Монархия

Монархия [1] (гр. monarchіa – «дара билік») — жоғарғы мемлекеттік билік бір ғана басшы – монархтың (патша, шаһ, сұлтан, хан, халиф, король, император, т.б.) қолында болатын және ұрпақтан ұрпаққа мұрагерлікпен берілетін басқару тұрпаты.

Ерте тарихи даму кезеңінде барлық халықтар Монархиялық сипатта өмір сүрді. Әр халықта Монархия өзінше көрініс тапқанымен, бәріне ортақ белгі – жоғары мемлекет биліктің тақ мұрагерлігі жолымен берілуі болды. Құл иеленушілік кезеңінде түрлі сипатта өмір сүріп, кейбір елдерде республикалық басқару нысанымен алма-кезек ауысып отырды. Феодалдық кезеңде Монархия басты мемлекет басқару нысанына айналды. Оның ерте феодалдық Монархия, феодалдық бытыраңқылық кезеңіндегі Монархия, шексіз Монархия деген түрлері болды. Ерте феодалдық Монархия жауланған жерге басқару жүйесін құру мен ірі жер иеленушілердің пайда болуы барысында қалыптасты. Билеуші этностық топқа сүйенген монархтар ортасында билігі күшті, бірақ жаулаған аймақтарымен экономикалық және саяси байланысы нашар алып феодалдық империялар құрды. Феодалдық бытыраңқылық кезінде монарх “теңдестер арасындағы бірінші” жағдайында қалды. Тауар-ақша қатынасының дамуы, орта және ұсақ жер иелерінің, кейіннен қалалықтардың да феодалдық бытыраңқылыққа қарсы күреске бірігуі біртұтас, орталықтанған Монархияны тудырды.

Біртұтас иерархиялық мемлекет аппараттың, күшті әскердің құрылуы монарх билігін шектейтін ешқандай органы жоқ, шексіз Монархияның құрылуына алып келді. Шексіз Монархияда заң шығару, атқару, сот – үш билік те монархтың қолына шоғырланды. Адамзат сана-сезімінің дамуына, демократияның өркендеуіне байланысты мемл. билікті бірінен бірі тәуелсіз әрі өзара байланысты үш тармаққа бөлу теориясы белең алды. Монархиялық елдер конституция қабылдау арқылы монархтың билігін шектеп, Конституц. Монархия пайда болды. Ондай мемлекетте монарх құзырындағы мәселелер конституцияда нақты белгіленді (негізінен ішкі, сыртқы саясаттың басты бағытын белгілеу, бас қолбасшылық, т.б. аса маңызды мәселелер) әрі ол мемл. билік тармақтарының арбитрі болып танылды. Мұндай елдерде көбіне монарх билігі символик. сипатта болып, құзыреті азаяды. Ол ең бастысы ел бірлігі мен билік тұтастығын білдіретін мемлекет символы қызметін атқарады. Ал нақты билік жүргізетін үкімет басшысын халық өкілдерінің органы немесе тікелей халықтың өзі дауыс беру арқылы сайлайды. Яғни, саяси талас-тартыс үкімет билігі маңайында жүреді де өзгермейтін әулеттік мемлекет басшылығы арқасында саяси тұрақтылық мызғымайды. Қазіргі таңда Жапония, Ұлыбритания, Белгия, Дания, Испания, Швеция, Норвегия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірліктері, Нидерланд, т.б. өркениетті елдер – Монархиялық мемлекеттер. Бұған қоса кейбір Африка және Тынық мұхит аймағындағы артта қалған ұсақ мемлекеттерде Монархиялық билік сақталған.[2]

King Charles I; Henrietta Maria; and their two eldest children, King Charles II and Mary, Princess of Orange by Sir Anthony Van Dyck
Монархия

XVI-XVII ғасырлардағы монархия

XV ғ. соңында француз, испан және ағылшын жерлеріндегі корольдардың «жиналысы» аяқталып, ірі мемлекеттер пайда болды. XVI ғ. басында Еуропада мемлекеттік биліктің жаңа формасы – абсолюттік монархия шықты. Оның басты ерекшелігі – билеушінің шексіз билігі. Парламент шақырудан бас тарту арқылы билеуші қазынадан жалақы алып отырғандықтан , монархияға адал берілген шенеуніктерге арқа сүйеді. Король қолындағы басқарудың маңызды тетіктері – орталықтандырылған қаржы жүйесі мен тұрақты әскер болды. Абсолютизмнің жақтаушылары король Құдай тарапынан шексіз билікке ие болғандықтан, ол жер бетіндегі құдайлық тәртіптің, әділдіктің кепілі деп сендірді. Монархтың қалауына деген кез – келген қарсылыққа тиым салынды. Сарайда болып жатқанның бәрі – қатаң түрде сарай маңы салтының ережелеріне бағындырылған-ды. Монархтың ұйқыдан тұруы мен ұйқыға кетуі, оның киінуі, тамақтануы, шығуы, шетелдік елшілерді қабылдауының бәрі егжей–тегжейлі жоспарланған. Патшаның ұлықталуына салтанатты сарайлар мен қамалдардан тұратын резиденциялар қызмет етті. Олар әйгілі антикалық, мифологиялық және тарихи сюжетті кескіндер мен мүсіндермен әсем безендірілді. XVII ғ. өндіріс пен сауданың дамуы қоғамдағы жаңа буржуазия табының қалыптасуына алып келді. Олар мануфактуралардың иелері, саудагерлер, банкирлер болды. Буржуазия өкілдері саяси басқаруға деген өздерінің құқықтары бар екенін жиі білдіретін. Англияда корольдің парламентпен бәсекелестігі төңкеріске ұласты. Бірнеше жылға созылған саяси және әскери қақтығыстардан кейін ғана монархтың билігін шектеу керектігі туралы шешім қабылданды. Король парламент шығарған заңды жоққа шығару құқығынан бас тартып, оны тұрақты түрде жинап, парламент бостандығын яғни депутаттың дербес құқықтығы мен сөз бостандығын бұзбауға міндеттенді. Француз мемлекеттілігінің нығаюына іс жүзінде оны басқарған кадинал Ришелье көп еңбек сіңірді. Ол өз саясатының негізін былай түсіндірді: «Менің бірінші мақсатым корольдің ұлықталуы, екінші мақсатым корольдіктің ұлықталуы» .

Дереккөздер

  1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев — Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, XI том 27 бет.
  2. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
Абсолюттік монархия

Абсолютизм (лат. absolutus – сөзсіз, шексіз) — мемлекеттік басқарудың бір түрі.

Абсолютизм кезінде жоғары өкімет билігі толық жеке-дара бір адамның қолына шоғырланады, билік заң шығарушы, атқарушы, сот билігі болып тармақталмай, бір қолда болады. Ресей мен Франция тарихындағы монархиялық басқару жүйесі — абсолютизмнің бір үлгісі іспетті. Абсолютизм монархиялық және мемлекеттік болуы мүмкін. Монархиялық абсолютизмнің тұжырымдамасының негізін салушылар — Р. Филмер мен Ф. Бэкон, ал мемлекеттік абсолютизм идеясын дамытушылар — Т. Гоббс пен Ж. Боден. Мемлекетті басқарудың бұл түрі орта ғасырда үстем болды.Монархиялық абсолютизм тұжырымдамасын Р.Филмер, Ф. Бэкон жасады; мемлекеттік абсолютизм идеясын Т.Гоббс, Ж.Боден ұсынды. «Ағартушы» абсолютизм мінсіз деп танылды.Абсолютизм -

заң шығару, атқару және сот билігіне бір тұлға - монархтың ие болатын мемлекет түрі. Тарихи тұрғыдан бұл мемлекеттің түрі феодализм дәуіріне тән;

кейінгі феодалдық мемлекеттерді басқару түрі. Мұнда билікке әкімшілік басшысы, жеке заң шығарушы, әскери қолбасшы, сот басшысы, мемлекеттік және діни жүйенің басшысы болып табылатын монарх (патша, император, король, курфюрст) толығымен ие болады.Абсолютизм (absolutism), саяси доктрина және орталықтандырылған шектеусіз басқару үлгісі, әсіресе монархиялық басқару үлгісіндегі жоғарғы биліктің шексіздігі. Мұндай билік құрылымының қағидаты бойынша билік ретімен немесе кез келген заңдық, заң шығарушылық, діни, экономикалық не сайлау органдары арқылы ауысатын объект емес. Абсолютизм түрлі тарихи кезеңдерде пайда болған, бірақ көбіне Жаңа Заман (16-18 ғғ.) дәуірінің бас кезінде Еуропада дамыған билік түрін осылай атайды; мысалы, XIV Людовик билігі осы билік түрі болып саналады. Монархтар шексіз билігіне сүйене отырып, Шіркеу билігіне де ие болған. Шіркеу мен мемлекет билігін бір қолға шоғырландырып, екеуін де басқарып отырған.

Антигуа және Барбуда

Антигуа және Барбуда (ағылш. Antigua and Barbuda [ænˌtiː.ɡə ænd bɑːˈbjuː.də]) — Орталық Америкадағы мемлекет. Аумағы Кариб теңізінің шығыс бөлігіндегі Кіші Антиль архипелагының Антигуа, Барбуда және Редонда аралдарын қамтиды. Жер көлемі 442,6 км², халқы 81,4 мың адам (1994).

Мемл. құрылысы — британ үлгісіндегі парламенті бар констит. монархия. Үкімет басшысы — премьер-министр. БҰҰ-ның және Британия Ұлттар Достастығының мүшесі. Астанасы және негізгі портты қаласы Сент-Джонс, онда 36 мың адам (1994) тұрады. А. ж. Б. халқы негізінен арғы тегі африкалық зәңгілерден құралған.

Діни сенімі жағынан көпшілігі — протестанттар. Ресми тілі — ағылшын тілі.

Аралдардың климаты тропиктік, пассаттық. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлш. 1000-1500 мм. Ұлттық табыс көзі — қант құрағы мен мақта өсіру және туризм. Оңт.-нде жиһаз, тоқыма, тұрмысқа қажетті электротех. бұйымдарын шығару ісі дамыған.

Аустрия-Мажарстан

Аустрия-Мажарстан (нем. Österreich-Ungarn, ресми түрде 14 қазан, 1868 жылдан бастап — нем. Die im Reichsrat vertretenen Königreiche und Länder und die Länder der heiligen ungarischen Stephanskrone (Рейхсратта ұсынылған патшалықтар және жерлер, сондай-ақ Әулие Стефан мажарлық тәжінің жерлері), бейресми толық атауы— нем. Österreichisch-Ungarische Monarchie (Аустрия-Мажарстан монархия), маж. Osztrák-Magyar Monarchia, чех. Rakousko-Uhersko) — 1867—1918 жылдары болған, қосбіріккен монархия (K. und k.) және Орталық Еуропадағы көпұлтты мемлекет.

Бельгия

Бельгия (нидер. België, ХФӘ: [ˈbɛlɣijə]; фр. Belgique, нем. Belgien), толық ресми атауы — Бельгия Корольдігі (нидер. Koninkrijk België, фр. Royaume de Belgique, нем. Königreich Belgien) — Батыс Еуропада орналасқан елі. Оңтүстігінде Франциямен, шығыста Алмания және Люксембургмен, солтүстігінде Нидерландмен және бастыста Солтүстік теңізімен шектеседі. Белгия – НАТО, ЕО мүшесі. Нидерланд және Люксембургмен ол Бенелюкс экономиялық одағына кіреді.

Белгияны екі ұлт – валлондар мен фламандар мекендейді. Белгияға тұнғыш келген адам мекемелердің маңдайшаларындағы тақтайлар, көрсеткіш атаулының бәрі екі тілде: французша (валлондардаң тілі) және фламанша жазылғанына назар аударады.

Мемлекеттік атауы 'Belgium' көне Римдың «Gallia Belgica» провинциясынан келеді. Тарихынан Белгия, Нидерланд және Люксембург бір регионға кіреді, осы регион Еуропада «Төмен елдер» деп аталады.

Бутан

Басқа мағыналар үшін Бутан (айрық) деген бетті қараңыз.

Бутан корольдігі (Үлгі:Lang-dz) — Азияның оңтүстігінде, Шығыс Гималайда орналасқан мемлекет. Друкюл немесе “айдар елі” деп те аталынады. Жер аумағы 47 мың км². Астанасы — Тхимпху (50 мың). Халқы — 1,8 млн. (1998). Тибеттен шыққан моңғол расасына жатады. Мемл. тілі — дзонг-кэ (бхотия) тілі. Халқының көпшілігі будда дініндегі ламашылдық сенімді ұстанады. Заң қабылдаушы органы — Ұлттық Ассамблея (Цонгду). Атқарушы билік Министрлер Кеңесінің қолында.

Бутан — Шығ. Гималайдың биік тау аңғарларында, Брахмапутра өз. бойында орналасқан. Климаты муссонды, төм. белдеулерде тропиктік. Жерінің 64%-ін мәңгі жасыл орман алып жатыр. Бутанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы толық зерттелмеген. 6 — 7 ғ-ларда Бутан территориясы қазіргі Үндістанның Ассам штатын қамтыған Брахмапутра өңіріндегі Камарупа мемлекетінің құрамында болған деген жанама деректер кездеседі. Камарупа құлағаннан кейін Бутанға бірнеше рет тибеттіктер басып кіріп, олардың едәуір бөлігі осында тұрақтап қалған. Тибеттіктер Бутанда өз мәдениеті мен ламашылдықты ұстанды. Біртұтас діни ұйымға біріктірілген Бутан 17 ғ-дың ортасында тәуелсіз теократиялық мемлекет болып қалыптасты. 19 ғ-дан 1947 жылға дейін Британия протектораты болды. 1907 ж. ағылшындардың көмегімен мұрагерлік монархия — Вангчуктер әулетінің билігі орнады. Ағылшын отарлық үкіметі Бутанның сыртқы саясатын қадағалағанымен, ішкі өміріне араласқан жоқ. 1949 ж. Бутан тәуелсіздік алды, бірақ шет мемлекеттермен байланысы Үндістанның бақылауымен жүргізіледі. 1954 ж. заң қабылдаушы органы — Цонгду құрылды. 1971 ж. БҰҰ мүшелігіне қабылданды. Оңт. Азияның барлық елдерімен, Үндістанмен, Жапониямен, Германиямен, т.б. елдермен дипломатиялық қарым-қатынастары бар.

Иордания

Иордания (араб.: الأردن‎, Әл-Урдунн; толық атауы — Иордания Хашимит корольдігі (араб.: المملكة الأردنية الهاشمية‎, әл-Мамляка әл-Урдуния әл-Хашимия)) — Батыс Азияда орналасқан мемлекет. Жер көл. 91,8 мың км². Халқы 5,4 млн. (1996). Астанасы — Амман қ. (1,6 млн.). Негізгі тұрғындары — арабтар. Бұдан басқа черкестер, шешендер, армяндар тұрады. Ресми тілі — араб тілі. Тұрғындары исламның суннит тармағын ұстанады. Иордания — конституциялық монархия (1999 жылдан король — Абдолла бен аль-Хусейн). Мемлекет басшысы — корольдің заң шығару және атқару билігінде бірдей құқықтары кеңейтілген. Заң шығарушы органы — 2 палаталы Ұлттық жиналыс. Жоғары палатаны (Сенат) король өзі тағайындайды. Төменгі палатаны (депутаттар) халық жасырын дауыспен сайлайды. Әкімшілік жағынан ел 8 аймаққа (мухафаз) бөлінеді. Ұлттық мерекелері: 25 мамыр — Тәуелсіздік күні (1946), 14 қараша — корольдің туған күні. Ақша бірлігі — Иордания динары.

Испания

Испания (ис. Espaṅa), Испания Патшалығы (ис. Reino de España) — Еуропаның Оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Пиреней түбегінің көп бөлігін және Жерорта теңізіндегі Балеар, Питиус аралдары мен Атлант мұхитындағы Канар аралдарын иеленеді. Жер көлемі 505,9 мың км2.. Испанияға, сондай-ақ, Солтүстік Африка жағалауларындағы Сеут және Мелилья қалалары мен оларға жақын жатқан Велесде-ла-Гомера, Алусемас, Чафаринас аралдары да қарайды. Халқы 46,1 млн. (2011). Негізінен, испандар, католондар (5 млн-нан астам), галисилер (3 млн.), баскилер (2 млн-нан астам), т.б. Қала халқы 76,79%. Ресми тілі – испан тілі. Автономиялық құрылымдарда католон, баски, галиси, т.б. тілдер қолданылады. Ел 17 автономиялық құрылымдардан тұрады. Халқы, негізінен, католик дінін ұстанады. Астанасы – Мадрид қаласы (5 млн.). Бұған қоса Барселона (1,8 млн.), Валенсия (1 млн.), Севилия (750 млн.), т.б. ірі қалалары бар. Ұлттық мейрамы 12 қазан – Испан ұлты күні (Христофор Колумбтың 1492 жылы Американы ашқан күні). Ұлттық ақшасы – песета.

Катар

Катар (араб.: قطر‎ [ˈqɑtˁɑr], жергілікті [ɡitˁar]), ресми — Катар мемлекеті (араб.: دولة قطر‎ Давлат Катар) – Парсы шығанағының Қатар түбегіндегі мемлекет.

Жер көлемі 11400 км2.

Халқы 724 мың адам (1999).

Негізгі тұрғындары – қатарлық арабтар. Оған қоса пәкстандықтар, үнділер, ирандықтар тұрады.

Ресми тілі – араб тілі.

Тұрғындары, негізінен, мұсылмандар.

Астанасы – Доһа қаласы.

Мемлекеттің саяси құрылымы – абсолютті монархия.

Мемлекет басшысы әмір шейї Хамад бен Халифа әл-Тани (1995 жылдан) бүкіл билікті өз қолына шоғырландырған.

Саяси партияларға тыйым салынған.

Ұлттық мерекесі 3 қыркүйек – Тәуелсіздік күні (1971).

Ақша бірлігі – Қатар риалы.

Лесото

Лесото (сесуто тілінде, ағылш. Lesotho) немесе Лесото корольдігі — Африканың оңтүстігіндегі мемлекет (1966 жылға дейін Басутоленд деп аталды).

Жер аумағы 30,35 мың км². Халқы — 2,6 млн. (2002). Этникалық құрамының басым бөлігін басуто халқының өкілдері (79%) құрайды. Астанасы — Масеру қаласы Ресми тілдері — ағылшын және сесуто. Халқының 42%-ы протестанттар, 38%-ы католиктер, қалғандары әр түрлі діни сенімдерді ұстанады. Мемлекеттік құрылысы — конституциялық монархия (корольдік). Заң шығарушы органы — Сенат және Ұлттық Асссамблеядан тұратын қос палаталы парламент. Атқарушы билікті премьер-министр бастаған үкімет жүргізеді. Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні — 4 қазан (1966). 1966 жылдан БҰҰ-на және Африкалық Бірлік ұйымына (ОАЕ) мүше. Ақша бірлігі — лоти.

Лихтенштейн

Лихтенштейн княздығы (нем. Fürstentum Liechtenstein) — Орталық Eуропада oрналасқан ел. Швейцария аралының шығысында және Аустрияның батысында жайғасқан.

Елордасы - Вадуц. Шығыста Австриямен шектеседі, ал батыста Швейцариямен шектеседі, оның аумағы толығымен осы мемлекеттердің аумақтарымен қоршалған. Үкімет нысаны - дуалистік монархия. Жоғарғы сот - Жоғарғы сот (Оберстер Геричцхоф), апелляциялық соттар - 1 жоғарғы сот (Обергеричт), бірінші сатыдағы соттар - Ленгерхехт, әкімшілік соттар - әкімшілік соттар, конституциялық қадағалау органы - Жоғарғы Сот (Staatsgerichtshof) Әділет соттары (Verwaltungsgerichtshof).

Мемлекеттік басқару формасы

Мемлекеттік басқару формасы — мемлекеттiк билiк ұйымын, жоғарғы мемлекеттiк органдардың жүйесiн мiнездейтін мемлекет формаларының элементерінің бірі.

Басқару формасы, тар мағынада — мемлекеттік биліктің жоғарғы органдарының ұйымы дегенді білдіреді.

Ал ауқымды мағынада алғанда, басқару формасы — бұл мемлекеттің бүкіл органдарының өзара әрекет етуі және ұйымдасу әдісі.Үкімет түрін, яғни басқару формасын мемлекеттік құрылым түрлерімен және мемлекеттiң саяси тәртiбiмен шатыстырмау қажет.

Бұл үшеуі біріге отырып, бір-бірін толықтыра отырып мемлекет формасын құрайды.

Басқару формасы мемлекеттің келесі сипаттамаларын көрсетеді:

мемлекеттің жоғарғы билік органдарының құрылуын,

құрылымын,

мемлекеттік органдардың арасындағы өзара әрекет етуінде жатқан принциптерін,

жоғарғы билік пен қатардағы азаматтарды арасындағы өзара қарым-қатынастың құрылуын,

Монако

Монако, Монако княздығы (фр. Monaco, Principauté de Monaco) — Оңтүстік Еуропада, Жерорта теңізінің жағалауына орналасқан шағын мемлекет. Жер аумағы 1950 км2. Халқы 33 мың (2001). Этностық құрамының 47%-ын француздар, 16%-ын италиялықтар, 16%-ын монаколықтар (байырғы тұрғындары), т.б. құрайды. Монако 4 шағын қала-округтерден: Монако-Виль (астана), Ля Кондамин, Монте-Карло мен Фонтвелльден құралады. Ресми тілі – француз тілі. Халқының 96%-ы христиан-католиктер. Ұлттық мейрамы – ұлт күні – 19 қараша. Монако — конституциялық монархия. Конституциясы бойынша мемлекет басшысы — княз. Жоғарғы заң шығарушы органы бір палаталы парламент – ұлттық Кеңес. Жоғарғы атқарушы орган – Үкімет кеңесін мемлекеттік министр басқарады. Монако 1993 жылдан БҰҰ-ға мүше. Климаты – жерортатеңіздік, субтропиктік.

Нидерланд

Нидерланд, Нидерланд Патшалығы (нидер. Nederland, Koninkrijk der Nederlanden) (бейресми атауы Голландия) — Батыс Еуропадағы мемлекет. Нидерландның солтүстік және батыс бөлігі Солтүстік теңіздің жағалауында орналасқан. Жер аумағы 41, 532 км². Халқы 0,924 млн. (2015). Тұрғындарының 96%-ы голландықтар. Ресми тілі – нидерланд (голланд) тілі. Халқының 50%-ға жуығы – католиктер, 40%-ға жуығы – протестанттар. Нидерланд – король (патшайым) басқаратын конституциялық монархия - Атадан балаға мұра болып қалған билік иесінің мемлекеттің сайланып қойылатын басқару органдарымен біте қайнасып, демократиялық ұстанымдарымен үйлесім тауып басқаруы. Жоғары заң шығарушы органы екі палатадан (бірінші және екінші) тұратын Бас Штаттар. Астанасы – Амстердам қаласы (үкімет резиденциясы Гаага қаласында орналасқан). Әкімшілік жағынан 12 провинцияға бөлінеді. Ақша бірлігі – еуро (2002). Ұлттық мейрамы – Патша күні (патша Виллем Александрдың туған күні) – 27 сәуір. Нидерланд БҰҰ-ға (1945), Еуроодаққа (1957), НАТО-ға (1949) мүше.

Оман

Оман (араб.: عُمان‎), толық атауы Оман сұлтандығы (араб.: سلطنة عُمان‎) — Арабия түбегінің шығысында орналасқан мемлекет.,;; Жер аумағы 312 мың км² (шекаралары шөлдер арқылы өтетіндіктен нақты белгіленбеген). Халқы 2,4 млн. (1998), 80%-ын арабтар, қалған бөлігін үнділер, парсылар, белуджалар, Африка елдерінен шыққандар құрайды. Халқының 87,7%-ы мұсылмандар, 7,4%-ы – индуизм дініндегілер, 3,9%-ы – христиандар. Ресми тілі – араб тілі. Астанасы – Маскат қаласы Әкімшілік аумағы 8 ауданға бөлінеді. Оман – шектеусіз монархия. Барлық заң шығарушы және атқарушы билікті сұлтан жүргізеді. Ұлттық мейрамы – Ұлт күні – 18 қараша (1971). Оман БҰҰ-ға мүше (1971). Ақша бірлігі – Оман риалы.

Парламент

Парламент (лат. parlare – сөйлеу, ағылш. parlіament) – мемлекеттік биліктің ең жоғарғы өкілдік органы; өкілдік сайлау заң органы.Алғаш 13 ғасырда Англияда, 17 – 18 ғасырларда Еуропа елдерінде құрылды. Қазір әлем елдерінің басым көпшілігінде бар. Кейбір елдерде басқаша аталады: Ресейде Мемл. Дума, АҚШ-та Конгресс, Сирияда Ұлттық кеңес, Исландияда Альтинг, Моңғолияда Ұлы хурал, т.с.с. Парламенттің кең өкілетті, шектеулі өкілетті, кеңесші түрлері болады. Алдыңғы екі түрі өз елдерінің саяси-құқықтық механизмінде ортаңғы орын алады. Кеңесші парламенттер абсолюттік монархия елдеріне (Кувейт, БАӘ) тән. Парламент бір немесе екі (жоғары және төмен) палатадан тұрады. Екі палаталы етіп құру Парламентті кәсіпқойландыру мақсатынан туындады. Жоғары палата төмен палаталық әр аймақтан сайланған халық өкілдерінің аймақтық мүдделерін тоғыстыру, асыра сілтеушілігін тежеу, мәселелерді жалпымемлекеттік тұрғыда қарастыру үшін пайда болған. Палаталар сайлау, тағайындау (көбіне жоғары палата) немесе лауазымға байланысты палатадан орын алу жолымен құрылады. Тіпті Ұлыбританияда 1999 жылға дейін лордтар палатасындағы орындар мұрагерлікпен беріліп отырды. Орта есеппен төмен палаталар 4 – 5 жылға 400 – 600, жоғарғылары 6 – 9 жылға 100 – 300 депутаттан құралады. Әр палатаның өзіндік өкілеттіктері болады. Белгілі бір мәселелерді екі палатаның бірлескен отырысында шешеді. Парламенттің басты қызметі заң шығару және үкімет пен басқа да мемлекеттік билік органдарының қызметін бақылау болып табылады. Бақылаушылық қызметі лауазымды тұлғалардың есебін тыңдау, жұмысын тексеру, халықаралық шарттарды мақұлдаудан көрініс табады. Сонымен қатар Парламенттің әкімшілік-басқарушылық (мысалы, жоғары лауазымдарға тағайындау және босату), соттық (импичмент жариялау, рақымшылық жасау) және құрылтайшылық (мемлекеттік институттар құру) өкілеттігі де болады.

Президенттік республика

Президенттік республика — президенттің мемлекеттік органдарының ісіне салмақты араласумен айқындалады. Президенттің қолында мемлекет және үкіметке басшылық лауазымы болады. Президентік республиканы әдетте, тағы да дуалистік республика деп те атайды, себебі бұл екі басшылық бөлек екендігін айқындайды. Олар біріншісі, заң шығарушы орган - парламент, ал атқарушы орган - президент.

Премьер-Министр

Премьер-министр (ағылш. prime – бірінші, minister – басқарушы) — үкіметті басқаратын жоғары лауазымды тұлға. Премьер-министрді барлық елдерде ресми түрде мемлекет. басшысы тағайындайды. Абсолюттік монархия, дуалистік монархияларда және президенттік республикаларда мемлекет басшысы жеке-дара өз қалауымен тағайындаса, парламенттік елдерде парламентте көп орынға ие болған партияның жетекшісі премьер-министр болады. Премьер-министр үкімет жұмысына жауап береді, үкімет отырысын ұйымдастырып, оған төрағалық етеді, үкіметтің күн тәртібін белгілейді, министрлерге тапсырма береді, олардың жұмысын бақылайды, үкімет қаулыларына қол қояды, өз атынан қаулы мен өкім шығарады. Премьер-министр қызметтен босаса, бүкіл үкімет мүшелері де қызметтен кетеді. Көп елдерде премьер-министр мәртебесі бойынша мемлекет басшысынан кейін екінші лауазымды тұлға болып табылады. Мемлекет басшысы өз міндетін атқара алмаған жағдайда оның өкілеттігі уақытша премьер-министрге ауысады. Премьер-министр қылмыстық жауапкершілікке айрықша тәртіпте тартылады (мемлекеттің бас прокуроры ғана іс қозғай алады, ол істі тек жоғарғы сот қарайды, т.б.).

Сент-Китс және Невис

Сент-Китс және Невис Федерациясы (ағылш. Federation of Saint Kitts and Nevis, [seɪnt ˌkɪts ænd ˈniːvɪs] тыңдау), сонымен қатар Сент-Кристофер және Невис федерациясы (ағылш. Federation of Saint Christopher and Nevis) — Кариб бассейніндегі Сент-Киттс және Невис аралдарында орналасқан мемлекет.

Мемлекет аумағы — 261 км². Халқының саны — 50 мың адамды құрайды (2010). Елордасы Сент-Китс аралында орналасқан Бастер қаласы.

Сент-Киттс және Невис мемлекеті батыс жарымшардағы аумағы бойынша да, халқының саны бойынша да ең кіші мемлекет есептеледі. Ұлыбритания ханшайымы басқаратын Британ Достастығы мүшесі.

Астанасы — Бастер қаласы. Халқы 40 мыңға жуық (2000), 86%-ын жергілікті тұрғындар (негізінен африкалықтар), қалғандарын еуропалықтар құрайды. Ресми тілі — ағылшын тілі. Тұрғындары негізінен протестанттар. Сент-Китс және Невис — конституциялық монархия, Ұлыбритания достастығына кіреді. Мемлекет басшысы — Ұлыбритания монархы тағайындайтын генерал-губернатор. Үкімет басшысы — премьер-министр. Жоғары заң шығарушы органы — Ұлттық жиналыс (бір палаталы парламент). Ұлттық мейрамы — Ұлт күні — 19 қыркүйек (1983). Ақша бірлігі — шығыс кариб доллары. Сент-Китс және Невис БҰҰ-ның (1983), Америка мемлекеттері ұйымының (1984) мүшесі.

Тувалу

Тувалу (тувалу Tuvalu, ағылш. Tuvalu; 1975 жылға дейін — Эллис аралдары) — Тынық мұхиттың оңтүстік-батыс бөлігіндегі, Полинезия аралдарында орналасқан мемлекет. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 600 км-ге созылған 9 ойпаттық маржан аралдарынан (1975 жылға дейін Эллис) тұрады. Аумағы 28 км². Халқы 11 мың (2001). Халқының негізгі этникалық құрамын тувалу тайпасының өкілдері құрайды. Діні – христиандық (протестанттық басым). Әкімшілік жағынан 8 аралдық кеңеске бөлінеді. Мемлекеттік тілі – ағылшын, тувалу. Астанасы – Фунафути (3,8 мың). Мемлекеттік басқару формасы – конституциялық монархия. Мемлекет басшысы – билігі генератор-губернатор арқылы жүргізілетін Ұлыбритания патшайымы Елизавета(1978). Ақша бірлігі – австралия доллары. Заң шығарушы органы – бір палаталы парламент. Ұлттық мейрамы – Тәуелсіздік күні – 1 қазан (1978).

Климаты субэкваторлық, ыс-тық әрі ылғалды. Орташа айлық температурасы 27С. Дауыл жиі болып тұрады. Тұщы судың қайнар көзі жоқ. Бұта өсімдіктері, мангр тоғайлары, кокос пальмасы ормандары өседі.

Негізгі тақырыптар
Саяси жүйелер
Академиялық пәндер
Әкімшілік басқару
Саясат
Басқару органдары
Қатысты тақырыптар
Аралық тақырыптар

Басқа тілдерде

This page is based on a Wikipedia article written by authors (here).
Text is available under the CC BY-SA 3.0 license; additional terms may apply.
Images, videos and audio are available under their respective licenses.