Мәдениет

Disambig gray.svg Басқа мағыналар үшін Мәдениет (айрық) деген бетті қараңыз.

Мәдениет – адамның өз қолымен, ақыл-ойымен жасағандары және жасап жатқандарының бәрін түгел қамтиды. Жай ғана сауат ашудан және тазалық ережелерін сақтаудан бастап, өмірдің асқан үлгілі шығармаларын жасағанға дейінгі ұғымды қамтып жатқан – мәдениет саласының өрісі кең.

Мәдениет – тарихи құбылыс. Оның дәрежесі мен сипаты қоғамдық өмірдің жағдайларына байланысты өзгеріп отырады. Тарихи дәуірлердің алмасуы мәдениеттің мазмұны мен формаларына сөзсіз терең өзгерістер енгізеді.

Мәдениетті тұлғалық сипатта қарастырғанда, бірнеше елеулі түсініктерге тоқтала кету қажет, олардың ішіндегі маңыздылары:

  • мәдени әрекет,
  • мәдени орта,
  • мәдени игіліктер мен қажеттіліктер және
  • мәдени ұйымдар мен ұжымдар.

Бұлардың арасында ең түбегейлісі — мәдени әрекет. Әрекеттену — жалпы адам мен қоғамның өмір сүру тәсілі, тіршіліктің тірегі. Мәдени әрекет деп, әдетте, мәдениет игіліктерін өндіруге, таратуға, тұтынуға бағытталған мақсатқа сәйкес әлеуметтік іс-қимылдарды атайды. Мәдени игіліктерді толассыз жасау нәтижесінде адам өзінің де мәдени деңгейін көтереді. Осы әрекеттің қайнары, түпкі қозғаушы күші ретінде ғылым адамның талап-мұқтаждарын, мәдени қажеттіліктерді бөліп қарастырады. Осылардың қатарына біз мынандай адамдық қажеттіліктерді жатқызамыз: өмірдің мәні мен мағынасын іздеу, өмірден өз орнын табуға ұмтылу, шығармашылыққа талпыныс, альтруизм, гумандылық және тағы басқалары. Мәдени орта ұғымы мәдениеттің коммуникациялық (қатынастық) табиғатымен тығыз байланысты. Мәдени орта заттық-материалдық, әлеуметтік ұйымдар мен ұжымдардан, рухани қызмет орындарынан тұрады. Оларға техника мен қүрал-жабдықтардың даму деңгейі, тұрмыстық мәдени дәрежесі, адамдардың білімділігі, кәсіптік шеберлігі, рухани мәдениетті сақтау және насихаттау ұйымдары (мұрағаттар, мұражайлар, кітапханалар, клубтар және тағы басқалар) жатады.

Қайсыбір ұлттық мәдениетті алсақ та, ондағы салт-дәстүрлер жүйесіне бірден назарымыз ауады. Белгілі философ Иоганн Готфрид Гердер :

« «Салт-дәстүр, тіл мен мәдениет бастауларының анасы» »

- деген [1].

Мәдениет өзінің кең мағынасында бір ұрпақтың келесі ұрпаққа жолдаған өмір сүру тәсілі болғандықтан, осы жалғастықты, мұрагерлікті жүзеге асыратын салт-дәстүрлер жүйесі мәдениет өзегін қүрастырады. Әсіресе, жазу-сызу болмаған ерте заманда мәдениет ырымдар мен сәуегейлікке, . сенім-нанымдарға, дәстүрлі түсініктерге иек артқан. Ал салт-дәстүрлерге Ғұзыхан Ақпанбет мынандай баға береді:

« «Олар — терең философиялық ойдың, ғасырлар бойы жинақталған тәжірибенің сұрыпталған түжырымы, негізгі нәрі, қысқа да көркем бейнесі». [2]. »

Ғасырлар бойы күнделікті іс-тәжірибе негізінде сұрыпталған жазу-сызу мен азаматтық қоғам өлі жоқ кезде қалыптасқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар мәдени мирасқорлықтың жалғыз мүмкіндігі болды. Ескі ырымдар мен әдет-ғұрыптардан надандық, анайылықты емес, қазіргі үлттық мәдениеттердің архетипін аңғарған жөн.

Кез келген ұлттық мәдениеттің негізі мен ділін, ондағы адамгершілік қасиеттер мен дүниетанымды үғыну үшін мәдениеттің тағы бір түп-тамыры дінге жүгіну қажет. Тоталитарлық жүйе ұлттық мәдениеттерді құрту мақсатында, дінді «апиын» деген марксизм қағидасын басшылыққа алып, ешқандай қасиетті тірліктері жоқ, шолақ белсенді мәңгүрттерді тәрбиелеуге тырысты. Ал шындығында діни Ренессанс мәдени дамуда орасан зор роль атқарды. Дінге дейінгі дүниетаным ретіндегі мифте табиғат қасиетті күштерге баланса, ұлттық немесе дүниежүзілік діндерде адам мен қоғамның құдіреттілігіне басты назар аударылады. Осының нәтижесінде өркениет қалыптасады. Жалпы алғанда, дінтанусыз мәдениеттану жоқ.

Мәдениет тарихы

Мәдениет ұғымы алғашқы пайда болған кезде ол адамның табиғатқа ықпал етуін анықтау үшін, яғни оның дүлей күштерін бағындырып, көздеген мақсатына жететіндігін білдіру үшін қолданылады. Әсіресе Мәдениет туралы түсініктің кең қолданылуы 19 ғ-да Мәдениет өрлеу дәуірінде тарихшылар мен этнографтардың еңбектерінде ерекше орын алды. Тіпті сол кезде «Мәдениет тарихы» деген пән де пайда болды.

Мәдениет және өнер

Tamgaly3
Тамғалы шатқалындағы (Алматы облысы) петроглифтері
Musicians and dancers on fresco at Tomb of Nebamun
Ежелгі Мысыр өнері
Hasht-Behesht Palace ney and Tar

Мәдениеттің өзекті бөлігі — өнер. Таңбалы тастағы кескіндер мен тағы адамдардың ырым-билерінен бастап, Рафаэль мен Микеланджелоның мәңгілік туындыларымен жалғасқан, халықтың шығармашылық рухынан туған талай сұлу дүниелерсіз, өнер әлемінсіз, қандай мәдениеттің болсын рухын сезіне алмаймыз.

Шынында да, өнер мөдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі — оның әсемдікке, сұлулыққа ұмтылуы. Осыған дейін қарастырылған анықтамалардан бір түйінді ой айтуға болады: мәдениет — адам әлемі. Мәдениет көріністерінде адамдық парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игіліктер дүниесі құралған. Сонымен бірге мәдениет адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Әл-Фараби айтқандай, адам — «хайуани мадани», яғни, Мәдениетті жан. Адам — табиғат туьндысы және ол үшін табиғи орта мәңгілік қажеттілік болып қалады. Мәдениет адамнан табиғатты бөліп алады деген пікір қанша рет айтылса да, адамның табиғи шығармашылықтың ең жоғары үлгісі екендігіне күмән жоқ. И. Гердердің тілімен айтқанда, адам — табиғаттың бірінші азаттық алған пендесі.

Ғасырлар — адамның мәдени дамуының куәсі. Бірақ осы алға қарай жылжу Жер-Анаға әр уақытта жайлы бола бермеді. Адам қоршаған ортаны өзіне ыңғайлы тұраққа айналдыруға тырысты, алайда осы белсенділік көп жағдайда табиғатты күйзелтіп, құлдыратып жіберді.

Мәдениет пен табиғатты қарама-қарсы қоюдың бір түрі адамның табиғи анти мәдениеттілігі жөніндегі ілімдер еді (киниктер, Фридрих Ницше). Контрмәдениет атты XX ғасыр туындысы бұқаралық мәдениеттегі руханилықтың затқа, тауарға айналуына қарсы қозғалыс сипатында болды. Мәдениет пен табиғатты ұштастыруға тырысатын ілім — мәдени антропология. Оның негізін са-лушылардың бірі — Э. Уилсон.

Әрине аталған ілімдер табиғи-биологиялық заңдылықтарды тым әсірелеп жібереді, әйткенмен оның қисыны бар сияқты. Өйткені, XX ғасыр мәдениет пен табиғат дилеммасының адам тағдыры үшін қауіпті екендігін көрсетіп, заман талабына сәйкес экологиялық мәдениет ілімін тудырды. Адамдық шовинизмді тежейтін бұл ілімнің негізі есебінде мынадай идеяларды атап өткен жөн:

  1. академик В.И. Вернадскийдің Ноосфера (парасатты орта) туралы ілімі;
  2. Рим клубының экологиялық түжырымдары;
  3. Тейяр де Шарденнің адам жөніндегі гуманистік эволю-циялық теориясы;
  4. Л.Н. Толстой, М. Ганди, А. Швейцер, Э. Фромм т.б. дамытқан гуманистік этика т.б.

Шығыс мәдениеті мен Батыс мәдениетінің айырмашылығы

Тағы айта кететін жайт, осы экология мәселелеріне байланысты Шығыс пен Батыстың арасындағы айырмашылық туралы. Интровертивтік Шығыс мәдениеті табиғатқа жақын, ол үстемдік етуге шақырған жоқ. Сонымен, мәдениет адам мен табиғатты бөліп тұрған «қытай қорғаны» емес, керісінше, олардың арасындағы нәзік үндестік және рухани қыл-көпір. Осы үндестікті (гармонияны) одан әрі жетілдіру — адамзаттың алдындағы келелі міндет.

Адам және мәдениет мәселесін тереңдете түсетін тағы бір жайт адамның қабілеттілігіне, жан-жақтылығына, шексіздігіне байланысты. Американ ғалымы К. Поппер айтқандай, адам бірдей үш дүниеге: физикалық, ментальдық (психикалық) және идеалдыққа жатады. Сонда мәдениет осылардың қайсысымен көбірек анықталады деген заңды сұрақ туады. Егер біз мәдениетті тек материалдық және рухани бөліктерге бөлудің қарадүрсін шеңберінен шыға алсақ, онда мәдениеттің өзінің ішкі мағынасында идеалды екендігіне көзіміз жетеді. Себебі, адамды қоршаған заттар, дүние — бұл мәдениеттің сыртқы көрінісі ғана, оның мәні — руханилықты адам әрекетінің нәтижесінде заттандыруда жатыр. Мәдениеттің ішкі мәні қоғамдағы өмір сүріп жатқан адамдардың өзіндік санасында, парасаттылық сезімдерінде, рухани ізденістерінде айқындалады.

Ж. П. Сартрлық көсемсөзді қайталасақ, адам әлемге еркін жіберілген, ол еріктілік жазасына кесілген. Осы сипатта мәдениеттің құпиясы — адамдағы «Мендік». Одан сыртқа ерекше бір нұр — азаттық, жауапкершілік, адамгершілік сәулесі нұр шашып түр. Мәдениетте адам ғажап биік деңгейге көтеріледі. Мәдениет дегеніміз менің өмірім, менен бөлінген, мен өлгеннен кейін де тірі болатын менің шығармашылығым.

Қоғам және мәдениет

Енді мәдениеттің қоғамда атқаратын қызметтерін талқылайық. Алдымен қоғам және мәдениет ұғымдарында қаншама ұқсастық, үндестік болғанымен, олардың арасындағы мағыналық, айырмашылықты естен шығармаған жөн.

Қоғам — әлемнің бір бөлігі, белгілі бір мақсаттарды іске асыру жолында әрекет етіп жатқан субъектілердің (тұлғалардың, топтардың, этностардың, мемлекеттердің) байланыс нысандары. Яғни, қоғам үғымындағы негізгі мәселе — адам және оның ұйымдасу нысандары, бұл ретте қоғамды зерттейтін басты ілімді әлеуметтану деп атайды. Ал мәдениет осы тұрғыдағы қоғамның белгілі бір қасиеті, көрінісі, сипаты мазмұнында қолданылады. Осыған дейін қарастырылған ұғымдарды негізге алып, қоғамдағы мәдениеттің төмендегідей қызметтерін айқындау мүмкіндігі бар:

Адамды калыптастыру қызметі.

Бұл — мәдениеттің қоғамдағы басқа қызметтерін бойына жинақтайтын және оның негізгі мазмұнымен тікелей байланысты нышан. Егер біз адамды әлде құдай, әлде табиғат, әлде еңбек жаратты деген пікірталастардан сәл көтерілсек, адам мәдениетті, ал мәдениет адамды қалыптастырғанына көзіміз жетеді. «Жеке адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамның туындысы, төл перзенті» [3]. Маугли — көркем бейне. Жануарлар арасында кездейсоқ өскен адам мәдениеттік қасиеттерден жұрдай болады.

Адамға ең қиыны — адам болу. Ал оның негізгі шарттарының бірі ретінде ізгілік пен зұлымдық, ақиқат пен жалғандық, әділеттілік пен өктемдік, бодандық пен азаттық, сұлулық пен ұсқынсыздық арасындағы адамның таңдауын аламыз. Соның нәтижесінде жеке тұлғада өзіндік сана тұрақталады, ол озық мәдениет үлгілерін өз бойына сіңіреді. Жалпы алғанда, мәдениеттің алға басуы дегеніміз дүниежүзілік тарихтың адам үшін, оның мүдделері мен өзіндік мақсаттары бағытында толыққанды ашылуы болып табылады.

Жалғастық, мәдениет мұрагерлік қызметі.

Мәдениеттің бұл қызметі бір ұрпақтан екінші ұрпаққа берілетін бүкіл адамдық өмір тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктеріне қатысты. Ақпараттық (информациялық) беріліс әлеуметтік жүйеде биологиялық тұқым қуалаушылықтан өзгеше жүреді. Шын мәнісінде қоғамда ұрпақтар жалғастығы мәдени мұраларды игеру, қабылдау және оны шығармашылықпен дамыту арқылы жүзеге асады. Мәдени ақпараттар — салт-дәстүр, әдет-ғүрып, рәсім-рәміз, діл мен тіл, дін және өнер, білім т.б. руханилықтың белгілі бір деңгейін меңгерудің нәтижесінде мәдениет субъектісінің өзіндік санасының жанды буынына айналады.

Танымдық қызметі

Мәдениеттің қоғамдағы бүл қызметміндетінің сан алуан қыры бар. Бірден біздің назарымызды өзіне аударатын нәрсе — мәдениет пен білімнің ара қатынасы. «Табиғаттан қулығын асырып жіберуге» (Гегель) бағытталған адамдардың білімі, әрине мәдениеттің негізгі қүрамдас бөлігіне жатады. Ертедегі гректің «пайдейя», ислам Өркендеуіндегі «маариф», қазіргі өркениеттегі «интеллигенттілік» үғымдары мәдениет пен білімділіктің іштей туыстығын, үндестігін білдіреді. Осы сипатта, әсіресе зиялылар (интеллигенция) мәдениетті сақтау және дамыту ісінде үлкен қызмет атқарады. «Бүгінгі күнге лайық адамдық қарым-қатынас орнату — интеллигенцияның басты міндеті... Ал біздің өркениеттілігіміз жаппай компьютерге көшумен сипатталмауы керек, мәдени диалогтың түрін жасап, оны сақтай білу қабілетімізбен көрінуі керек» [4]. Яғни білімділік мәдениеттіліктің маңызды алғышарты болғанымен, бұл екі ұғымның арасында елеулі айырмашылық, белгілі алшақтық, кейде тіпті қайшылық бар. Ғылымның бет алды дамуы, шектелмеген техникалық әрекет мәдениетке үлкен нұқсан келтіруі мүмкін. Тек жоғары деңгейде мәдениеті бар өркениет ғылым мен техниканың дамуындағы теріс салдарларды бейтараптандыра алады. Егер біз ғылым арқылы шындықты ашсақ, өнер арқылы әсемдікке ұмтыламыз, ал моральдық таным арқылы — жақсылық пен жамандықты айырамыз.

Реттеу қызметі

Бұрынғы Кеңес Одағында шыққан кітаптарда «мәдениетті ғылыми жолмен басқару» атты сөз тіркесі кең етек алғанды. Бірақ адамның дүниеде өмір сүру тәсілі ретінде түсіндірілетін мәдениетті басқару мүмкін емес, әйтпегенде адамды тетікке, қуыршаққа айналдырған тоталитарлық айлашарғы үлгілерін көреміз. Айталық, Ертедегі Грекияда ешқандай шенеуніктер адам басына театрлар неше билет сатты деген ақпараттар жинаған жоқ. Солай болса да ол елдегі жоғары мәдениеттің және рухани ізденістің қандай деңгейде болғаны бәрімізге белгілі. Алайда солай екен-ау деп мәдениетке сыртқы ықпал жасау мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Мәдениет — «жабулы қазан емес». Мәдениеттегі реттеушілік әрекеттерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Мәдениетте күнделіктіден гөрі жоғарыға, идеалдыға, үлгіге көбірек көңіл бөлінеді. Мәдени үғымдарда нормативтік, ережелік талаптар басымырақ. Мысалы, «мәдениетті адам» дегенде оның адамдық жан-жақты белгілерді бойына толығырақ, тереңірек дарытқандығын көрсетеді. Ол — білімі ғылым деңгейіне, киімі сол кезде көп тараған сәнге, мінез-құлқы осы қоғамның адамгершілік талаптарына сай адам.

Коммуникативтік, қарым-қатынастық қызмет.

Бұл мәдениеттің қоғамдағы негізгі қызметтерінің бірі. Адамдардың қарым-қатынасы, мәдениеттер сұхбаттасуы — әлеуметтік шындықтың басым көрінісі. Адам ерекше бір өрісте — қарым-қатынас өрісінде болады. Руханилық пен ізгілік, әдемілік пен жақсылық тербелісі адамды нәзік тормен қоршаған; қоғамдық өмірде тек зат пен тауар ауысуы ғана емес, ең алдымен идеялар, мамандық, шеберлік тәжірибелерімен, сезімдік үлгілерімен ауысу толастамақ емес. Мәдениет игіліктерін жас нәресте анасының ақ сүтін еміп, оның әлди жырымен сезім дариясына шомылып қана адамдық қасиеттерді бойына сіңіре бастайды.

Ғылымда социализация (әлеуметтену) деп аталатын процесс те мәдени қарым-қатынасқа негізделген. Мәдени қарым-қатынастың түрлері дегенде олардың әмбебаптығына және көп мағыналылығына көңіл бөлу қажет. Мәдени құндылықтарды оларды жасаушылар және тұтынушылар арасындағы қарым-қатынас ретінде алуға болады. Мәдени туынды қаншама асыл болғанымен, егер ол рухани азық ететіндері белгілі бір себептермен жетпей жатса, онда ол мәдени айналыстан шығып қалады. Адам тұрмайтын үй қаңырап бос тұрады, отарба жүрмейтін темір жол —жай темір мен ағаштың үйіндісі, ешкім оқымайтын кітап — шаң басып жатқан қағаз. Мәдени болмыстың тірегі деп қарым-қатынасты айтамыз. Мәдениеттің қоғамда атқаратын басқа да қызметтері жеткілікті. Зерттеушілер оның аксиологиялық, футурологиялық, герменевтикалық тағыда басқа түрлерін атайды.

Мәдениет пен өркениет

Мәдениет ұғымын тереңірек түсіну үшін, оған мағыналық жақындығы бар кейбір басқа ұғымдармен арақатынасын қарастырып өтейік. Осы сипатта біздің зердемізге бірінші түсетін ұғым — өркениет. Өркениет (цивилизация) семантикалық жағынан алғанда (латын тілінің — «civilis» сөзі) азаматтық дегенді білдіреді. Римдіктер бұл ұғымды «варварлықтар» деп өздері атаған, басқа халықтар мен мемлекеттерден айырмашылықтарын көрсету мақсатында қолданған. Яғни, «өркениет» олардың түсініктері бойынша азаматтық қоғамы, қалалық мәдениеті, заңға негізделген басқару тәртібі бар Рим империясының даму дәрежесін білдіреді.

Мәдениет және тіл

Мәдениет және оның өзіндік ерекшеліктері әрқашан философиялық ізденістер мен зерттеулердің негізгі пәні болып келді. Сондықтан мәдени даму барысын онда қалыптасқан ойлау тәсілі, дүниетаным түрі арқылы түсіндіруге тырысқан көптеген философиялық үрдістерді байқауға болады. Мысалы, мәдениетті рәміздік ойлау түрі арқылы анықтаған Э. Кассирердің, мәдениетті психофизиологиялық деңгейде қарастырған 3. Фрейдтің және тағы басқалары концепциялары соның куәсі. XX ғасырдың екінші жартысынан бастап батыс ойшылдарының арасында мәдениетті тілмен теңдестіре қарау әдісі кең етек жайып, олардың барлығы дерлік «тілді адам тіршілігінің негізгі, маңызды анықтауышы деп бір ауыздан қолдап отыр».[5]. Бүгінде тіл негізгі коммуникативтік құрал ғана емес, адамның бүткіл болмысын, адамның мәдениетін аңғартатын әмбебап ұғым. Фрейдизм, феноменология, экзистенциализм, аналитикалық философия, герменевтика, структурализм, семиология, т.е.с. бір ауыздан мәдениетті тілдік қарымқатынас саласы ретінде анықтайды. Рухани әлемдегі мұндай өзгерістердің лебі мәдениеттану саласынан да байқалады. Мәдениеттің өзін метатіл ретінде анықтап, оның бойындағы коммуникативтік мүмкіншіліктерді негіздеу барысында лингвистикаға басты назар аудару заңды іс. Өйткені, соңғы 50-60жылдар аралығында қарым-қатынас, коммуникация мәселесін жан-жақты зерттеген бірден-бір сала — осы лингвистика.[6]

Мәдениет және дін

Тарихи жадыға тиесілі адамзат тарихының өн бойына көз жүгіртер болсақ, онда діндарлықтың адамзат тарихын басынан аяғына дейін толық қамтып жатқандығын көреміз. Қаншама рет діннің ақыры келді деген сөз айтылса да ол қазірдің өзінде әлемдік өмірдің негізгі қалыптастырушы факторларының бірі болып табылады. Діннің халықтар өміріндегі алатын орнының зорлыгы соншалықты діндердің негізін түсінбей жатып сол діндерді ұстанатын халықтардың мәдениеті туралы толық көзқарас қалыптастыру мүмкін емес. Дінді сипаттау оңай жұмыс емес. Біздің ойымызша, діннің анықтауыш қызметі оның әлеуметтілікті қалыптастыруында, яғни адамдар қарым-қатынасын реттеуде болса керек. Өйткені тіпті «религия», сөзінің этимологиялық бастапқы мәнінің өзі де «біріктіру», «байланыстыру», «қатынасты қалыптастыру» дегенді білдіреді. Дін адамдардың бірлестігін және ұйымдастығын қалыптастырушы идеологиялық механизм. Діннің мазмұны әлеуметтік мәні бар негізгі құндылықтарды қасиетті деп танудан тұрады.

Мәдениеттегі діннің рөлін әрбір мәдениеттің жүйе құрастырушы факторы деп анықтауға болады.

Мәдени коммуникация

Қазіргі уақытты мәдениеттің аудио-визуалды кеңістік кезеңі деп атайды. Жаңа қарым-қатынас құралдарын — телеграфты, радионы, те¬лефонды, теледидарды, компьютерді және тағы басқа жетістіктерін ғылыми- техникалық прогресс ала келді. Соның нәтижесінде баспа өнімдері және соған негізделген басқа да мәдениет институттары (әдебиет, театр, кітапхана, тағы сол сияқтылар) дағдарысқа ұшырап отыр. Кітапханадан оқушының, театрдан көрерменнің, әдебиеттен ақын-жазушылардың, өмірден эпистолярлық жанрдың — күнделік, хат, өмірбаян жазу ісінің қайтқан кезеңі келді. Көп ойланып, көп толғануды, өзіндік сананың рефлексиясын қажет ететін процестер бірте-бірте ұмыт қалуға айналды. Адамдар менталитеті өзгеріске ұшырады. Электрондық коммуникацияның шапшандылығының арқасында тек көз арқылы дүниені танып-білу мүмкін емес болып отыр. Бүгінгі күнге ештеңені қалт жібермей еститін «саққұлақ» пен ештеңені мүлт кетірмей аңғаратын «көреген» қажет. Осы екеуінің симби¬озы арқылы ғана біз қар көшкінінің қарқынындай ақпараттық экспансияға төтеп бере аламыз. Біртұтас электрондық байланыс біздің планетаны «үлкен ауылға» айналдырып отыр. Индивидуалистік жекешілдіктің орнын альтруистік «елжандылық», ұлтшылдықтың орнын космополитизм, монологтың ор¬нын диалог алған кезең.

Дереккөздер

  1. И.Г. Гердер. Идеи к философии истории человечества. Москва, 1977, с. 252
  2. Қазақтың дүниетанымы. Алматы, 1993, 36-бет
  3. (С. Мырзалин, Ә. Әлпейісов. Қоғам және мәдениет. Алматы, 1992, 14-бет)
  4. Ә. Наурызбаева, Н. Скалон. Диалогтың мүмкіндігі. «Шаһар», 1993, № 1, 8-бет
  5. Нуржанов Б. Мир как игра. Игра языка в концепции Деррида. Ex libris, И. — Алматы, 1996. — С. 3
  6. Мәдениеттану негіздері: Оқулық. - Алматы: Дәнекер, 2000. ISBN 9965-485-34-8
Ажа

Ажа - отбасындағы, әулеттегі ең тәжірибелі ақылгөй, сыйлы адам, әже. Әулетте де болсын, ауылда да болсын ажаның пікірімен санасып отырған. Тұрмыстық мәселелерде ажа тіпті, шешуші рөл атқарды. Ажа отбасындағы, әулеттегі әлеуметтік мәселелерді шешіп отырған, айналасындағыларды ұрыс-керіс, дау-жанжалға жібермеуге күш салған, әулеттің билігі ажаның қолында болған. «Ай дер ажа, қой дер қожа жоқ» деген белгілі фразеологизм ажаның көшпелі қоғамдағы өзіндік ерекше беделді рөл аткарғандығын айғақтайды.

Актер

Актер (фр. acteur, лат. аctor — орындаушы сөзінен) — драмалық спектакль мен кинофильмде рөл орындаушы. Балет, эстрада, цирк ойын-сауығы мен опералық спектакльдегі рөлдерді орындаушыны көбінесе әртіс немесе әнші-әртіс деп те атайды.

Англия

Англия (ағылш. England [ˈɪŋɡlənd]) — Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Патшалығының ең ірі және әкімшілік орны. Ұлыбритания аралында орналасқан (ағылш. mainland). Ұлыбританияның халқының 83 % Англияда тұрады.

927 жылы Англия бірнеше жергілікті графстволардың бірігу нәтижесінде пайда болды. Өз атын V-VI ғасырда құрылған англ деген герман тайпасынан алады. Ал Англия астанасы Лондон Еуроодақтағы ең үлкен қала болып саналады.

Англия — қазіргі көптеген жаһанды нәрселердің шыққан жері. Олардың ішінде ағылшын тілі, Англикан шіркеуі, Парламент негіздері. Ол Өндірістік революциясының отаны болып саналады.

Арагон

Арагон (ис. Aragón [aɾaˈɰon], кат. Aragó [aɾaˈɣo]) — Испанияның солтүстігінде орналасқан автономды бірлестік. Франциямен және автономды Кастилия — Ла-Манча, Кастилия және Леон, Каталония, Риоха, Наварра, Валенсия бірлестіктерімен шектеседі. Арагон күні 23 сәуір — аймақ қамқоршысы Әулие Георгий күні (ис. San Jorge).

Елорда

Елорда немесе астана — мемлекеттің саяси, әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығы; елдікті, ұлттық бірлікті білдіретін бас қаласы. Астана ұғымы ұлыстар, тайпалар одағы, мемлекеттік бірлестіктер пайда болған кезеңде, перғауын, қаған, халифа, шаһ, әмір, король, патша, хан, сұлтан, т.б. елбасылар лауазымдарымен қатар өмірге келді. Түркі халықтары, оның ішінде қазақтар ел билеушілер тұрағын орда деп атаған. Астана орнын осы хан ордасы атқарды. Көшпелі тайпалардан құрылған мемлекеттерде хан ордасы да бір орында көп тұрақтамай, көшіп-қонып жүрді. Мысалы, Ақтабан шұбырындыдан кейін Түркістан қаласынан шегінген Әбілқайыр хан өз ордасын Ырғыз, Тамды, Сырдария өзендері бойына ауыстырып отырған. Абылай ханның астанасы Түркістан шаһары болғанымен, ұзаққа созылған жорықтарында ордасын қалмақтардан азат етілген жерлерге тігіп (Көкшетау, т.б.) біраз уақыт бойы елін сол жерден басқарып отырған. Әбілпейіз Сарыарқада, Уәли хан Көкшетаудағы Сырымбетке, Бөкей мен Жәңгір Жайық пен Еділ аралығындағы Ордаға, қазақтың соңғы ханы Кенесары Ұлытауға ордасын тіккен. Халық түсінігінде Ұлытау, Хантау, Ордабасы, Түркібасы, Күлтөбе, Мәртөбе сияқты хан ордасы қонған, ту тігілген, Үш жүз басын қосқан, құрылтай жиналған, мемлекеттің, ұлт тағдырының ең түйінді мәселелері шешілген жерлер аса қастерленіп, қасиеті астана ұғымына жақындастырылған. Алғашқы кезде астананың басты қызметі елді әкімшілік жағынан басқару болды. Кейін астаналық қалалар пайда болған соң олар сауда, қолөнер, мәдениет орталықтарына да айналды. Хан ордасы орналасқан, қазына сақталған, қамал салынған елді мекен ірі шаһарға айналып, оған керуен жолдары тартылды.

Журналист

Журналист - қоғамдық ақпараттық саланың қызметкері болып есептеледі. Ол жаңалықты халыққа таратушы болып табылады. Журналист - газет-журнал немесе радио мен теледидар жұмысын атқарып, шығармашылық қызмет жасайды. Ол редакция жұмысында бірінші - ұйымдастырушылық, екінші - әдеби өңдеу, үшінші - шығармашылықпен айналысады. Бұл үшін оған білім мен қабілет керек. Қандай оқиғаны болсын тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізіліп жазатын болуы керек.

Қандай оқиғаны болсын тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізіп жазатын болуы керек. Жұртқа өмір жайлы толғап айта білу де үлкен өнер. Ол үшін тіл, сөз байлығын қолдану қажет. Тағы бір айтарлық жайт, журналист қоғамдық қайраткер бола алса, тіпті жақсы. Ол заман, уақыт ағымын жақсы түсіну тиіс. Әсіресе, идеяға толы материалдар жазып, жұрттың назарын аудара білген жөн.

Журналистің тағы бір қасиеті - оның саяси - әлеуметтік қызметіне, дүниеге деген көзқарасына, позициясына байланысты. Бұл - жан - жақты білімділік пен саяси - азаматтық тұрғыдан өсу, кемшіліктерге төзбеу, уақытпен санаспау керектігін білдіреді. Журналист өз ісіне адал берілген мамн болуы тиіс. Соңдай - ақ, журналист көпшіл болуы, жұртпен тез ортақ тіл тапқыш болса, тіпті жақсы. Ол қашанда жинақы, қиын жағдайдың өзінде жұмыс істей алатын, аңғарымпаз және сезгіш болуы керек.

Ислам мәдениеті

Ислам мәдениеті — зайырлы академиктердің арасында тарихи мұсылман саналатын халықтарға ортақ мәдениетті сипаттауға қолданылатын термин. Бастапқыда Ислам діні тарала басталғанда негізінен араб мәдениетінің әсерінде болып, артынан Ислам дінін басқа халықтардың қабылдауына байланысты сол халықтардың мәдениетіне әсер етіп, солармен ассимиляцияға ұшырайды.

Медаль

Медаль (фр. medalle, итал. medaglіa, лат. metallum - металл) – қайсыбір даңқты оқиғаның, көрнекті қайраткердің, жердің құрметіне шығарылатын екі жақты (кейде бір жақты) бейнеленген металл белгі . Әдетте медалдің алдыңғы беті (аверс), артқы беті (реверс) және қыр жағы (гурт) деп аталады.

Мекленбург-Алдыңғы Померания

Мекленбу́рг- Алдыңғы Помера́ния (нем. Mecklenburg-Vorpommern) — Германия жері. Астанасы — Шверин. Тарихи Мекленбург және Шығыс - Алдыңғы Померания облыстары бар.

Бұл федералды ел географиялық факторларға және тарихи даму жағынан екі миллионға жуық халқымен Германиядағы халық санының аздығы бойынша алдыңғы қатарды иемденеді. Ұзақ уақыттар бойы бұл жерлер славян тайпалары орын тепкен.

Бірнеше жүзжылдықтар бойы славян елдері помещик меншігіндегі жер иелігінде басымдылық көрсеткенмен, бұл жерлер мемлекеттік территория ретінде қарастырылмады, алайда колония ретінде қарастырылып отырды. Бұл жағдай шаруашылық жағдайының және оның дамуы жағынан халық көпшілігінің қызығушылығын төмендетті. XIX ғасырдың басында крепостық заң болған, ал билік помещиктер қолында болған - юнкерлер, көне феодал мұрагерлеріне. Бисмарк : « Егер мен о дүние есігін ашпақ болсам, Мекленбургке кетуді жөн көремін, себебі бұл жерде барлық оқиға жүз жылдан кейін болады.». Бірінші дүниежүзілік соғыстан бұрын Мекленбург XVIII ғасырдың заңдылықтары сақталған Германиядағы жалғыз аумақ болып есептелді.

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында Қызыл Армиядан безген миллиондаған қашқындар қоныс тепкенде бұл жердің экономикасы құлдырай түсті. ГДР-ң кезінде жаңа өнеркәсіптер және жұмыс пайда бола бастады.

Нобель сыйлығы

Нобель сыйлықтары (шведше:Nobelpriset, ағылш. Nobel Prize) — жыл сайын әйгілі ғылыми зерттеу, революциялық жаңалықтар немесе мәдениет не қоғам дамуына зор үлес қосатын жұмыстар үшін берілетін халықаралық сыйлықтардың ішіндегі ең танымалдарының бірі.

Парасат ордені

Парасат – Қазақстан Республикасының ордені. Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен 1993 жылы белгіленді. “Парасат” орденімен ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнер қайраткерлері, сондай-ақ республиканың рухани және интелектуалдық әлуетін дамыту мен молайтуға зор үлес қосқан немесе адам құқықтарын және оның әлеуметтік мүдделерін қорғау жөніндегі белсенді қызметі үшін азаматтарды марапаттайды.==

Сазгер

Сазгер, композитор (лат. compositor — құрастырушы) — музыкалық шығармалардың авторы. Бұл термин алғаш рет 16-ғасырда Италияда кең пайдаланыла бастады және сол кезден бастап, батыс еуропа музыка мәдениетінің тәжірибелерінен туындаған "кәсіби жазба дәстүрінің" бейнесі ретінде қабылданады. Композиторлық мамандық музыкалық-шығармашылық қабілеттілікті және композицияны арнайы оқуын талап етеді.

Саксония

Саксония — ертедегі сакс тайпалары мекендеген аймақ, князьдік. 1806 — 1918 ж. корольдік, 1918 — 45 ж. Германия аймағы болды. Князьдік алғаш неміс феодалдары 10 ғасырда полаб славяндарынан басып алған жерлерде пайда болған Мейсен маркасы негізінде құрылды. 1247 ж. Саксонияға Тюрингия, 1423 ж. Саксен-Виттенберг қосылды. 15 — 16 ғасырларда саксонияда қолөнер, мәдениет, сауда, өндіріс дамыды. 1814 — 15 ж. саксония аумағының жартысынан астамы Пруссияға берілді. 1871 ж. Герман империясы құрамына еніп, елдің аса ірі өнеркәсіп аудандарының біріне айналды. 1949 — 90 ж. ГДР құрамында болды.

Тарих

Тарих (көне грек. ἱστορία —сұрастыру, зерттеу) — адамзат баласының өткенін зерттейтін қоғамдық ғылым.

Тарихтың негізгі пәні ретінде - адам рухы қарастырылады, соған байланысты тарихтың мақсаты адамдарға тек өткенін ғана білгізу емес, рухани дүниесін қалыптастыру екенін айта кеткен жөн.

Тарих - үздіксіз даму үстінде болатын ғылым. Өткенін білмей қазіргісі мен болашағын бағалау мүмкін емес, қоғамның дұрыс бағытта дамуы үшін азаматтардың тарихи сауаттылы мен белсенділігі орасан зор маңызға ие.Халықсыз - тарих жоқ,тарихсыз - халық жоқ деген нақыл бекерге айтылмаса керек. Тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады. Тарих болып жатқан оқиғаларды жан-жақты әрі тереңінен көре білу қасиетін дамытады және болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдеседі.

Шымкент

Шымкент — Қазақстандағы қала, Республикалық маңызы бар қала, 2018 жылдың 19 маусымына дейінгі Түркістан облысының орталығы.

Тұрғыны шамамен 1 млн адам (2018 жыл). Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда тұрғыны жөнінен 2-ші орында (Алматыдан кейін). Осымен қатар, Шымкент Қазақстанның негізгі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталықтарының бірі болып табылады.

ЮНЕСКО

ЮНЕСКО (United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization — UNESCO) — Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі Ұйымы.

Ұйым 1945 жылы 16 қарашада құрылды, штаб-пәтері Францияның Париж қаласында орналасқан. Ұйым құрамына әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 67 бюро мен бөлімшелер кіреді. ЮНЕСКО қаулысы Лондон конференциясында 1945 жыл қарашасында қабылданып 1946 жыл 4-ші қарашасында, қабылдауы туралы қол қойған 20 мемлекет актілерін сақтауға өткізгеннен кейін күшіне енеді. Бүгінгі күні Ұйымға 193 мемлекет мүше. 1972 жылы ЮНЕСКО 1975 жылы күшіне енген Әлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау конвенциясын қабылдайды, дәл қазір 184 елде бекітілген (КСРО — 1988 жылы). 1999 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның бас директоры — Коитиро Мацура. 2005 жылы ол 4-жылдық мерзімге қайта сайланды.

XX ғ. ЮНЕСКО-ның аса мәнді жобалары мыналар: II дүниежүзілік соғыс жылдарында әскери әрекеттерден зардап шеккен кітапхана және мұражай қорларын қалпына келтіру; Азияда, Африкада, Латын Америкасында бастауыш білім беру жүйелерін дамыту; құнды еңбектерді аудару, тікелей байланыстар орнату арқылы Батыс пен Шығыстың арасында мәдени алмасуды дамыту; дамушы елдердегі сауатсыздықты жойып, "негізгі білім беру" жүйесін қалыптастыру (оқу орталықтары Камбоджада, Үндістанда, Таиландта, Оңтүстік Кореяда, Либерияда, Түркияда, сондай-ақ бірқатар, Латын американдық елдерде, Таяу Шығыс елдерінде); өркениет ескерткіштерін сақтау. 1959 ж. ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен Мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтіру бойынша Халықаралық комитет жұмыс істей бастады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Қазақстанның Еңбек Сіңірген Қайраткері – құрметті атақ; 1999 жылы 29 шілдеде тағайындалған. Республикаға сіңірген зор еңбегі үшін аса көрнекті мемлекет және қоғам, мәдениет пен өнер адамдарына, өндіріс пен әлеуметтік саланың дарынды ұйымдастырушыларына беріледі.

Қарқаралы

Қарқаралы қаласы — Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданының орталығы.

Өскемен

Өскемен (орыс. Усть-Каменогорск) — Шығыс Қазақстан облысындағы өнеркәсіп, мәдениет және Өскемен қалалық әкімдігі орталығы. Қаланың негізі 172 0ж Ертіс пен Үлбі өзендерінің құйылысында қаланған.

Қазақстанның шығыс бөлігінде Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан, көлемі 54,4 мың га жерді алып жатыр. Табиғаты континенталды. Қала халқы - 320,2 мың адам. Қазіргі күні Өскеменде 76,8 мың зейнеткер (жалпы санының 23,9 %-ын құрайды), оның 2476 –сы Ұлы Отан соғысына қатысқан адамдар.

Өскемен қаласы – Қазақстанның көрікті қалаларының бірі. Мемлекеттік билік Қазақстан Конституциясына сәйкес заңдық, атқару және сот билігі принциптеріне негізделген. Қаладағы заңдық билікті Мәслихат жүзеге асырады. Оның құрамында 25 депутат бар. Сот билігін Өскемен қалалық соты және арбитраж соты жүзеге асырады.

Басқа тілдерде

This page is based on a Wikipedia article written by authors (here).
Text is available under the CC BY-SA 3.0 license; additional terms may apply.
Images, videos and audio are available under their respective licenses.