшесі болды.

Кіші жүз шаруаларының көтерілісі

Кіші жүз шаруаларының көтерілісі (1783-1797 жылдар) – феодалдық және отаршылдық езгіге қарсы бағытталған қозғалыс.Кіші жүздің Ресейге қосылуы қазақ қоғамының шаруашылық және мәдени дамуында елеуілі прогрестік рөл атқарды.

Сонымен қатар ол Кіші жүзде патша өкіметінің отаршылдық езгісінің күшеюне де себепші болды. Феодолистік қатынастардың одан әрі дамуы тап қайышылықтарының шиеленесуіне әкеліп соқты. Осының бәрі еңбекші бұқараның наразылығын туғызды. Бұл әсіресе көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ қауымдарына аса қажетті қоныстық жерлерді пайдалану мәселесінде анық байқалды. Патша өкіметінің 1756 жылғы бұйрығы бойынша қазақ қауымдарына Оралдың оң жақ бетіндегі жерлерді (ішкі жақ) пайдалануға тыйм салынды. Еділ (Волга) мен Орал аралығындағы едәуір жерлерді 1771 жылға дейін қалмақтар мекендеді. Олардың Жоңғарияға үдере көшуіне байланысты (1771 жылы) бұл жерлер босан қалды. Қазақ шонжарларының осы жерлерді қысқы жайылымға сұраған өтініштері патша өкіметі тарпанынан аяқсыз қалды. Қазақтардың «ішкі жаққа» өтуіне патша өкімет 1782 жылы ғана рұқсат берді. Кіші жүз ханы Нұралы және оның туыстары қоныстарды иемдену құқығын пайдаланып, халық бұқарасына барынша қиянат жасады. Олар «ішкі жаққа» өткен әрбір түтіннен 1 жылқы мен 1 қой алып отырды. Ал Орал қазақ орыстары басшыдарымен ауыз жаласқан хан мен сұлтандар мұндай ақы төлемейтін әрі ішкі жаққа өткен ауылдарды тонайтын.

Мұның өзі ханның тұқымының шекаралық әкімшілігі орындарының және Орал қазақ-орыстары билеуіші тобының пайда түсіретін табыс көзіне айналды. Бұл отаршылдық және феодолистік езгінің ұштасқанын анық аңғарты. Мұның бәрі көтерілістің шығуына себепші болды. Кіші жүзде жер мәселесінің шиеленесуімен қатар феодал шонжарлардың өз ішінде өкімет билігі үшін тартысы да өрши бастады. Патша өкіметінің қолшоқпарына айналған Кіші жүзі ханы Нұралы билер мен батырлардың саяаси өмірде атқарған жұмыстарын жоққа шығаруға тырысты. Сол мақсатпен ол билер кеңесін шақырса, олармен санасқысы келмеді. Өз кезегінде билер мен батырлар хан мен сұлтандардың құқықығы мен билігіне шек қоюға ұмтылды. Феодалдар топтар өкімет билігі үшін қырқыстары Кіші жүз шаруаларының көтерілісі барысында саяси күштердің жіктелуіне және оның дамқына белгілі дәрежеде әсер етті.

Кіші жүз шаруаларының көтерілісінің қозғалуышы күші феодалдық және отаршылдық езгіге қарсы күрескен шаруалар табы болды. Көтеріліске патриархалдық-феодалдық шонжарлар – билер мен батырлар да қатысты. Бырақта олар халық наразылығын өз мақсаттарына дәлірек айтқанда хандар мен сұлтандардың билігін шектеуге пайдаланды. Сондықтан да көтерілістің негізгі қозғаушы күші шарауалар мен патриархалдық феодалдық топтардың мүдделері бір біріне қайшы келді. Олардың арасындағы тап қайшылығы жойылмады. Кіші жүз шаруаларының көтерілісі кең көлемде өріс алғанымен шаруалар соғысының дәрежесінде жете алмады. Ол халық қозғалысы сипатында болды. Көтерілістің тікелей басталуына 1782-1783 жылдың қысында Орал қазақ-орыс әскері басшыдарының «Ішкі жаққа» өткізген 4 мыңнан аса жылқысын айдап әкетуі сылттау болады. Көтеріліс алғашында Кіші жүз жерінің батыс аймақтарына мекендеген Тама руын қамтып көп ұзамай Орал мен Жем өзендерінің аралығындағы басқа руларға да тарай бастады. Көтерілісшілер жасақтары құрылып, оларға ру басшыдары басшылық етті. Бұлардың ішінде әсіресе Байбақты руының басшысы Сырым Датовтың ықпалы зор болды. Кіші жүз шаруаларының көтерілісі 1784 жылға дейін Орал әскерлеріне қарсы бағытталды.

Мәселен, көтеріліс басшысы Сырым Датұлы 1783 жылы Нұралы ханның ауылдарын талаған Чаганов басқарған шеп әскерлерімен соғысты. Чаганов тұтқынға алынды. Сырым оны Хиуаға құлдыққа сатып жиберді. Бырақ сол жылдың өзінде жазалаушы отряды Сырымның өзін тұтқындады. Оны Нұралы хан мал беріп құтқарып алады. Тұтқыннан босаған соң Сырым Табын руының басшысы Тленіш Бөкенбай ұлының қолдауымен Орал қазақ-орыс әскерлерімен күреседі. Бырақ Сырымды Нұралы хан қолдамады. Қайта оған қарсы шығып шекаралық әкімшіліктен көтерілісті басу үшін әскер жиберуін талап етті. Сырым бастаған халық қозғалысы 1784 жылдан бастап Әбілқайыр әулетінің шыққан хан мен сұлтандарға қарсы бағытталды. 1785 жылдың басында Сырымның отрядында 2700 адам болса, жалпы көтеріліске қатысқандар саны 6 мыңнан асты. Көтерілістің бұлайша кең жайылуынан қауіптенген патша әкімшілігі енді оны қарулы күшпен басуға кірісті. Осы мақсатпен Орынборда генерал Смирнов бастаған әскери отряд құрылып ол 1785 жылғы ақпанның орта ішінде Елек өзеніне қарай беттеді. Ал Колпаков пен Пономарев бастаған әскери отряддар Оралдан Жем өзеніне бет алды. Алайда бұл отрядтар халық қозғалысын баса алмады.

Бұл кезде көтеріліске қатысқан ауылдар Жем бойынан көшіп кетті. 1785 жылы наурыз айында Сырым бастаған шағын отряд Антоновск форпосты мен Сахарная қамалына шабуыл жасады. Дегенмен сол кездегі соғыс өңіріне сай қарулаңған гарнизондарға Сырым жасақтары тойтарыс бере алмады. Осы кезде Назаров бастаған жазалаушы отряд Каршинск форпосты мен Сахарная қамалына жақын жерлерде көшіп жүрген бірнеше Табын руы ауылдарын тонады. Ал мұның өзі халық назарлығын күшейтіп, енді оған бұрын көтерілістен тыс қалған қауымдар қосылды. Осы жылдың орта шеңінде Кіші жүздің көптеген рулары Нұралы хаңға бағынбай көтеріліс жағына шықты. Соның салдарынан Нұралы ханның өкіметі едәуір дағдарысқа ұшырады. Көтерісшілер хан мен сұлтандарға сондай-ақ патша әкімшілігіне қарсы жүргізген күресі қалын бұқара тарапынан қолдау тауып отырды.

Хандық өкіметінің дәрменсіздігін жақсы түсіңген жергілікті патша әкімшілігі енді Кіші жүз шаруаларының көтерілісінің бастаған басшыларымен тікелей байланыс жасауға кірісті. Осы мақсатпен генерал губернатор О.А. Игельстром көтерілісшілерге елші етіп жіберді. 1785 жылдың жазында көтерілісшілерінің қатысуымен өткен басшылар жиналысында патша әкімшілігінің көтерілісті тоқтату жөніндегі талаптары талқыланды. Олар сонымен қатар генерал-губернаторға өз талаптарын білдірді. Көтеріліс басшылары қазақ қауымдарына Орал мен Еділ аралығындағы қоныстарды беруді және Орал қазақ-орыс әскерлерінің жазалау отрядтарын жіберуді тоқтатуын талап етті. Көтеріліске қатысқандардың басты талаптарының бірі Нұралы ханды тақтан түсіру болды. Ал сол жылдың күзінде болған басшылар жиналысы Нұралыны бұдан былай хан деп танудан бас тартатындықтарын білдірді. 1786 жылдың сәуір айында көтеріліске қатысушылардың қысымымен Нұралы шекаралық шептегі қамалға қашуға мәжбүр болды. Сол жылдың маусым айында Екатрина ІІ Нұралыны хандықтан түсіру туралы жарлыққа қол қойды. Осы жағдайды пайдалаңған патша өкіметі Кіші жүзде хандық өкіметті біржолата жоймақшы болды. Мұны «Игельстром реформасы» жүзеге асыру тиісті еді. Алайда бұдан еш нәрсе шықпады. Өйткені қазақ қоғамының өз ішінде басқарудың хандық жүйесін жою үшін әлі де болса қажетті алғы шарттар жетілмеген болатын. Оның үстіне көтеріліске қатысқан басшылардың барлығы да бірдей хандық өкіметті жоюды қолдамады. Олардың бір бөлігі Нұралыға ғана қарсы шығып, Жәдік әуелетінен шыққан Қайыпты хан етіп сайлауды ұсынды. Сондықтанда «Игельстром реформасында» сәйкес құрылған шекаралық сотпен сот келісімін орындау ешқандай нәтижесін бермеді. Кіші жүздегі басқару жүйесі басшылардың көмегімен жүргізуге бағытталған шаралар іске аспай қалғаннан кейін патша өкіметі өз назарын қайтадан «ақсүйек» өкілдеріне аударды. О.А.Игельстромның орнына жаңадан генерал-губернатор болып сайланған Пеутлинг енді Нұралының інісі Ералы сұлтанмен байланыс жасады.

Осы кезден бастап (1790 жыл) Орал қазақ-орыс әскерлері басшыларының қазақ ауылдарына шабуыл үдей түсті. Жазалаушы отрядтардың іс-әрекеттерін сұлтандар қолдады. Мұның өзі халық наразылығын күшейтті. Оның үстіне ел арасында Нұралы хан қайта оралады деген хабар тарады. Осыған байланысты Кіші жүзі ауылдарында стихиялық толқулар күшейіп, көтерісішілер жасақтары Ойыл және Шыңғырлау өзендерінің бойына шоғырланды. Көтеріліс барысында таптық күштердің жіктелуі барған сайын айқындала түсті. Билер мен басшылардың кейбір топтар халық наразылығын одан ары өріс алуынан қорқып сұлтандармен ауыз жаласып кетті. Сөйтіп көтерілістің негізін қозғауышы күші болған шаруалар мен патриархалдық феодалдық шонжарладың мүдделері қайшылыққа ұшырай бастады. Алайда патриархалдық-феодалдық дәстүрге шырмалған езілген халық бұқарасы «өз» феодалдарына қарсы басты күрес жүргізе алмады.

1790 жылы тамыз айында Нұралы хан Уфа қаласында қайтыс болды. Кіші жүздің кейбір ру басылары Есімді хан көтерді. Алайда патша өкіметі оны қолдамай, Ералы сұлтанды хан болып сайлауды ұсынды. Ақыры ол патша өкіметі әскерінің қолдауымен хан болып жарияланды. (1791 жылы тамыз айында) Сұлтан тобының басшысы Ералының хан болуымен халық наразылығы күшейді. Сырым бастаған топ енді әскерлерімен кіші-гірім қақтығысулардан бас тартып 1792 жылы ашық соғыс қимылдарына көшті. Патша қамалдарына шабуыл жасай бастады. Бырақ олар айтарлықтай нәтижеге жете алмады. Өйткені сол кездегі соғыс тактикасын барынша меңгерген қамал горнизандарының күші қазақ жасақтарының әлдеқайда басым болатын. Сондықтан да көтерілісшілердің 1792 жылдың күзінде жасаған шабуылы сәтсіз аяақталды.

Бұдан соң көтеріліс басшылары соғыс тәсілдерін өзгертіп партизандық соғыс тәсілдерін қолданды. Олар шекаралық бекіністерге, сұлтандар мен олардың қолдаушылардың ауылдарына тұтқиылдан шабуыл жасап, адамдарын тұтқыңға алды. 1794 жылы Ералы хан қайтыс болғаннан кейін патша өкіметі кіші жүз ханы етіп, Нұралының баласы Есімді сайлады. (1796 жылы). Көтеріліс басшыларын патша өкіметіне ұстап берді. Орынбордың соғыс губернаторы болып тағайындалған барон Игельстромға көтерілісті біржолата басуға бағытталған шараларды жүзеге асыру жүктелді. Дегенмен Кіші жүз шаруаларының көтерілісі толастамады. 1797 жылы наурыз айында көтерілісшілердің бір тобы хан ауылына шабуыл жасап, Есімді өлтіріді. Ханның өлтірілуі феодал топтарының Сырымға қарсы шығуына себепші болды. Мәселен Сырымға қарсы жіберілген жазалаушы отрядтың құрамына кіші жүздің Байбақты, Алаш, Беріш, Тама, Адай, Шеркеш тағы басқа рулардың билері мен басшылары болды. Есім хан өлтірілгеннен кейін Кіші хан жүзде хан кеңесі құрылды. Оған Айшуақ сұлтанның басқа алты басшылықтары және патша әкімшілігінің өкілі муфти Құсайынов кірді. Бұл кеңестің құрылуы сұлтандар мен ірі патриархалдық-феодалдар шонжарлардың мүдделеріне толық сай келіп халық көтерілісін басып-жаныштауға жағдай жасады. Хан кеңесінен 1797 жылы тамыз айында болған мәжілісіне Сырым мыңға тарта адаммен келіп тоқтататының мәлімдеді. Сырым хан кеңесінің құрамына енгізілді. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ 14 жылға созылған Кіші жүз шаруаларының көтерілісі тоқтады.

Отыз алты айла

Отыз алты айла (Sān shí liù Jì) — ("Қытайдың 36 қулығы" деп те аталады,) әуел баста соғыста, сосын саясатта, мәдениетте, экономикада, тұрмыста қолданылған қулық-сұмдықтар топтамасы, ол сонымен бірге адамдардың жеке қарым-қатынастарында, көп жағдайда алдамшы немесе қалыптан тыс әдістерге сүйене отырып бірқатар айла-шарғыларды қолдану туралы қытай тілінде жазылған арнаулы шығарма. Оны заманымыздың V ғасырында, Қытайдың Лю Сун патшалығы заманында Tan Daoji деген әйгілі соғыс генаралы ежелгі кітаптардағы қытай қулық-сұмдықтарын жинақтап, өзінің соғыс амалдарын қорыту арқылы жазып қалтырған.

Негізінен қытайды түсіну үшін қытайдың әскери айла-шарғыларын түсіну керек. Олардың ең ежелгі ойшылы Лао-цзы айтқан екен: "Жұмсақ қаттыны, әлсіз күштіні жеңеді" деп. Яғни тамшы су тасты теседі, жұмсақ, биязы амалдар қатал келуге қарағанда өнімді болады, қатып алғандар тез сынады, жұмсақ, бейімделгіш нәрсе өміршең, ортаға сәйкескіш болады. Ал, әлсіз күштіні жеңетін себебі, әлсіздер өз әлсіздігі себепті ақыл ойлай бастайды, қулық қарастырады, шығар жол іздейді. Ал, күштілер өз күшіне сеніп қалады, күштілік көбінесе қулықтың алдында сәтсіз болады. Ертегілерде кездесетін "арыстанды құдыққа құлатқан құмырсқа" туралы әңгіме желісі көбінесе осы идеяны айтатын секілді.

Сондай-ақ, Лао Цзы "Соғыспай жеңу" деген идеяны ұсынған. Бұл идея бойынша егер жауыңды соғысып жеңсең, күшпен бойұсындырсаң, олардың көңілінде қайткен күнде де өшпенділік болады, бүгін болмаса, ертең, ертең болмаса бүрсүкүні күшейсе сенен өш алмай қоймайды. Соғыспен жеңу уақыттық қана бойсұнуды туғызады. АЛ, соғыспай жеңу деген жауыңды жұмсақ амалдармен риза етіп, сеніміне бөленіп, мәдени тәуелді етіп, өз аяғымен саған келіп берілуге қол жеткізу. Мұндай жеңіс тұрақты болады. Сондықтан "соғыспай жеңуге" тырысу керек дейді.

Сосын Лао Цзы және "Құпиялықта құдірет бар", "Құпиялық үрей туғызады" деп есептеп, құпиялыққа мән беруге, құпиялық арқылы өз жараңды сыртыңа білдірмей ("Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде"), сыртқа күшті көріну керек екенін ескертеді. Құпиялығы жоқ нәрсені кез келген нәрсе жеңіп алады, сондықтан Бірінші ереже Құпиялық болуға тиіс деп есептеген. Лао Цзыдың бұл идеяларының бәрі бүгіндері Қытай мәдениетінің қанына сіңіп кеткенін байқаймыз. Қытай айлакерлігінің үлкен бір тамыры осы Лао Цзыдың идеяларында жатыр.

Қытайдың айлакерлікке қатысты кітаптары осы "Отыз алты айламен" шектелмейді. Осыдан 2500 жыл бұрынғы қытай ойшылы Сун Цзы "Сун Цзының соғыс өнері" кітабын жазған. Аталған кітап күні бүгінге дейін әр елдің қорғаныс саласындағы оқыту істерінде, үлкен әскери жобалар мен әркекеттерде тіке пайдаланылады.

Бұдан басқа Қытайдың әйгілі романдарының бірі "Үш патшалық хикаясы" деген кітабында да не бір айла-тәсілдер әдеби тәсілде айшықты жазылған. Онда қытай үш патшалық болып бөлінген кезде әскери айлакерліктің не бір тірі мысалдар көрсетілген.

Қытайды азат етуші көсемі Мау Зыдоң қытайдың ішкі соғысы мен жапонға қарсы соғысында осы Дао ағымының, сосын Сун цзының әскери ілімдерін жетілдірген, "Отыз алты айла" кітабындағы көптеген соғыс айлаларын тіке қолданған. Әсіресе партизандық соғыс жасау, соғыстың қозғалысты күйін сақтау, жау күшті, өзі әлсіз болғанда ұзаққа созылатын соғыс жасау, практикалық білімді негіз ету, қарапайым халықтың күшіне сүйену, шаруаларға жер бөліп беріп қолдауын қолға келтіру секілді көптеген ережелермен, айла-тәсілдерді дамытты.

Оны Батыс әлеміне алғаш рет таныстырған швейцариялық Һарро фон Зенгер болатын. Ол Тайбэй университетінде жұмыс істеп жүрген кезінде «Түк шықпаса, онда қашып құтыл» деген қытай мақалымен танысады.

Қазір бұл кітап әлемдегі әскери соғыс тактикасы мен стратегиясы үшін маңызы айырықша әлемдік кең тараған кітаптардың бірі есептеледі. Қытай елі 5000 жыл бойы көптеген халықтар жағынан бодан етілсе де, ақыры қытайлық мәдениет бәрін жеңіп, өзін билегендерді түгел қытайластырып шығуына бұл кітаптың зор әсері болғаны сөзсіз.

Спитамен

Спитамен , Сыпатай (шамамен біздің заманымыздан бұрын 345 – 326) – сақ қолбасшысы. Әкесі соғдылық, шешесі сақ қызы. Әкесі жас кезінде гректерге тұтқынға түсіп, Афинаға құлдыққа жіберілді. Спитамен Афинада скиф жасағының құрамында тәрбиеленді. Ол Александр Македонскийдің Азияға жорығы алдында сақ даласына қайтып оралды. Спитамен македон басқыншыларына қарсы 3 жыл бойы партизандық соғыс жүргізді. Әсіресе біздің заманымыздан бұрын 329 – 328 жылдары Спитамен басшылығымен сақтар соғды жерінде Македонскийге күшті қарсылық көрсетті. Ежелгі грек тарихшысы Арриан Македонскийдің Сырдариядан жүзіп өтіп, сақтарға қалай шабуыл жасағаны туралы жазады. Бұл шабуылда грек-македон әскерлері қырғынға ұшырай жаздады. Күннің ыстығы, сақтардың жиі-жиі қолайсыз шабуылдары мен соғысу тактикасы гректерді әбден әлсіретті. Сақтар грек гарнизоны орналасқан Марқандты (Самарқанд) қоршауға алды. Македонский көмекке әскер жіберді. Спитамен шегінген сыңай танытты. Гректер “қорқып қашқан көшпелілердің соңынан қуа жөнелгенде, Спитамен кері бұрылып шабуылға шықты. Гректер өзендегі кішкентай аралға қарай қашты. Бұл жерде скифтер мен Спитаменнің атты әскері оларды қоршауға алды да садақпен атып, түгел қырып салды”, – деп жазады Арриан. Сақтар Македонскийдің ірі әскери бөлімдерінің бірін осылай талқандады. Кейбір деректерге қарағанда, осы соғыста Александр сақ сарбазының садағы тиіп, санынан жараланған. Сөйтіп сақтар басқыншылардың Шығысқа қарай жүретін жолын бөгеп тастады. Спитамен Македонскийдің жүрегін шайлықтырған бірден-бір батыр ретінде әлем тарихынан орын алған ержүрек тұлға. Жазушы В.Янның “Отқа оранған қорған” атты повесі Спитамен жөнінде толық мағлұмат береді. Жазушы Т.Жұртбаевтың “Дулыға” атты 1-кітабында Спитамен бейнесі көркем суреттелген.

Сырдария көтерілісі

Сырдария көтерілісі-жергілікті халықтың 1916 жылы 25 маусымдағы патша жарлығына байланысты туған бас көтерулері. Сырдария көтерілісі 11 шілдеде Ташкенттің байырғы халқының қозғалысымен басталды. 1916 жылы тамызда Сырдария облысының Әулиеата уезін қамтыды. Көтерілісшілер жергілікті әкімдердің, болыстар мен байлардың мал- мүлкін жойды, полициямен және патша әскерлерімен қақтығыста «Қара жұмысқа адам бермеуге» бел байласты. Олар патша үкіметінің жазалаушы отрядымен алғаш рет Әулиеата уезінде қақгығысты. Күрес Мерке маңайында күшейе түсті. Мерке, Құлан өңірлерінің 7 болыс елі көтеріліс басшысы етіп Ақкөз батырды, орынбасарлығына Досмайыл батырды сайлады. Көтерілісшілер Мерке - Пішпек, Мерке - Әулиеата телеграф сымдарын үзді. 29 тамызда көтерілісшілер Меркені қоршап, приставтың келісімге шақырғанын қабылдамады. Меркені патша гарнизоны зорға ұстап қалды. Көтерілісшілер Әулиеатаны алу мақсатымен Шу өзені бойына топтала бастады. Патша әскері тойтарыс беру үшін окоптар қазып, баррикадалар тұрғызды. Қаладағы патша гарнизонында 1000 солдат, 200 жасақшы болды. 17 қыркүйекте Әулиеатадан 70 км Алакөл құмында жазалаушы отрядпен шайқас басталды. Көтерілісшілер үш рет жазалаушы отрядқа қарсы шықты. Зеңбірек, пулеметтерден атылған оққа қарсы тұра алмай, кейін шегінуге мәжбүр болды. Қыркүйектің аяқ кезінде халық толқулары басылып, көтерілісшілер жеке отрядтарға бөлініп, партизандық соғыс жүргізді. Әулиеата уезі бастығының бұйрығы бойынша көтеріліске қатысқандардың тізімі жасалып, олар қатаң жазаланды. 50 мыңдай адам қара жұмысқа алынды. Сырдария көтерілісі патша өкіметін құлатқан Ақпан революциясына ұласты.

Юань Империясы

Юань Әулеті – Қытайда билік жүргізген моңғол әулеті (13 – 14 ғасырларда). Әулеттің негізін Шыңғысханның немересі Құбылай қалады.

1206 ж. Орталық Азияны мекендеген көшпелі түркі-моңғол тайпаларын бағындырған Шыңғысхан 1211 – 15 ж. Қытайды жаулап алуды бастап берді, ал оның мирасқоры Үгедей хан 1234 ж. Солтүстік Қытайды толық бағындырды. 13 ғасырдың 50-жылдарының соңына қарай Шыңғысхан империясы іс жүзінде бірнеше дербес мемлекеттерге бөлінді, солардың бірін Құбылай басқарды. Ол Қытайды жаулап алуды әрі қарай жалғастырды да өз мақсатына жету үшін мемлекет астанасын Қарақорымнан Дадуға (Пекинге) көшірді (1264). Алғашқыда бұл мемлекетке Моңғолия мен Солтүстік Қытай жері кірді. 1271 ж. Құбылай өз иелігіне “Юань“ деген ханзу (қытай) атауын берді. Оның әкімшілік жүйесі қытай үлгісінде жасалды. Бірақ сол кездегі саяси жағдайларға байланысты оның өзіндік ерекшеліктері де бар еді. Мысалы, Қарақорым мен Шанду (Ханбалчасун, кейіннен Кайпин) қалалары Пекинмен бірдей астана саналды. Ел аумағы жергілікті хатшылықтар (син-чжуншушэн) басқаратын 11 провинцияға бөлінді. Шаньдун, Шаньси, Хэбэе сынды аумақтардың біразы тікелей Сарай хатшылығына бағынды. Сондай-ақ кейбір моңғол ақсүйектерінің үлестік жерлері де орталық және жергілікті әкімшілік билікке бағынбады. Жоғарғы үкімет – чжуншушэн (сарай хатшылығы) болды. Хатшылыққа 6 мекеме бағынды. Императордың жанынан шенеуніктердің қызметін қадағалайтын “әскери кеңес“ (шумиюань) пен “цензорат“ (юйшитай) жұмыс істеді. Жоғарғы билік орындарында моңғолдар мен түрік тектес халықтардың өкілдері отырды. 1279 ж. Құбылай Оңтүстік Қытайдағы Сун империясын талқандап, Қытайды жаулап алуды аяқтады. 13 ғасырдың 70 – 90 ж. Юань Әулеті тарапынан Вьетнам, Бирма, Тямпа, Жапония мен Яваға қарсы жорықтар жасалғанымен, бұл елдерді бағындыру мүмкін болмады. Корей мемлекеті Юань Әулетінің билігін мойындады, мұнда моңғол уәкілі отырды. Құбылайдың мирасқоры Темір (Тэмур) тұсында да (1295 – 1307) осы саясат өз жалғасын тапты. Бірақ ол қайтыс болғаннан кейін елде таққа талас басталып, берекесіздік орнады. 1308 – 1332 жылдары 8 император бірін-бірі алмастырды. Бұл берекесіздік Тоғон-Темір билік еткен жылдары (1333 – 1368) біршама тоқтағанымен, мемлекетте жергілікті қытайлардың көтерілістері басталды. 1351 – 68 жылдарды қамтыған бұл көтерілістің нәтижесінде Юань Әулетінің билігі құлатылып, орнына Мин әулеті келді. Юань Әулеті өкілдері Моңғолияға қашуға мәжбүр болды.

Юань Империясы, Дай Юань (Ұлы Юань) – 1271 – 1368 жылдар аралығында Қытайда билік құрған көшпелілер мемлекеті. Мемлекеттің негізін қалаған Шыңғысханның немересі Құбылай болды. Шыңғысханның қол астына біріккен түркі-моңғол тайпалары Қытайды жаулап алуды ұлы жихангердің көзі тірісінде бастағанымен бұл жорықтар аяғына дейін жеткізілген жоқ. 13 ғасырдың 50 жылдары Шыңғысхан империясы іс жүзінде бірнеше дербес мемлекеттерге бөлініп кетті. Соның бірін басқарған Құбылай Қытайды әрі қарай жаулап алуға кірісті. Өз мақсатына жету үшін ол 1264 ж. астананы Қарақорымнан Дадуға (Пекинге) көшірді. 1271 ж. Құбылай өз әулетіне қытайша Юань атауын берді. 1279 ж. ол оңт-тегі сун империясын біржолата талқандап, Қытайды жаулап алуды аяқтады. Қытайды толық басып алғаннан кейін ол қытайлық дәстүрді жалғастырып, өзін “Көктің ұлы” деп жариялады. Моңғолдар Қытайда билік ету үшін сол елдің сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мемлекеттік тәртіптерін сақтауға, биліктің қытайлық түрін қабылдауға мәжбүр болды. Құбылай бүкіл Қытайды 11 провинция, 180 округке бөлді, оларды басқаратын уәкілдерді өзі тағайындады. Халықтың әлеумметтік құрылымы өзгертілді, бірінші орынға – түркі-моңғолдар шығарылды, одан кейінгі орында – шетелдіктер (негізінен мұсылмандар), соңғы орында қытайлықтар тұрды.

Алдыңғы екі топтың артықшылық құқықтары көп болды. Мемлекеттік тілі – моңғол тілі болып жарияланып, қытайларға қару асынуға тыйым салынды. Жоғарғы қызметтерге қытай еместер тағайындалды. Жер иеліктерін, ауылдар мен қалаларды моңғол билеушілері өздеріне туыс ауқатты шонжарларға, оларға қызметке келген шетелдіктерге, буддалық ғибадатханаларға үлестіріп берді. Мемлекеттегі ірі қалаларға Құбылай өз гарнизондарын орналастырып, әскери тәртіп жағдайын енгізді. Арнайы рұқсатсыз ешкімнің еркін жүріп-тұруына, саудамен айналысуына, басқа жаққа қоныс аударуына құқы болмады. Ерекше бақылауға алынған қытай саудагерлері тауарларын ел ішінде еркін алып жүре алмайтын және сыртқа да көп шығара алмайтын. Оның есесіне мұсылман саудагерлерге және еуропалықтарға Қытайға кіруге еркін жол ашылды.

Қытайларға мүлдем сенбеген Құбылай өзінің орасан зор мемлекетін басқару үшін билікке шетелдіктерді көптеп тартты. Мысалы, Орталық азиялық саудагер Ахмед қаржы саласын басқарса, әскери саланы сириялық Насир ад-Дин өз қолында ұстады, италиялық Марко Поло губернатор болып тағайындалды. Дегенмен Құбылай өзінің ең басты тіректері ретінде түркі-моңғол ақсүйектеріне арқа сүйеді. Сарай маңында және ірі-ірі провинциялардың ішінде басты рөлді көшпелілер атқарды. Әсіресе, жалайыр, керей, қоңырат, арғын, найман, қыпшақ, т.б. тайпалардан шыққан саяси қайраткерлер, қолбасшылар, дипломаттар көп болды. Олар Юань Империясындағы саяси, әскери және экономикалық билікті өз қолдарында ұстады. Құбылай қытай жазуына өзгеріс енгізуге тырысып, 1281 ж. даосизм ілімін насихаттайтын кітаптарды өртеуге бұйрық берді. Биліктен қуылған қытайлық билік өкілдері жиі-жиі моңғолдарға қарсы құпия бүліктер ұйымдастырып отырды. 1282 ж. астанада болған осындай кезекті көтерілістен кейін шетелдіктер елден қаша бастады. Осыған байланысты Құбылай қайтыс болған соң оның мұрагерлері сарайға қытайлық әкімдерді қызметке алуға мәжбүр болды. Юань Империясы 1274 және 1281 ж. Жапонияны бағындыру үшін әскери-теңіз экспедициясын жасақтады. Бірақ олардың кемелері күшті теңіз дауылдарына шыдамай, жапон аралдарына жете алмады. Осыдан кейін империяның назары оңтүстікке ауды. Құбылай 13 ғасырдың 50 жылдарында-ақ Вьетнамға дейін жеткенімен, жергілікті халықтың қатты қарсылығына тап болды. 1280 – 90 ж. Вьетнам мен Бирмаға жасалған жорықтар сәтсіздікке ұшырап, ол жерлерде моңғол басқыншыларына қарсы жаппай партизандық соғыс басталды. Оңтүстіктегі порттарды басып алуға аттандырған қытай флоты Қызыл өзенінің айрығында суға батырылды.

Бірте-бірте империяның әскери күш-қуаты сарқылды. Осыған байланысты билеушілер басқыншылық саясаттан бас тартып, өз шекараларын қорғауға кірісті. Көп ұзамай қоршаған ортаға байланысты биліктегі моңғол ақсүйектері де қытайлана бастады. Құбылайдың орнына келген Темірден (Тэмур) (1295 – 1307) кейін билік үшін үміткерлердің кескілескен күресі басталды. Соның нәтижесінде 1308 – 1332 ж. арасында 8 император алмасты. Тоғон Тэмир (Тұқа-Темір) (1333 – 68) билік еткен кезде Қытайда моңғолдарға қарсы халық көтерілісі (“Қызыл әскерлер” көтерілісі – 1351 – 68 ж.) басталды. Көтерілісшілер моңғолдардың негізгі күштеріне қарсы аттанып, 1368 ж. Юань Империясынің астанасы болған Даду (Пекин) қаласын басып алды. Юань Империясынің соңғы императоры өзінің қалған әскерімен, туыстарымен Моңғолияға қашып кетті. Сөйтіп қытайхалқының көп жылдық күресінің нәтижесінде жергілікті Мин әулетінің негізі қаланды.

Басқа тілдерде

This page is based on a Wikipedia article written by authors (here).
Text is available under the CC BY-SA 3.0 license; additional terms may apply.
Images, videos and audio are available under their respective licenses.