Идеология

Идеология (гр. идса – ой, пікір, идея + логос – сөз) – ілім, қоғамдық сана.

Идеолог – таптың немесе қоғамдық топтастықтың ойын білдіруші, идеялық мүддесін қорғаушы деген түсінік. Қазақ совет Энциклопедиясының 4 – томында ол «таптың, әлеуметтік топтардың мүддесін білдіретін, қоғамдық сана, философиялық, моральдық, эстетикалық және діни көзқарастар мен теориялардың жиынтығы» деген анықтама берілген.[1]

Тарихы

Алғаш рет «идеология» деген терминді француз философы және экономисі Де Гресси (1754-1836) қолданды. Ол «Идеологияның элементтері» деген төрт томдық еңбек жазған. Оның пікірінше, идеология идеялар туралы ғылым, ол барлық табиғат және қоғам туралы ғылымдардың, саясат, этика және тағы басқа әлеуметтік құбылыстардың негізіне жатуға тиіс.

Бірақ «идеология» деген сөздің кең тарауына себепкер болған адам – Наполеон Бонапарт. Ол либерал журналистерді, саясатшыларды «идеологтар» деп атап, оларды жаратылыстанумен айналысатын ғалымдарға және шынайы әрекет иесі белсенді адамдарға қарсы қойды. Француз императоры саяси сайқалдыққа тұрақсыз және алдамшы қоғамдық пікірге көп көңіл аударатын мемлекеттік қайраткерлерге жиіркенішпен келемеждеп қарайтын. Осы кезде қоғамның күнделікті өмірінен, алдында тұрған көкейтесті мәселелерден және мемлекеттің шынайы саясатына алшақ идеяларды қоштап таратушы адамдарды «идеологтар» деп атады. К.Маркс пен Ф.Энгельстің 1845 жылға дейінгі жазылған еңбектерінде де «идеология» деген термин осы мағанада қолданылады. Бұл кезде Германияда Гегельдің философиялық мектебі ыдырап, тұрпай социалистік теориялар пайда болды. Маркс пен Энгельс осындай идея, түсініктердің жиынтығын менсінбей, «неміс идеологиясы» деп атады. 1845 жылдан бастап олар идеология туралы өз түсініктерін қалыптастырды. ХІХ және XX ғасырлардағы идеология туралы айтылған ой-пікірлер маркстік пікірмен ұштасып, сабақтасып жатыр. Маркстік идеологияның мәні туралы түсінігінің қалыптасуында екі кезеңді ажыратуға болады. Бірінші кезеңде идеология өзіндік негізі, тірегі жоқ жалған сана деп түсіндіріледі. Идеологиялық ғылымға, әсіресе, Маркс пен Энгельс қалыптастырған тарихқа материалистік көзқарасқа қарсы қойылады. Олар идеологияға философиялық идеализмді де жатқызады.

Екінші кезең

Идеологияның мәнін пайдаланудың екінші кезеңі К.Маркстің «Капиталды» жазуымен (1857) байланысты. Бұл кезде идеология тілек, мақсат (топтық, таптық және тағы басқа) тұрғысынан шындықты бейнелейтін сана ретінде түсіндірілді. Осылайша идеология дегеніміз жеке тілек, мақсатты ғылым, көркемөнер, мораль, саясат, құқық тілінде көтермелеп өткізу, жұртшылықтың санасына арбап құю. Осы мақсатта ғылым тілінде, ғылыми терминологияға көп жүгінеді. Идеологияландыру саналы түрде және санасыз түрде де жүзеге асырылады. К.Маркс бұл кезде идеологияны тек ғылымға ғана емес, жалпы еркін рухани өндіріске, яғни барынша объективті, сондықтан да жалпы (жеке емес) тілек, мақсатты білдіруге бағытталған танымдық, көркемдік және басқа қызметке қарсы қояды. Экономикалық теория саласында К.Марск:

а) экономикалық шындықты объективті түрде танып білуге ұмтылған классикалық саяси экономияны және

ә) осы теория құралдарын пайдаланып, таптық мүддені анықтап, шындықты танып білуге ұмтылатын тұрпайы саяси экономияны ажыратып көрсетеді.

Сол сияқты К.Маркс ғылым мен идеологияны бір-біріне жалпы, абстракты түрде қарсы қоюға болмайтындығын, ғылымының өзінде идеологияландыру кезеңі, сәті кездесе беретіндігіне көңіл аударады. Осы жайды ол физиократтардың, А.Смит, Д.Рикардо еңбектерін талдау үстінде байқап көрсетеді.

Қорытынды

Идеологияның бұл түсінігі бірінші кезеңде қалыптасқан түсініктен ерекше, сонымен бірге оның негізгі сәттерін де ұмыт қалдырмай қабыл алған. Өз ілімдерін Маркс пен Энгельс жалған сана ретінде идеологияға қарсы қояды, әрі оны объективтік таным және білімнің синонимі ретінде теория не ғылым деп есептеді. Осы жәйді дұрыс түсінбеген В.И.Ленин кейін «ғылыми идеология» деген жаңсақ пікірді ұстанған СОКП «партиялық идеология», «партияның идеологиялық саясатын» тым жоғары көтерді.

Бірақ К.Маркстің кемеңгер ғалым, оның мұрасының уақыт таразысынан өтіп, болашақпен үндесіп жатқан жақтарын да мол екендігін де ұмытпаған жөн. Маркстің идеология туралы айтқандары – соның дәлелі. Сонымен, иделогия бүгін ғана қалыптасқан ұғым емес. Қоғамдық-экономикалық формациялармен, мемлекеттік құрылыспен қатар туып, байланысты дамып келе жатқан табиғи да толассыз қоғамдық құбылыс. Идея, идеология дегеніміз тек қалыптасып қалған қасаң түсінік емес, даму барысында күн тәртібіне қойылып отыратын мақсат-мүдде. Болмаса – идеология дегеніміз белгілі бір мақсатқа бағытталған идеялар жүйесі. Осы идеяларды жүзеге асыру арқылы ұлттық немесе әлеуметтік топтың түпкілікті мақсатқа жетуі көзделеді.Сонымен идеология жеке мүддені қолпаштайтын белгілі бір жүйеге келтіріліп, өңделген көзқарастардың жинтығы болып табылады. Мұндай жүйелерді арнайы идеологиялық қызметкерлер жасайды.

Қазіргі көзқарас

Көп партиялық қоғамда айқын анық бірнеше идеология өмір сүреді. Олардан мемлекеттік идеология жоғары тұрады. Мемлекеттік идеология – бүгінгі күнде үкіметті қолында ұстап отырған партияның идеологиясы. Унитарлық мемлекетте жалыз ресми идеология болады. Ал басқа идеологиялар болса олар қалтарыста өмір сүреді. Егер үкімет қатаң тәртіпті ұстанса, мемлекеттік идеология міндетті, оның идеялары, қағидалары, ұрандары жұрттың барлығы бұлжытпай орындайтын заңға айналады. Мұндай тәртіп орнаған елдерде мемлекеттік идеология екі дәрежеде кездесуі мүмкін. Мысалы, нацистік Германияда мемлекеттік идеология, біріншіден, халық бұқарасына бір талап қойса, екіншіден, элита, ел басшыларына басқа міндет жүктейді. Ал И.В.Сталиннің диктатурасы кезінде біздің елде мемлекеттік идеология қарапайым халық пен басшылардың барлығына бірдей ортақ міндет жүктеді. Сонымен идеология адамдарды саяси және экономикалық міндеттерді шешуге топтастыру мен жұмылдырудың уақыт таразысынан өткен тәсілі, әлеуметтік мінез-құлыққа қалыптастыру механизмі. Осы тұста бір-екі жанама мәселерге назар аударған жөн. Оның бірі – түсініксіз қоғамдық пікір қалыптасып қалғандай: кешегі коммунистік идеология мен бүгінгі тәуелсіз еліміздің идеологиясы арасында бір бос кеңістік, қуыс (вакуум) пайда болды, қоғам бір кезең идеологиясыз қалды деген қағида. Осының өзі ақиқатқа жата ма деген сұрақ туады.

Өзге пікір

Қарсы пікіршілеріміз сол идеологиялық қуыстың дәлелі ретінде – империялық идеологияның «қазасын», оның өзімен бірге ала кеткен идеологиялық мекемелерін уәж етеді. Идеологияны тек оны ұйымдастырушы, жүргізуші аппараттың қызметінде бағыныштылық жағдайда қоюға бола ма? Жаңа құрылып жатқан идеологиялық бөлім қызметкерлері де әлсін-әлсін сездіріп қалады: міне, енді Президент те түсінді, әкімшіліктерде мойындай бастады, сондықтан ішкі саясат бөлімдері құрылды – идеологияның негізгі нұсқасы салынды, идеологиялық жұмысқа жағдай туа бастады. Осы дәлелдеме де қаншалықты өзін ақтар екен? Бір-ақ мысал келтіре кетелік, коммунистік партияның түкірігі жерге түспей, бір жақты моноидеологияның «патшасы» болып, бір орталықтан өзі пішіп, өзі шешіп тұрғанда да жергілікті идеологияны басқарған төрайымдар мен төрағалар арнайы мәжілістер мен жиналыстар, насихатшылар, лекторламен кездесулер төрінің тұрақты «құрметті қонақтары» болғанымен, басым көпшілігі аузын бір ашпастан, идеологиялық иісін де ажыратпастан, қоғамнан өткені ақиқат емес пе? Бүгін де кейбір мәдени-рухани құбылыстар сол өткен кезеңдер ұқсастығын сездіреді. Осындайда «… кешегі идеялық басыбайлылық пен идеократиялық үстемділікті қайта тірілтіп аламаймыз ба деген қауіп басым түсіп жатады».

Дереккөздер

  1. “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Ағартушылық

Ағартушылық — қоғамдық-саяси ағым. Оның өкілдері ізгілік, әділеттілік идеялары мен ғылыми таным-білім негіздерін тарату жолдары арқылы қоғам кемшіліктерін түзетуге, оның талғам-талаптарын, саясатын, тұрмысын өзгертуге күш салды. Ағартушылар қатарында Вольтер, Руссо, Монтескье, Гёрдер, Лессинг, Шиллер, Гёте, Десницкий, Козельский т.б. болды. Олар өз уағыздарын қоғамның барлық топтары мен жіктеріне, әсіресе билік иелеріне бағыштады. Қоғамдағы кертартпа көріністердің бәрі адамдардың надандығынан, олардың өз табиғатын өзі түсінбеуінен деп білді. Ағартушылық шіркеулік идеология ықпалына, діни догматтарға, схоластик. ой ағымдарына қарсы болды. Ағартушылар қоғам дамуындағы сананың айқындаушы рөлі туралы түсініктерге ден қойды. Ағартушылық 18 ғасырда әлеуметтік көзқарастардың қалыптасуына едәуір ықпал етті. Шығыс елдерінде бұл ағым біршама өзіндік сипатта өркен жайды. қ. Абай, Алтынсарин.Ағартушылық - XVIII-XIX ғғ. дамыған идеялық ағым. Бұл ағымның өкілдері ізгілік, әділеттілік идеялары арқылы қоғам кемшіліктерін, саясатты түзетуге күш салды. Негізгі өкілдері Вольтер, Руссо, Монтескье және т.б. Басты идеяларын қоғамның барлық топтары мен жіктеріне, билік өкілдеріне бағыштады. Қоғамдағы кертартпа көріністердің бәрі адамдардың надандығынан, олардың өздерін бағалай білмеуінен деп түсіндірді. Ағартушылық шіркеулік идеология ықпалына, діни наным-сенімдерге қарсы болды. Ағартушылар сол қоғамда әлеуметтік көзқарастардың қайта қалыптасуына ықпал жасады. Шығыс елдеріндегі ағартушылықтың өзіндік сипаты бар.

Большевизм

Большевизм (большевик - РСДРП-ның солшыл фракциясы) - В. И. Лениннің, кейіннен оның ізбасарларымен басқарылған, марксистік ілімді тоталитарлық идеология мен тәжірибеге бүрмалаған ресейлік социал-демократиядағы ультрасолшыл ағым.

Діни идеология

Діни идеология - саяси талаптарды қою және негіздеу мақсатымен әлемнің діни пайда болуы туралы жалпы пайымдаулар мен діни догматтарды пайдаланатын идеялық елестетулер жүйесі.

Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов

Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов (1.05.1947, Ақтөбе облысы Қобда ауданы Қызыл Ту ауылы) — Ақтөбе облысы әкімі

Ақтөбе педагогикалық институтын (1977) математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша; Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын (1990) инженер-механик мамандығы бойынша бітірген.

Экономика ғылымдарының докторы (2001).

80-нен астам ғылыми мақала мен еңбектің, оның ішінде «Адами даму концепциясының негізіндегі аймақтың еңбек әлеуетін стратегиялық жоспарлау» басылымының, «Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын басқару» оқулығының авторы.

1965 жылдан - Ойыл МПТУ-196 дене шынықтыру пәнінің оқытушысы, Темір индустриялық-педагогикалық техникумының студенті, оқытушысы. 1969 жылдан - Кеңес Әскерінің қатарында қызметте. 1971 жылдан - Ақтөбе қаласының КТУ-100 оқытушысы, өндірістік оқыту шебері.

1974 жылдан - Ақтөбе қаласының ҚКТУ-107 директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары. 1977 жылдан - Ақтөбе облыстық кәсіби-техникалық білім беру басқармасы бастығының орынбасары. 1980 жылдан - Ақтөбе облыстық партия комитетінің нұсқаушысы. 1985 жылдан - Ақтөбе облыстық кәсіби-техникалық білім беру басқармасының бастығы. 1988 жылдан - Ақтөбе облыстық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі. 1990 жылдан - Ақтөбе облыстық халыққа білім беру басқармасының бастығы. 1992 жылдан - ҚР білім министрінің орынбасары.

1995 жылдан - Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары.

1996 жылдан - Ақтөбе қаласының әкімі. 2002 жылдан - ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Заң шығару және құқықтық реформа жөніндегі комитеттің мүшесі.

2004 жылдан бері - Ақтөбе облысының әкімі.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 13-ші шақырылым депутаттығына кандидат.

Ақтөбе облысы Бокс федерациясының президенті (1985-2005).

«Құрмет» (2001), II дәрежелі «Барыс» ордендерімен, II дәрежелі әулие Сергей Радонежский орденімен; медальдармен, оның ішінде «Ерен еңбегі үшін» (РФ); «КСРО кәсіби техникалық білім беруді дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының «Ана тілі» құрмет белгілерімен марапатталған. ҚР Құрметті спорт қайраткері. Жыл әкімі (2006, 2009). Қазақстан Құрметті жол салушысы. Бокстан КСРО спорт шебері.

Әскери атағы - запастағы полковник.

Үйленген. Жұбайы - Құрғұлова Мінаура Әбиқызы. 3 баласы, немерелері бар.

Коммунизм

Коммунизм (лат. Communis - «ортақ») —

болашақтың қияли көрінісін;

кейбір саяси партиялар мен қозғалыстардың идеологиясын;

ерекше өмір салтын білдіретін ұғым.

Консерватизм

Консерватизм (фр. соnservatisme, лат. conservo - сақтаймын, қорғаймын) - саяси және әлеуметтік философиялық ұстаным ретінде дәстүрлі әлеуметтік институттардың сақталуын қолдайды. Бағдарлардың, ұстанымдардың, қоғамның мемлекеттік-саяси жүйелерінің өміріне қатысты, ондағы адамның орнын анықтауға байланысты құндылықтардың әлеуметтік-философиялық және идеологиялық тұжырымдар жиынтығы. Консерватизм ұғымын алғаш рет саяси мағынада Франсуа Рене де Шатобриан пайдаланған. Консерватизм жақтастарының қоғамда орнығып қалған дәстүрлер мен құндылықтарды сақтап, түбегейлі өзгерістерден бас тартатындығымен ерекшеленеді. Доктрина және идеология ретінде консерватизм өздерін консервативті деп атайтын партиялардың іс-әрекеттерінің бағыттарымен сәйкес келе бермейді. Термин әдетте оңщыл топтарды сипаттауда пайдаланылады. Консервативті саясатты анықтауда универсалды қағидалары жоқ. Себебі консервативтіліктің негізі болатын дәстүрлер жергілікті жағдай мен уақытқа тәуелді болады. Соған байланысты әлемнің әртүрлі түкпірінен шыққан консерваторлар бір мәселе бойынша ортақ пікірде болмауы мүмкін. 18 ғасырда өмір сүрген Эдмунд Берк Ұлыбритания консерватизмінің негізгі ойшылдарының бірі болған.

Либерализм

Либерализм (лат. liberalis - «еркін») — ең жоғарғы құндылық әрі басымдық ретінде жеке еркіндікті ұстанатын идеология. Либерализмнің әлеуметтік-саяси теориясы қоғамдық және мемлекеттік құрылымның демократиялық принциптеріне негізделеді, әлеуметтік, саяси, экономикалық қатынастардың зорлық-зомбылықсыз түрлерін ұстанады, тұлғаның еркін дамуын шектемейтін және әрбіріне мемлекеттік-құқықтық қорғау, адам құқы мен азамат бостандығын сақтау кепілдігін беретін қоғам құруды көздейді. Либералды құндылықты ұстанушы адамды либерал дейді. Либерал - қоғамның барлық экономикалық, әлеуметтік-саяси, рухани салаларында жеке тұлғаның еркіндігін жақтайтын саяси және идеологиялық ағымды ұстанушы; либералды партияның мүшесі; ескі. - еркін ойлаушы.

Мемлекеттік дін

Мемлекеттік дін — мемлекеттік идеология ретінде арнайы құқықтық бекітіліммен қолданылатын қоғамдағы діннің күйі. Мемлекеттік діннің мысалы жекелеген тарихи кезендерде Ресей империясында православия күйі бола алады.

Мемлекеттік идеология

Мемлекеттік идеология - ұлт субъектісі болып табылатын мемлекеттің идеялық көзқарастарының жүйеленген жиынтығы. Ұлт саяси қатынастардың басты субъектісі екені даусыз. Осы орайда, олар өздерін, өз мүдделерін қоршаған ортада нақтылы философиялық, экономикалық, саяси, құқықтық, этникалық және діни көзқарастарымен тұтастанатын, өздерінің саяси-әлеуметтік талпыныстары мен әрекеттерін сол ұстанымдары тұрғысынан түсіндіреді.

Мұрағат

Мұрағат немесе Архив (лат. archіvum) – тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мемлекет арнаулы мекеме. Мекемелердің ескі құжаттарын сақтайтын бөлімі немесе жеке тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты жинақталған жәдігерлер жиынтығы да архив делінеді.

Жазба деректерді жинастырып сақтау ісі тұңғыш рет Мысырда, Қытайда, Ежелгі Грекияда, Римде, тағы басқа елдерде мемлекет дәрежеде қолға алынды. Қазақстанда дербес архивтің пайда болуы Бөкей ордасы архивімен байланысты (18 ғасыр). Қазақстандағы архив жүйесі (республика, салалық, аймақтық, т.с.с.) негізінен 20-ғасырдың 20–30-жылдары қалыптасты. Ұлттық архив ісінің бастауында А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Жолдыбаев сынды мәдениет қайраткерлері тұрды. Мемлекет А. 1921–38 жылы Қазақ АКСР-і Халық ағарту халкоматының, 1938–58 жылы Қазақ КСР-і Ішкі Істер халкоматының қарамағында болды, 1958 жылдан Министрлер кеңесіне бағындырылды. Облысы, ауданы архив жергілікті әкімшіліктерге қарады. Архив қызметінің басты бағыттары: қор жинақтау, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, қор құрамын зерттеп, жүйелеу, ғылым анықтамалар мен көрсеткіштер жасау; құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру және жария ету. КСРО дәуірінде архив социализмді дәріптеудің идеологиялық құралы болды. Республикадағы барлық құжаттар айналымының 10%-ға жуығы коммунистік құндылықтар тұрғысынан мұқият сұрыпталып, мемлекет сақтауға – архивке жинақталды. Құжаттардың біржақты іріктелуінің салдарынан Қазақстанның шынайы тарихын бейнелейтін аса бағалы деректер архивке түспей, біржола жойылып отырды. Ал архив қорындағы құжаттардың басым бөлігі түрлі жасанды шектеулер қою арқылы зерттеушілерге берілмеді. Қазіргі архивтерде дәстүрлі қағаз құжаттардың түпнұсқаларымен және көшірмелерімен қатар фото-киноматериалдар, дыбыстық және бейнежазбалар, ақпараттың барлық жәдігерлер түрлері сақталады. Архивтерде мәңгілік мерзімге сақталып, қорғалатын тарихи деректер – мемлекеттің ішкі-сыртқы жағдайы, экономика, саяси-идеология қатынастары туралы құжаттар Ұлттық байлықтың бір бөлігі болып табылады. Тәуелсіз Қазақстан архивінің қызметіне халықаралық байланыстардың артуы оң ықпалын тигізіп отыр.Қазақстан архившілері «Ғасыр соңындағы архивтер: өткен жолды бағалау және болашаққа көзқарас» тақырыбымен Архивтердің Халықар. кеңесі өткізген архивтің халықар. 13-конгресіне (Пекин, 2–7.09. 1996 жылы) қатысты.

Саясаткер

Саясаткер - өз қызметінде нақты саяси идеологияны басшылыққа ала отырып және нақты саяси жағдай қажеттіліктеріне сай шешімдер қабылдайтын, кәсіби саясатпен айналысушы адам. Саясаткердің интеллектуалдық әлеуеті оның қызметінің тиімділігіне ықпал етеді. Саясаткер белгілі идеология өкілі болғандықтан, бір жағынан, оның мақсаттарына сәйкес, екінші жағынан, нақты саяси жағдай қажеттіліктеріне сай өз қызметін жүзеге асыруға тырысады. М.Вебер саясатты кәсіп ретінде қарастыра отырып, саясаткерлерді үш түрге бөледі: "кездей- соқ", "жұмысына қосымша" және "кәсіби". Кәсіби саясаткер - саясат әлеміне жататын, оның кәсіби қызметі саяси шындықты өзгертуге бағытталған мүддеге негізделеді.

Тұрақты даму жағдайындағы саясаткерлер мен саясаттанушылар арасындағы айырмашылық - зерттеуші М.Крозье пікірінше, "ғалымдар - біледі, саясаткерлер - жүзеге асыра алады".

Саяси идеология

Саяси идеология - саяси сананың құрамдас бөлігі және өзегі.

"Идеология" деген ұғым гректің идея - бейне және логос - білім деген сөздерінен шыққан. Ғылыми айналымға француз ғалымы А.Дестют де Траси (1754-1836) енгізген. Ол идеологияны идеялар, олардың қалай пайда болатындығы және әрекет ететіндігі жөнінде ғылым деп түсіндірді. Қазір идеология деп адамдардың үлкен әлеуметтік топтарының іс-әрекетіне бағдар беріп, олардың мақсат-мүдделерін білдіретін және қорғайтын идеялар мен көзқарастар жүйесін айтады.

Саяси партия

Саяси партия - мемлекеттік билікті қолға алуға немесе билік жүргізуге қатынасуға бағытталған, ортақ мүдде, бір идеология негізінде құрылған адамдардың ерікті одағы; қандай да бір таптың немесе оның қабатының мүдделерін көрсететін, белсенді және ұйымдастырылған бөлігі.Алғашқы саяси партиялар Ежелгі Грекияда пайда болған. Ал қазіргі біздің түсінігіміздегі саяси партиялар Еуропада XIX ғ. II жартысында пайда бола бастаған. Бірақ саяси партиялар бірден көпшілік, бұқаралық партия бола калған жоқ. Мысалы, неміс ойшылы М.Вебер саяси партиялардың дамуында келесі кезеңдерді атап көрсеткен:

1) аристократиялық үйірмелер;

2) саяси клубтар;

3) көпшілік партиялар.Демократиялық тәртіп жағдайында партиялар азаматтар, әлеуметтік топтар мен қоғам мүдделерін шынайы саяси үрдіске айналдыра алады.

Сионизм

Сионизм - «барлық еврейлердің» олардың алыс ата-бабаларының жерлеріне - Иерусалим жанындағы Сион тауына - қазір Израиль Мемлекетіне қоныс аударуымен байланысты ұлттық идеология мен саясаттың бір түрі.

Социал-демократиялық идеология

Социал-демократиялық идеология - әділетті қоғамдық құрылыс басымдықтары негізінде жатқан көзқарастар мен идеялар жүйесі.

Социалистік мемлекет

Социалистік мемлекет - социалистік идеология мемлекеттік ресми идеологияға айналған, сол идеология негізінде басқарылған мемлекет.

Яғни, негізгі қағидаттары әлеуметтік теңсіздікті жою, таптық күрес, коммунистік партияның жетекшілік рөлі. Патшалық Ресейдегі 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін, социалистік мемлекет жарияланды. Бірақ КСРО-ғы социалистік мемлекет құру тәжірибесі бұрмаланған сипатымен танымал, соның салдарынан КСРО-да тоталитарлық тәртіп орнады. Бұл әлемнің екі полюске, капиталистік және социалистік болып бөлінуіне де себепкер болды.

XX ғ. әлемдегі 15-ке жуық мемлекет өзін социалистік мемлекет ретінде таныған, әрі социалистік лагерь құрамына кірді. Олар КСРО, Моңғолия, ҚХР, Польша Халық Республикасы, ГДР, Болгария Халық Республикасы, Венгрия Халық Республикасы, Югославия, Чехословакия, Албания, Солтүстік Корея, Вьетнам.

Фашизм

Фашизм (лат. fascismo, fascio – диктаторлық шыбық будасы, билік белгісі) — 1919 жылы Италияда пайда болған саяси ағым, I дүниежүзілік соғыстан кейін социалистік қозғалыстың тармақталып, басқа елдерге, оның ішінде Германияға лезде таралып, национал-социализм аталуы.

Ұлт

Ұлт — қоғамды ұйымдастырудың анағұрлым кең тараған бірлігі. Негізінде XX-XXӀ ғасырлар ғаламдық деңгейдегі саяси ұйымдасудың негізгі бірлігі болып табылатын ұлттық мемлекетке сәйкес келуі керек. Ұлт мемлекетті қажетті заңдылықпен қамтамасыз етеді және тек ұлттық мемлекеттер халықаралық қатынастардың толыққанды субъектілері ретінде өмір сүре алады деген пікір қалыптасқан. Ұлттық емес мемлекеттер толыққанды болып есептелмейді. Олар не ұлттыққа айналуы керек, не өмір сүруін тоқтатуы керек.

КСРО дан кейін қалыптасқан ұғым бойынша, ұлт — белгілі бір аумақта тарихи қалыптасқан, оның өмір сүруін қамтамасыз етіп, оған өзіндік түр беретін субстанционалды-рухани негізі бар, бірыңғай тіл, мәдени, психологиялық, ділдік (менталитет), өмір салты сияқты ерекшеліктер тән әлеуметтік қауым. Бұл Сталинниің ұлттқа берген қате анықтамасы негізінде айтылған көзқарас. Себебі бұл жиынтықта айтылған компоненттерде саяси ерік және осы еріктің негізінде туындайтын саяси мемлекет туралы еш нәрсе айтылмайды. Марксистік идеология негізінде ұлттың негізгі саяси компоненті жойылып, ұлт ұғымы этнос деңгейіне дейін төмендетілген. Оның бірнеше себептері болған. Біріншіден, марксистік көзқарас бойынша коммунизм орнағаннан кейін ұлттар жойылу керек еді болашақта. Екіншіден, отарлаушы мемлекетте ұлттың шынайы саяси көрініс табуы мүмкін емес еді. Сондықтан советтік кезеңнен қалған шолақ анықтамалардан сақ болу керек.

Әнұран

Әнұран, гимн (көне грекше: hymnos — мадақтау ән) — салтанатты ән, мемлекеттік негізгі рәміздердің бірі.

Әнұрандардың революциялық, әскери, діни тағы басқа түрлері болады. Оның сөзі де, музыкасы да рух көтеретін салтанатты, үлкен мұраттарға бастайтындай болуы керек.

Кейбір күрделі опера, балет, симфония, хорлар соңы әнұран сипатында аяқталады. Мысалы, Л. Бетховен өзінің 9-симфониясын И. Шиллердің “Шаттық” одасына арнап жазған әнұранымен аяқтаса, орыс композиторы М. Глинка “Иван Сусанин” операсын атақты “Даңқ” хорымен бітіреді.

Кеңестік дәуірде 1945 жылы бекітілген Қазақстан әнұранының сөзі коммунистік идеология талабына сай, жалған оптимистік рухта жазылды. Дербес мемлекет болғаннан кейін Қазақстан Республикасының шынайы рухы мен қуатын, мақсат-мүддесін танытатын әнұран қажет болды. Осы талаптарға сай ән музыкасын сақтап қалу туралы шешім қабылданды да, оның сөзіне арнайы бәйге жарияланып, ақындар М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ж. Дәрібаева жазған сөз үздік деп табылып, қабылданды. Қазақстан Республикасы әнұраны музыкасының авторлары: М. Төлебаев, Л. Хамиди, Е. Брусиловский. Еліміздің әнұраны 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді.ҚР Президентінің 2006 жылғы 7 қаңтарында Конституциялық заң күші бар Жарлығымен мемлекеттік рәміз – Әнұранның мәтіні мен оны ресми пайдаланудың рет жөні бекітілді. Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Музыкасын жазған Шәмші Қалдаяқов. Әнұранның әуенінен Отанға деген сүйіспеншілік, Атамекенге деген шексіз берілгендік аңғарылса, сөзінен жан – дүниемізді танытар ұлттық қасиетіміз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз жақсы көрініс тапқан. Мемлекеттер басшыларының ресми кездесулері Әнұранның орындалуымен ашылады.

Негізгі тақырыптар
Саяси жүйелер
Академиялық пәндер
Әкімшілік басқару
Саясат
Басқару органдары
Қатысты тақырыптар
Аралық тақырыптар

Басқа тілдерде

This page is based on a Wikipedia article written by authors (here).
Text is available under the CC BY-SA 3.0 license; additional terms may apply.
Images, videos and audio are available under their respective licenses.