Жерорта теңізі

Жерорта теңізіАтлант мұхитының Еуразия мен Африка құрлықтары арасындағы теңізі. Гибралтар бұғазы арқылы Атлант мұхитымен, Босфор бұғазы арқылы Қара теңізбен, Суэц каналы арқылы Қызыл теңізбен жалғасады. Ауданы 2505 мың км², орташа тереңдігі 1498 м, ең терең жері 5121 м. Жерорта теңізінің еуразиялық жағалауы қатты тілімденген. Онда түбектер және аралдармен бөлінген шағын Альборан, Балеар, Лигурий, Тиррен, Адрия, Ион, Эгей және Кипр теңіздері орналасқан.

Теңіз алабына Қара, Азов, Мәрмәр теңіздері де кіреді. Ірі шығанақтары: Валенсия, Лион, Генуя, Таранто, Сидра (Үлкен Сирт), Габес (Кіші Сирт). Ірі аралдары: Балеар, Корсика, Сардиния, Сицилия, Крит және Кипр. Теңізге ірі Ніл, По, Рона, Эбро өзендері құяды. Жас альпілік геосинклинальдік аймақта орналасуына байланысты, түпкі бедері күрделі. Ең ірі қазаншұңқырлары: Алжир-Прованс, Орталық қазаншұңқыр және Геллен шұңғымасы. Тиррен теңізінің қазаншұңқырының төңірегінде сөнген және әрекетті жанартаулар бар.

Бүкіл Жерорта теңізі аймағына субтропиктік климаттың “жерортатеңіздік” деп аталатын ерекше типі тән: қысы ылғалды әрі жылы, жазы құрғақ және ыстық. Судың беткі қабатының температурасы ақпанда теңіздің солтүстігінде 12° С-тан оңтүстікте 18° С-қа дейін, тамызда батысында 20 — 25° С-тан оңтүстік-шығысында 28 — 30° С-қа дейін көтеріледі. Су көп буланады, сондықтан тұздылығы жоғары. Батысында 36ү-ден, шығысында 39,5ү-ге дейін құбылады. Толысу толқынының биікт. 0,1 — 0,5 м, Тунистің шығысында 1,7 м-ге жетеді. Негізгі ағыс Гибралтардан Ливанның жағасына дейін Африканы бойлап өтеді. Оқшау теңіздерде су циклондық айналым жасайды. Теңізде балықтың 550-дей түрі бар. Сардина, тунец, макрель, скумбрия, т.б. ауланады. Жерорта теңізінің Адрия және Эгей теңіздерінің қайраңдарында мұнай, газ өндіріледі.

Теңіз арқылы аса маңызды халықаралық теңіз жолдары өтеді. Басты порттары: Барселона (Испания), Марсель (Франция), Генуя, Неаполь, Венеция, Триест (Италия), Риеака (Югославия), Пирей және Салоники (Грекия), Бейрут (Ливан), Александрия, Порт-Саид (Египет), Триполи (Ливия), Алжир (Алжир). Түркия жағалауында дүние жүзіне әйгілі курорттар бар. Жерорта теңізінің жағалауында Испания, Франция, Италия, Монако, Мальта, Хорватия, Босния және Герцоговина, Югославия, Албания, Грекия, Түркия, Кипр, Сирия, Ливан, Араб елдерінің аумағы, Израиль, Египет, Ливия, Тунис, Алжир, Марокко елдері орналасқан.[1]

Mediterranean Sea panorama
Тель-Авив: Теңіз жағасының панорамасы
Жерорта теңізі
Сипаттамасы
Ауданы2 500 000 км²
Көлемі3 839 000 км³
Тереңдігі5121 м
Орташа тереңдігі1541 м
Орналасуы
35°00′00″ с. е. 18°00′00″ ш. б. / 35.00000° с. е. 18.00000° ш. б.   Координаттар: 35°00′00″ с. е. 18°00′00″ ш. б. / 35.00000° с. е. 18.00000° ш. б.   
Blue pog.svg
Жерорта теңізі

Сыртқы сілтемелер

Дереккөздер

  1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Жерорта теңізімен шектесетін елдер мен аймақтар
Егеменді елдер
Мойындалмаған және
жартылай мойындалған мемлекеттер
Тәуелді және басқа да аймақтар

Басқа тілдерде

This page is based on a Wikipedia article written by authors (here).
Text is available under the CC BY-SA 3.0 license; additional terms may apply.
Images, videos and audio are available under their respective licenses.