Еуропа

Еуропа (гр. Ευρώπη, семит тілінің “эреб”“батыс” сөзінен шыққан, Ежелгі Грекияда Эгей теңізінің батысындағы жерлер осылай аталған) — Еуразия құрлығының батысын алып жатқан дүние бөлігі. Азиямен бірге Еуразия құрлығын құрайтын әлем бөлшегі.

Аумағы 10 млн. км2 жуық, халқы 826 млн. адам (2000, Ресейді қоспағанда). Азиямен арадағы шекарасы шартты түрде алынған. Ол құрлықта Орал тауы, Жем өзенін бойлай Каспий теңізіне дейін, одан әрі Кума және Маныч өзендері бойымен Донның сағасына жетіп, Азов, Қара теңіздерге ұласады. Одан арғы шекарасы Босфор бұғазы, Мәрмәр теңізі, Дарданелл бұғазы арқылы өтеді. Еуропа солтүстігінде Солтүстік Мұзды мұхитпен және оның Кара, Баренц, Ақ, Норвег теңіздерімен, батысы мен оңтүстігінде Атлант мұхитымен және оның Балтық (Балт) пен Солтүстік теңізі, Ирланд, Жерорта теңіздерімен қоршалған. Оңтүстік-шығысында тұйық Каспий теңізі орналасқан. Дүние бөлігінің құрлықтағы қиыр шеттері: солтүстігінде — Нордкин мүйісі (71°08′ с. е.), оңтүстігінде — Марроки мүйісі (36° с. е.), батысында — Рока мүйісі (9°31′ б.б.), шығысында — Байдарацк кірмесіне таяу Полюстік Оралдың шығыс жақ етегі (67°20′ ш. б.). Еуропаға кіретін аралдар мен топаралдардың жалпы аумағы 730 мың км2. Ірілері: Жаңа Жер аралы, Франц-Иосиф жері, Шпицберген, Исландия, Британия, Ирландия, Корсика, Сардиния, Сицилия, Крит, т.б. Еуропаның жағалаулары (жалпы ұзындығы 38 мың км) қатты тілімденген. Түбектер Еуропа аумағының 1/4-ін құрайды. Олар: Пиреней, Апеннин, Балқан, Скандинавия, Кола, Ютландия және Қырым түбектері. Жағрапиялық ортасының координаттары: 47°56′18″ N 24°11′18″ Eуропа Су шекарасы Атлант және Арктика мұхиттары және олардың теңіздерімен шектеседі. Аралдардың аумағы шамамен 730 мың км. Орташа биіктігі 300 м, ең жоғарғы нүкте — 5642 м. (Мәнгі тау не Эльбрус тауы). Жер аумағының көбі — жазықтық (ірілері — Шығыс Еуропа, Орта Еуропа, Орта және Төменгі Дунай, Париж бассейні), таулары — жер аумағының 17%-ын алып жатыр (бастылары — Альпілар, Карпаттар, Пиренейлер, Апенниндер, Орал таулары, Скандинав таулары, Балқан түбегі таулары). Сөнбеген жанартаулар Исландияда және Жерорта теңізінің аумағында орналасқан. Аумақтың көбінде қоңыржай климат (батыста — мұхиттік, шығыста — қарлы және салқын қысты континенталды), солтүстік аралдарда — субарктикалық және арктикалық, Оңтүстік Еуропада — жерорталық. Арктика аралдарында, Исландияда, Скандинав және Альп тауларында — мұз басу (оледенение) (аумағы 116 мың км2. Негізгі өзендері: Еділ, Днепр, Дон, Печора, Солтүстік Двина, Дунай, Висла, Одра, Эльба, Рейн, Луара, Рона, Тахо. Негізгі көлдері: Ладога, Онега, Чуд, Венерн, Балатон, Женева. Арктика аралдарында және Арктика мұхиты жағалауында — арктикалық шөлдер және тундралар, оңтүстікке қарай — орманды тундралар, тайгалы, аралас және қалыңжапырақты ормандар, орманды далалар, далалар, субтропиктік жерорта ормандары және бұталар; оңтүстік-шығыста — шөлейттер.

Europe satellite globe
Еуропа
Еуропа
Еуропа
Еуропа
Территория10,18 млн км²
Халық саны742,5 млн адам
Тығыздығы72,5 адам/км²
Этнохоронимеуропалықтар
Енеді50 мемлекет
ТілдеріЕуропа тілдері
Уақыт белдеулеріUTC UTC+6
Интернет үйшігі.eu (Еуроодақ)
.su (Посткеңестік кеңістік[1])

Жер бедері

Еуропада жазықтар мен ойпаттар және қыратты жерлер басым. Дүние бөлігінің теңіз деңгейінен орташа биіктігі 300 м. Жер аумағының 60%-ке жуығы теңіз деңгейінен 200 м-ге дейінгі ойпаттардың, 24%-і 200 м-ден 500 м-ге дейінгі қыраттардың, 10%-і 500 м-ден 1000 м-ге дейінгі үстірттер мен таулы үстірттердің, 6%-і 1000 м-ден жоғары (оның ішінде 1,5%-і 2000 м-ден биік) таулардың үлесіне тиеді. Шығыс бөлігін тұтасымен дерлік Шығыс Еуропа жазығы алып жатыр. Оның оңтүстік-шығысында теңіз деңгейінен 27 м-ге дейін төмен жатқан Каспий ойпаты орналасқан. Батыс Еуропаның жер бедері әр түрлі келген. Мұнда жазық және ойпатты жерлер бірдей аумақты алған. Негізгі ойпаттар: Ортаеуропалық, Ортадунайлық, Төменгі Дунай, Париж алабы, Падан ойпаты. Солтүстік пен Оңтүстік Еуропаға аласа және орташа биіктіктегі таулар тән. Олар: Скандинавия, Пиреней, Апеннин, Балқан, Карпат т.б. Батыс Еуропаның орталық бөлігінде Еуропаның ең биік тауы — Альпі (Монблан тауы, 4807 м) орналасқан. Шығысында солтүстіктен оңтүстікке қарай Орал таулары созылып жатыр. Әрекетті жанартаулар, негізінен, Исландия аралы мен Жерорта теңізінде.

Grossgliederung Europas
Еуропаның аймақтары

Геологиялық құрылысы

Еуропаның геологиялық негізін архей-протерозойлық Шығыс Еуропа және Эриа платформасы құрайды. Платформа Еуропаның шығыс және солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Эриа платформасы Шотландиядан Гренландияға дейінгі аймақты қамтиды. Палеозой эрасының соңында түзіліп біткен герцин қатпарлығы Испания, Франция, Англия, Польша, Германия елдерінің аумағын және Орал тауының едәуір бөлігін алып жатыр. Гибралтардан басталып, Альпі, Карпат, Қырым тауларынан, Апеннин, Балқан түбектерін, Жерорта, Қара теңізідерді қапсыра өтетін альпі қатпарлығының жерортатеңіздік белдеуі Еуропаның оңтүстік жиегін қамтыған. Балтық, Украина қалқандарында, Шотландияның солтүстік-батыс жағалауында, Орталық Англия мен Гебрид аралдарында архей мен протерозой жыныстары жер бетіне шығып жатады. Рифейдің алдындағы көп қатпарлану әрекеттерінен платформалар аумағында биік таулар мен қыраттар пайда болған. Төменгі палеозойда каледондық геосинклиналь аймақтарындағы теңіз түбіне қалың қабатты граптолитті тақтатас, құмтас, кварцит, эффузиялық жыныстар, аздап әктасты тұнбалар шөккен. Силур кезеңінде Грампиан геосинклиналі орнында каледондық қатпарлы таулар түзілгенде, теңіз бұл аймақтан және Шығыс Еуропа платформасынан біртіндеп шегінген. Теңізден босаған жерлерде төменгі және ортаңғы девонда континенттік қызыл түсті шөгінділер жиналған. Еуропаның қалған аймақтары силур, девон кезеңдерінде, төменгі тас көмір жүйесінде теңіз түбі болды. Жоғарғы палеозойда Оралда, Орталық және Батыс Еуропада, Донбаста, герцин қатпарлығынан таулар көтерілді. Соның әсерінен Солтүстік жарты шарлардағы платформалар бірігіп, біртұтас Лавразия құрлығы қалыптасты. Тетис теңізі (қазіргі Жерорта теңізі) аталған су айдыны қазіргі Альпі-Гималай белдеуінде ғана сақталған. Палеогеннің аяғынан бастап, Альпі, Карпат, Балқан таулары көтеріліп, теңіз біржолата шегінді. Платформалар мен тау етегінің жапсарынан бөктерлік ойпаңдар қалыптасты. Плиоценде үлкен грабендер (опырылыстар) пайда болды (Эгей, Адрия, Гибралтар грабендері). Платформаның жарылысынан осы күнгі сөнген жанартаулар (Орталық Франция, Шотландия, Германия, Чехия) пайда болды. Жерортатеңіздік белдеу бойында қазіргі кезде де күшті жер сілкінулер болып тұрады. Антропогенде Еуропаны кемінде 4 рет мұз басты. Ең үлкен Днепр мұз басуы кезінде Скандинавиядан тараған қалың мұз қабаты Киев, Харьков, Волгоград қалалары тұрған жерге дейін жетті. Соңғы Валдай мұз басуы шамамен бұдан 10 мың жыл бұрын аяқталды.

Кен байлықтары

Еуропада ірі кен орындары көп және әр түрлі. Ірі мұнай, газ (Еділ — Орал және Солтүстік Каспий қайраңының мұнайлы облысы, Кавказ алды және Солтүстік теңіздің қайраңы), көмір (Донец, Печора, Мәскеу маңы, Жоғарғы Силезия, Саар, Йоркшир, Рур алаптары), темір кентастары (Курск магниттік аномалиясы, Украина кен орындары, Орал таулары, Кола түбегіндегі кен орындар, Лотарингия, Скандинавия түбегі), сонымен бірге боксит, түсті металдар кентастарының кен орындары, ас тұзы мен калий тұздарының кендері Орта Еуропа жазығында (аумағы 150 мың км2) кездеседі. Түсті және сирек металдарға Орал, Батыс Еуропа, Кавказ және Скандинавия өңірлері бай. Дүние жүзіндегі ірі күкірт кен орны (Тарнобжег) Польшаның оңтүстігінде табылған.

Климаты

Еуропаның көпшілік жерінің климаты қоңыржай. Атмосфералық жалпы айналымының қалыптасуына Атлант мұхитынан келетін Гольфстрим жылы ағысының Солтүстік Атлант жылы тармағы әсер етеді. Циклондық әрекеттердің нәтижесінде қысқы айлардың изотермалары ендік бағыттан ауытқып, Еуропаның көпшілік бөлігінде қысқы айлардың орташа температурасы орта ендік температурасынан едәуір жоғары болады. Еуропаның шығыс бөлігінің климаты континенттік. Атлант мұхиты үстінен келген жылы, ылғалды ауа массалары суық континенттік ауа массаларымен түйісетін жерде солтүстік полюс шеңберінен 50-параллельге дейінгі аралықта полюстік шеп түзіледі. Мұнда қысы суық, боранды, қарлы, жазы жылы, оңтүстік-шығысында ыстық. Солтүстігіндегі аралдарға субарктикалық және арктикалық климат тән. Оңтүстік Еуропаның климаты жерортатеңіздік, қысы жұмсақ, әрі ылғалды, жазы ыстық келеді. Қаңтар айының орташа температурасы арктикалық аралдарда — 24°С, оңтүстігіндегі субтропиктік белдеулерде 12°С. Маусым айындағы температура арктикалық аралдарда 3°С-тан, оңтүстігінде 29°С-қа дейін өзгереді. Жауын-шашынның жылдық мөлшері таулы аймақтарда 1500 — 2000 мм-ден (Скандинавияның жел өтіндегі беткейінде 2500 мм), Каспий ойпатында 200 мм-ге дейін ауытқиды. Еуропаның көпшілік бөлігінде жауын-шашын, негізінен, жылдың жылы мезгілдерінде жауады және ол батыстан шығысқа қарай азая береді. Жерорта теңізінде және оның жағалауларында жауын-шашын қыс айларында жауады. Мұнда жаз айларында ылғалдың жетпейтіні байқалады. Дүние бөлігіндегі мұздықтардың аумағы 118 мың км2. Олардың ең көп жиналған жерлері: Шпицберген (58 мың км2), Жаңа Жер, Франц-Иосиф Жері, Исландия аралдары және Скандинавия таулары. Мұздың қалыңдығы 400 — 600 м-ге, кейде 1000 м-ге жетеді.

First.Crusade.Map
Еуропа; 1000.

Ішкі сулары

Еуропа құрлығын жүздеген өзендермен олардың салалары торлап жатыр.Еуропаның ең ұзын өзендері - Еділ мен Жайық өзендері - Каспий теңізіне, Дунай мен Днепр өзендері - Қара теңізге, Рейн мен Эльба Солтүстік теңізге, Вистула - Балтық теңізіне, Луара мен Тагус - Атлант мұхитына, Рона - Жерорта теңізіне құяды.

Германияның қара орман аймағынан бастау алатын Дунай өзені - Еуропаның ең маңызды сауда жолдарының бірі. Аңызға айналған Рейн өзені Швейцарияның солтүстік-шығысы мен Германияның арасында шекара жасап, батысқа қарай ағады.

Талай тарихтың куәсі болған Темза Батыс Англиядағы Котсуолд қыратынан бастау алады да, Оңтүстік Англия арқылы шығысқа қарай ағып, Солтүстік теңғізіне құяды.

Еуропаның ең үлкен және ең маңызды Еділ өзені жүйесі Мәскеу қаласының солтүстік батысындағы Валдай үстіртінен басталады. Волга өзенінің арнасын Кама, Самара, Ока, Ветлуга сияқты 200-ден астам өзен тармақтары толтырып тұрады[2].

Еуропа су ағынының қалыңдығы жөнінен (295 мм-дей) дүние бөліктері ішінде Оңтүстік Америкадан кейін 2-орында. Жылына Еуропаның жер бетіне 4148 км3 атмосфералық ылғал түседі. Ылғалдану дәрежесіне қарай ағын батыстан шығысқа қарай және солтүстіктен оңтүстікке қарай азая береді. Оның көпшілік бөлігі Атлант мұхиты мен оның теңіздері алабына, қалғаны Солтүстік Мұзды мұхит алабы мен ішкі ағын алабына (Каспий теңізіне) жатады. Ірі өзендері: Дунай (Еуропадағы ең ұзын өзен), Днепр, Дон, Печора, Солтүстік Двина, Рейн, Висла, Эльба, Одра (Одер), Рона, Сена, Луара, Тахо, По. Олардың барлығында дерлік кеме жүзеді. Шығыс Еуропа жазығындағы өзендердің ағысы баяу, аңғарлары террасалы және кең болады. Олар қар және ішінара жаңбыр суымен толығады. Қыста оңтүстігінде 1,5 — 3 ай, солтүстігінде 7 — 7,5 ай бойы мұз қатып жатады. Фенноскандиядағы өзендер қысқа, аңғарлары жарқабақты, шоңғалды келеді. Өзен еңістігі үлкен. Орта бөлігінде 2 — 3 ай, солтүстігінде 7 — 7,5 ай бойы мұз қатып жатады. Орталық Еурпаның жазық өңірлеріндегі өзендер, негізінен, жаңбыр суымен толығады. Суы қатпайды, немесе бірде қатып, бірде еріп жатады. Биіктігі орташа тауларда өзендер көктемде қатты тасиды. Альпінің биік таулы аудандарындағы Рейн, Рона, По өзендерінің сол салаларының, Дунайдың оң салаларының жоғарғы ағыстары қар, жаңбыр суымен қоса, мұздықтардан да толығады. Жерорта теңізі алабына жататын өзендерде су деңгейі күзде және қыста едәуір көтеріліп, жазда төмендейді.

Еуропада көлдер біркелкі орналаспаған. Солтүстік, солтүстік-шығыс бөлігіндегі мұз басуға ұшыраған аймақта (Фенноскандия) және Британия аралдарында, Альпі өңірінде, Польша мен Германияда көлдер көбірек кездеседі (Ладога, Онега, Венерн, Веттерн, Меларен, Женева, Балатон, т.б.). Жазықтар мен өзен жайылымдарында атыраулық көлдер, Қара және Азов теңіздерінің жағалауында лагуналық, Балқан түбегінде тектоникалық, Исландия мен Апеннин түбегінде жанартаулық көлдер кездеседі. Еуропаның аридтік оңтүстік-шығыс өңірінде сортаң және күшті минералданған тұйық көлдер (Эльтон, Басқұншақ) жатыр. Еуропа көлдерінің басым көпшілігі дүниежүзілік туризмнің көрнекті орындары және әлемдік маңызы бар демалыс-сауықтыру орындары саналады. Сонымен қатар, Еуропа жерінде 30-дан астам аса ірі және 2000-нан астам шағын бөгендер салынған.

Топырағы

Дүние бөлігі топырағының қалыптасуы жағынан арктикалық (полюстік), бореалдық, суббореалдық, субтропиктік белдеуге бөлінеді. Шпитсбергенде, Франтс-Иосиф Жерінде, Жаңа Жердің солтүстік бөлігінде арктикалық, Фенноскандияның солтүстік бөлігінде, Жаңа Жердің оңтүстік бөлігінде, Шығыс Еуропа жазығында, Солтүстік полюстік шеңберден солтүстікке қарай — тундралық топырақ дамыған. Бореалдық белдеу Исландияның, Фенноскандияның, Британия аралдарының, Орта Еуропа жазығының, Шығыс Еуропа жазығының Львов — Киев — Курск — Пермь — Екатеринбург шегінен солтүстік бөлігін қамтиды. Суббореалдық белдеудің қоңыржай континенттік аймақтарында қара топырақ және қызыл қоңыр топырақ тараған. Орманды дала мен даланың солтүстік бөлігі күлгінделген, сілтісіз, шіріндісі мол (8% және одан да көп) қара топырақты. Ал далалық қуаң аймақтарда — шіріндісі аз және оңтүстікке тән орташа қара топырағы дамыған. Қырым жазығында, Төменгі Еділ бойының, Каспий маңының анағұрлым қуаң далаларында шірінді қабаты жұқа, карбонатты қабаты өте тығыз қызыл қоңыр, кейбір жерлері сортаңды топырақпен алмасып келеді. Топырақ қалыптасуының субтропиктік белдеуіне жататын Оңтүстік Еуропа мен Қырымның оңтүстік жағасы мәңгі жасыл ксерофитті ормандар мен бұталар өсетін қара қоңыр топырақты. Жерорта теңізі маңындағы анағұрлым қуаң жерлер сұр, қара қоңыр топырақты, Балқан түбегінің тауаралық жазықтарының топырағы өте тығыз, шіріндісі аз болады. Еуропа топырағы егіншілікке қолайлы. Қара, қара қоңыр топырақты жерлерінің көбі жыртылған.

Өсімдігі

Еуропаның өсімдігі флоралық құрамы жағынан Голарктика облысына жатады. Өсімдіктерінің құрамында эндемиктер аз. Құрлықтық бөлігінде өсімдіктер тундралық, бореалдық, тайгалық, далалық, шөлдік, субтропиктік типтерге бөлінеді. Шпицбергенде, Франц-Иосиф Жерінде, Жаңа Жерде қына, мүк, шөптің бірен-саран түрі, бұтадан дриада өседі. Тундралық бөлігінде қоңыр, жасыл қына, ягель, крупка, субетеге, аласа қайың, полюстік тал өседі. Тау тундрасы Исландияда, Скандинавияда, Полюстік Оралда таралған. Орманды тундраның оңтүстігін (шамамен 57 — 58° с.е.) тайга алып жатыр. Мұнда, негізінен, қылқан жапырақты орман басым. Тайганың оңтүстігінде жалпақ жапырақты және қылқан жапырақты орман өседі. Олар Скандинавия мен Орал таулары аралығын алып жатыр. Жалпақ жапырақты орман солтүстікте тайга мен аралас ормандардан, оңтүстікте субтропиктерге дейінгі (шамамен 40° с.е. дейін) бүкіл Батыс Еуропаны (тауларынан басқа) қамтиды. Бұл белдемнен оңтүстікке қарай орманды дала, ал одан әрі дала белдемі жатыр. Еуропаның субтропиктік аймақтарында ксерофиттік мәңгі жасыл ормандар мен бұталар өседі.

Жануарлары

Фауна әлемі Голарктикалық зоогеографиялық аймаққа кіреді. Өсімдіктердің таралуы секілді мұнда да географиялық белдемділік байқалады. Өсімдігі аз, климаты қатал тундрада мекендейтін жануарлар: солтүстік бұғысы, көгілдір түлкі, қасқыр, ұсақ кемірушілер, құстардан: тундра кекілігі, ақ үкі, теңіз жағасында шағала, баклан, қаз, үйрек көп. Тайганы тиін, ақ қоян, бұлғын, қоңыр аю, қасқыр, түлкі, бұлан, т.б. мекендейді. Құстардан құр, шіл, көк қарға, сары шымшық, қырғи, т.б. кездеседі. Жалпақ жапырақты орман мен аралас орманда қара күзен, тағы мысық, жабайы шошқа, жарғанат, кірпі, қоңыр аю, түлкі, қасқыр, борсық, т.б. мекендейді. Шығыс Еуропаның далалық және шөлейтті аймақтарында кемірушілер өте көп. Каспий ойпатында бөкен, қарсақ, жерортатеңіздік аймақта безоар және Альпі текесі, серна, муфлон, батысында Пиреней жұпар тышқаны, генетта, Гибралтарда Еуропадағы маймылдың жалғыз түрі — магот, шығысында жайра, шиебөрі кездеседі.

Rectified Languages of Europe map
Еуропа

Саяси бөлінуі

20 ғасырдың соңғы он жылдығында Еуропаның саяси-әкімшілік бөлінісінде үлкен өзгерістер болып өтті. КСРО, ЮСФР-дің ыдырауына байланысты бір топ жаңа мемлекеттер пайда болды. Германия Демократиялық Республикасы Германияның құрамына енді. 2001 жылдың басында Еуропада мынандай мемлекеттер болды: Австрия, Албания, Андорра, Беларусь, Бельгия, Болгария, Босния және Герцеговина, Ватикан, Венгрия, Германия, Грекия, Дания, Ирландия, Исландия, Испания, Италия, Қазақстан (батыс бөлігі), Латвия, Литва, Лихтенштейн, Люксембург, Македония, Мальта, Молдова, Монако, Нидерланд, Норвегия, Польша, Португалия, Ресей, Румыния, Сан-Марино, Словакия, Словения, Түркия (солтүстік-батыс шеті), Украина, Ұлыбритания, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Швейцария, Швеция, Эстония, Югославия.

Мемлекеттер

Еуропада 49 мемлекет орналасқан (тұтастай немесе жартылай)

Толығымен Азияда, бірақ қауымдастық-саясаттық жағынан Еуропаға қатысты:

Тағы қараңыз

  • Еуропаның саяси картасы

Дереккөздер

  1. Балтық елдерінен басқа
  2. a b Балаларға арналған танымдық энциклопедия. Географиялық аймақтар, 22-бет
  3. Қазақ энциклопедиясы
Англия

Англия (ағылш. England [ˈɪŋɡlənd]) — Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Патшалығының ең ірі және әкімшілік орны. Ұлыбритания аралында орналасқан (ағылш. mainland). Ұлыбританияның халқының 83 % Англияда тұрады.

927 жылы Англия бірнеше жергілікті графстволардың бірігу нәтижесінде пайда болды. Өз атын V-VI ғасырда құрылған англ деген герман тайпасынан алады. Ал Англия астанасы Лондон Еуроодақтағы ең үлкен қала болып саналады.

Англия — қазіргі көптеген жаһанды нәрселердің шыққан жері. Олардың ішінде ағылшын тілі, Англикан шіркеуі, Парламент негіздері. Ол Өндірістік революциясының отаны болып саналады.

Батыс Еуропа

Еуропаның батысында орналасқан аймақ. Аумағы — 3,7 млн км². Халқы — шамамен 390 млн адам.

Берлин

Берлин (нем. Berlin) — Германия астанасы. Берлин қаласы Шпрее өзенінің сол жағалауында орналасқан. Арада бес ғасыр өткенде сол Берлин немістің Бранденбург мемлекетінің маңызды сауда орталығына айналды. 1486 жылы Гогенцоллердің резиденциясына айналған. 1871 жылы ол Герман империясының астанасына айналды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң Берлин керемет көркейіп, көріктене түсті. Ал дүниежүзілік екінші соғыстан кейін ол қирап қалды. 1961 жылы коммунистердің айтуымен Берлин қабырғасы тұрғызылып, екі Германия екі түрлі лагердің сойылын соқты. Ал 1889 жылы Бундестагтың шешімімен Берлин Германия Федеративтік Республикасының астанасына айналды.

Қалада 3,4 млн. халық тұрады. Олардың төрт жүз мыңнан астамы 182 елден келген шетелдік азаматтар. Берлин Мәскеу мен Париждің екі аралығындағы ең үлкен қала. Ол 892 кв. Км. Аймақты алып жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыста қирап қалған қала адам танымастай өзгерді. Берлинде газет журнал басатын жаңа техналогиямен жабдықталған 10 баспахана және ақша айналымы жөнінен дүниежүзіндегі ең үлкен базар бар.

Қаладағы төрт университетте жүз мыңнан астам студент оқиды. Сондай-ақ әртүрлі мамандар дайындайтын он институт, 50–ден астам ғылыми-зерттеу институттары бар, онда 50 мың адам жұмыс істейді. Жалпы Германия мәдениетке ерекше көңіл бөледі. Қалада 200-ден астам жекеменшік сурет галереясы, 150 театр бар. Онға жуық филармониялық оркестр бар. Жылдың 365 күнінде Берлин бір сәт демалуды білмейді. Күн сайын әртүрлі шаралар өтіп жатады. Мысалы, ақпан айында халықаралық кинофестиваль, мамырда театр фестивалін өткізу ежелгі дәстүр. Ал маусым айында халықаралық әдеби фестивальдің оты жанады.

Берлиндегі қонақүйлері мен мейрамханаларда есеп жоқ. Қазіргі кезде ол Еуропадағы ең көрікті қала болып саналады.

Бургундия

Бургундия (Bourgogne) — Франциядағы тарихи аймақ, орта ғасырларда осы аттас мемлекеттің орталығы болған.

Жері 31 мың км²-ден астам. Халқы 1,6 млн (1988). Орталығы Дижон қаласы. Бұл аймаққа 5 ғасырда германдардың бургун тайпасы келіп қоныстанды да, орталығы Лион қаласы болған Бургундия корольдігін құрды. 6 ғасырда корольдік Бургундия деген атпен Франк мемлекетінің құрамына кірді. Франк мемлекеті ыдырағаннан кейін 9 ғасырда Бургундия герцогтығы құрылып, француз корольдеріне вассалды тәуелдікте болды. 14 — 15 ғасырларда Бургундия герцогтары Францияның Жүз жылдық соғыс кезіндегі (1337 — 1453) аса ауыр жағдайын пайдаланып, дербес саясат жүргізді. Жергілікті қала тұрғындарының қолдауымен олар ағылшын және француз корольдерімен кезек-кезек одақтаса отырып, төңірегіндегі ұсақ графтықтарды күшпен өздеріне қосып алды, сөйтіп Қайырымды Филипп (Felіpe of Bueno) заманында (1419 — 1467) Еуропадағы аса қуатты мемлекеттердің біріне айналды. Ол Францияға бағынғысы келмеген бүлікшіл феодалдарды өз жақтарына шығарып алды және Эно, Нидерланд, Зеландия, Брабайт, Лимбург, Люксембургті өзіне қосып алып, Эльзас пен Лотарингияны басып алуға тырысты. Бұл Франциямен екі арада болған бургун соғысына (1474 — 1477) алып келді. Этн. құрамы әр түрлі әрі өзара саяси-экономикалық байланыстары нашар болғандықтан бұл соғыста Бургундия күйрей жеңіліп, мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатып, Францияның провинциясына айналды. 1780 жылы Бургундия провинциясы Сона мен Луара, Эн, Кот-д’ор, Йонна департаменттеріне бөлінді.

Бургундия орта ғасырлардағы Еуропа мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты. 11 — 12 ғасырларда роман стиліндегі архитектураның негізгі орталығы болды. Осы стильде салынған шіркеулер күні бүгінге дейін өзі орналасқан жерге көрік беруде әрі тарихи ескерткіштер ретінде бағаланады.

Вена

Вена (нем. Wien ) — Аустрия Республикасының астанасы және 9 федералды жерлерінің бірі. 1,7 млн.-нан астам тұрғынымен Аустрияда халық саны жөнінен ең ірі қала болып табылады. Сонымен қатар бұл елдің мәдени, экономикалық және саяси орталығы. Халық саны бойынша Еуропа Одағында 7 орынға ие. 20ғ.-дың басына шейін әлемдегі ең үлкен неміс тілді қала болды және Бірінші дүниежүзілік соғыста Аустра-Венгрия бөлінбегеніне дейін халық саны 2 млн.-ға жетіпті. Қазірде Берлиннен кейінгі екінші неміс тілді қала. ЕҚЫҰ және МЭЕҰ-дарының штаб-пәтерлері орналасқан жер. Вена Нью-Йорк және Женевадан кейінгі БҰҰ-ның үшінші резиденциясы және мұнда оның АҚХА сияқты ұйымдары орналасқан.

Еуропа одағы

Еуропа одағы (Еуроодақ, ЕО) — Еуропаның Еуропалық Одақ туралы келiсiм шартына қол қойған 27 мемлекеттің экономикалық және саяси бірлестігі.

Еуропа одағы (ЕО) — халықаралық саяси және экономикалық бірлестік. Жалпы саны 373 млн адамнан асатын халқы бар Еуропа территориясында орналасқан Германия, Франция, Италия, Бельгия, Нидерланд, Люксембург, Ұлыбритания, Дания, Ирландия, Грекия, Испания, Португалия, Аустрия, Финляндия, Швеция сияқты елдердің (1993) қатысуымен құрылған. Еуропа одағы еуропалық қауымдастықтың, атап айтқанда, Еуропалық көмір мен болат қорыту бірлестігінің (1951, осы ұйым Еуропа одағының құрылуына негіз қалады), Еуропалық экономикалық қауымдастықтың (1957 жылы Рим келісімшарты бойынша құрылған бұл ұйым “Ортақ рынок” деп те аталады), сондай-ақ, Атом энергиясы жөніндегі еуропалық қауымдастықтың (1957 жылы құрылған) қарым-қатынастары негізінде жұмыс істейді. Кейіннен бұл Одаққа – Польша, Мажарстан, Чехия, Словакия, Словения, Хорватия, Эстония, Латвия, Литва елдері мүше болды. Еуропа одағы аясындағы интеграциялық ынтымақтастықтың басты мақсаттары Бірегей еуропалық актіде (1987), Маастрихт келісімшартында (1992) және Амстердам келісімінде (1997) көрсетіліп айқындалған. Соңғы жылдары Еуропа одағы мынадай бағыттарда: ортақ рыноктан экономикалық және валюталық одаққа өту; кең өрістілік стратегиясын жүзеге асыру; бірегей сыртқы саясат пен қауіпсіздік саласында тұтастық ахуалын қалыптастыру; Жерорта теңізі жағалауындағы, Азия, Латын Америкасы, Африка құрлығындағы аймақтық саясатты жандандыру; әлеуметтік саладағы үйлесімділікті одан әрі арттырып, құқық қорғау және ішкі тәртіпті сақтау ісіне әріптестік байланыстарды өрістету мұратына қызмет етіп келеді. 1999 жылдың бірінші қаңтарынан бастап (алғашқы кезекте он бір мемлекет: Аустрия, Бельгия, Германия, Ирландия, Испания, Италия, Люксембург, Нидерланд, Португалия, Финляндия, Франция) есеп айырысу операциялары үшін тепе-теңдік қасиеті бекіндірілген бірегей еуро (1996 жылға дейін ЭКЮ) валютасын енгізді. 2002 жылдан бастап қолма-қол төлемдерге арналған тиындар мен банкноттар айналымға қосылмақшы. Еуропа одағының жалпы органдары қатарына Еуропалық комиссия, Еуропалық парламент, Еуропалық Одақтың Кеңесі, Еуропалық сот, Аудиторлар палатасы, т.б. жатады.

Еуропалық Одақ әлемдегі ең ірі сауда қауымдастығы болып табылады. 1995 жылдың қаңтарында Еуропалық Одақ комиссиясының штаб-пәтері орналасқан Брюссель қаласында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ және оның мүше мемлекеттерінің арасында серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Жаңа тәуелсіз мемлекеттерге, оның ішінде Қазақстанға Еуропа одағы ТАСИС бағдарламасы шеңберінде үлкен көмек көрсетіп отыр. Бұл бағдарлама 1991 жылдан бастап орындалуда.

Италия

Италия Республикасы, Италия (итал. Repubblica Italiana, Italia) — Еуропаның Оңтүстік бөлігінде, Жерорта теңізі жағалауындағы Апеннин түбегінде, Сицилия, Сардиния және бірнеше ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Жер көлемі – 301,3 мың км2. Халқы – 60,8 млн адам (2014). Халқының 94%-ы италиялықтар. Мемлекеттік тілі – италия тілі. Халқы христиан дінінің католик тармағын ұстанады. Астанасы – Рим қаласы (2,8 млн.). Бұған қоса Милан (1,6 млн.), Неаполь (1,2 млн.), Турин (1,1 млн.), т.б. ірі қалалар бар. Италия территориясында тәуелсіз 2 мемлекет (Ватикан, Сан-Марино) орналасқан. Әкімшілік-территориялық жағынан 20 облыстан тұрады. Оның 5-еуінің (Сицилия, Сардиния, Трентино-Альто-Адидже, Валле Д’Аоста, Фриули-Венеция-Джулия) ерекше автономиялық мәртебесі бар. Облыстар 94 провинцияға бөлінеді. Италия – парламенттік республика. 1948 жылы қабылданған конституция бойынша елді Президент басқарады (1992 жылдан О.Л. Скальфаро). Ол 7 жыл сайын қос палаталы парламент депутаттары мен облыстардан келген өкілдердің бірлескен жиналысында қайта сайланып отырады. Заң шығарушы орган екі палатадан: Республика сенаты (372 сенатор) мен Депутаттар палатасынан (630 депутат) тұрады. Атқарушы билік Министрлер Кеңесінің қолында. Ұлттық ақша бірлігі – лира. Ұлттық мерекесі маусымның алғашқы жексенбісі – Республиканың құрылған күні (2 маусым, 1946).

Литва

Литва (лит. Lietuva), ресми атауы Литва Республикасы (лит. Lietuvos Respublika) — солтүстік Еуропадағы ел, үш Балтық мемлекетінің ең оңтүстігіндегісі.

XIV ғасырда Литва Еуропадағы ең ірі мемлекет болған – бүгінгі Беларусь, Украина, Польшаны қамтыған, Ресейдің бір бөлігі Литва Үлкен Герцогтігінің құрамына кірген.

Бүгінгі күндері Еуропа Одағындағы ең тез дамушы экономикаларының бірі. 2007 жылы 21 желтоқсанда Литва Шенген келісімшартының толық мүшесі болып кіреді. 2009 жылы Литва өз есімінің 1000 жылдығын атап өтті.

Лондон

Лондон (ағылш. London [ˈlʌndən]) — Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Патшалығының қаласы және астанасы. Британ аралдарындағы ең үлкен қала. Еуропадағы ең ірі урбандық аймақ. Аумағы 1706,8 кm². Халқы 8 млн. адамнан асады және халқы санынан әлемде 18-нші орында. Бұл көрсеткіш Еуропада 2-ші болып табылады.

Лондон нөлдік немесе Гринвич Меридианы үстінде орналасқан. Лондон Жазғы Олимпиадалық Ойындар 2012ні қабылдап Олимпиада ойындарың 3 рет қожайыны болуда.

Лондон әлемдегі өнер, сауда, білім және ғылым, сән, қаржы, кәсіптік қызмет, денсаулық сақтау, зерттеу және даму, туризм және көлік салалары бойынша жетекші жаһандық қала болып табылады. Қалада әлемдік деңгейдегі Хитроу әуежайы және Темза өзенінің жағасында әлемдегі ең үлкен өзен порттарының бірі орналасқан.

Муниципалитет

Муниципалитет (неміс тілінде Munіzіpalіtät, өзін-өзі басқару құқығы бар қала) – Батыс Еуропа мен Американың кейбір елдеріндегі өзін-өзі басқарудың сайланбалы органы.

Муниципалитет мэр, бургомистр, тағы басқа басқаратын сайланбалы алқа мен шенеуніктік атқарушы аппараттан құралады. Муниципалитет өзі басқаратын аумақтағы қоғамдық кәсіпорындардың, тұрғын үй қоры мен басқа да дүние-мүліктің меншік иесі бола отырып, мемлекеттік мектептердің, жергілікті полицияның, медициналық, әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерінің жұмысын басқарады.

Муниципалитеттің негізгі кіріс көзі – халықтан жиналатын жергілікті салықтар. Қаржымен қамтамасыз етілуі жағынан орталық үкіметке тікелей тәуелді болғанына қарамастан, муниципалитеттер – демократиялық маңызды институттардың бірі. Муниципалитетке халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарының өкілдері сайланады және олар тұрғындармен тікелей жұмыс жасайды.Муниципалитет, муниципия — 1) бірқатар елдердегі (мыс., Бразилиядағы муниципия және т.б.) төменгі әкімшілік- аумақтық бірлік; 2) АҚШ пен Батыс Еуропаның кейбір елдеріндегі жергілікті өзін- өзі басқаратын орган.

Мәскеу

Басқа мағыналар үшін Мәскеу (айрық) деген бетті қараңыз.

Мәскеу (орыс. Москва́, (айтылуы )) — Ресей Федерациясының астанасы. Ресейдің еуропа бөлігінің ортасында, Мәскеу өзенінің жағасында орналасқан. Жер аумағы 1000 км2. Климаты қоңыржай континенттік. Орташа температура қаңтарда –10,2 °C, шілдеде 18,1 °C; жылдық жауын-шашын мөлшері 600 мм-ге жуық. Мәскеу – дүние жүзіндегі ең ірі қалалардың бірі. Халқы 11,5 млн (2011). Мәскеу – 13 – 14 ғасырларда Владимир Суздаль ұлы князьдіктерінің, 15 ғасырдың соңғы ширегінен 1712 жылға дейін бір орталыққа бағынған орыс мемлекетінің, 1918 жылы наурыздан – 1922 жылдың желтоқсанға дейін РКФСР-дің, 1922 жылы желтоқсаннан – 1992 жылға дейін КСРО-ның астанасы болды. Мәскеу аумағындағы алғашқы қоныстар б.з.б. 2-мыңжылдықта пайда болды. 10 – 11 ғасырларда мұнда шығыс славян тайпасы – вятичтер қалашығы орналасты.

Мәскеу қаласының туу туралы статиктикасы (1350-2009)

Неміс тілі

Неміс тілі (нем. Deutsch,deutsche Sprache) - неміс халқының тілі. Үндіеуропа тілдерінің батыс герман тобына жатады. Неміс тілінің тарихын көне жоғары (8 – 11 ғ-лар), орта жоғары (12 – 13 ғ-лар), ертедегі жаңа жоғары (14 – 16 ғ-лар) дәуір деп үшке бөледі. Германияда, Австрияда, Лихтенштейнде, Швейцарияда, Люксембургте қолданысқа енген тіл. Германияда, Австрияда Лихтенштейнде мемлекеттік тіл болып саналады Ал Швейцарияда, Люксембургте, және Бельгияда кейбір аймақтары үшін ресми тіл болып саналады. Неміс тілі ағылшын және голланд тілдеріне туыстық қатынасы бар. Неміс тілі әлемдегі негізгі тілдердің бірі және Еуропа Одағындағы ана тілі ретінде ең көп сөйленетін тіл. Кейбір есептемелер бойынша бұл тілді ана тілі ретінде 87 миллион адам қолданады.

Нидерланд тілі

Нидерланд тілі — батыс-герман тілдерінің бірі, 20 млн. Адам сөйлейді.

Нидерландияда және Францияның солтүстігіндегі кішігірім аудан халқы суринаменің, Н.А.аралдарының мемлекеттік тілі және Флиманд тілі Белгия королдігі, басқа атауына қарамай, сол тіл болып табылады, екі мемлекетте де нидерланд тіліаталады; екі мемлекетте де орфография мен грамматикаға күш түсіріп, көңіл бөледі. Көптеген нидерланд тілінің өкілдері өз диалектісін де, өз диалектісінен тыс Голландияның ірі қалалары тұрғындарының сөйлеу тіліне негізделген әдеби норманы меңгерген. Фламанд тілінде (немесе «нидерланд» Белгияда осылай атайды) дыбыстық және лексикалық ерекшеліктер бар.

Орыс тілі

Орыс тілі (өз атауы Русский язык) — орыс халқының ана тілі. Үнді-еуропа тілдерінің шығыс-славян тілдері тобына жатады. Орыс тілін зерттейтін ғылым русистика деп аталады.

Париж

Париж (фр. Paris /paˈʁi/) — Францияның астанасы, маңызды экономикалық және мәдени орталығы. Франция ортаңғы бөлігінің солтүстігінде, Иль-де-Франс аймағында, Сена өзенінің жағасында орналасқан. Ұраны — Fluctuat nec mergitur («Оны тербелтеді, бірақ ол батпайды»). Парижде 13 млн халық тұрады.

Финляндия

Финляндия (Мемлекеттің атауы фин және швед тілдерінде дыбысталуы фин. Suomi, швед. Finland; ресми атауы Финляндия Республикасы, фин. Suomen tasavalta, швед. Republiken Finland) — Еуропаның солтүстігінде орналасқан мемлекет. 2018 жылғы көрсеткіш бойынша халық саны 5 522 858 адамды құрап отыр, жер аумағы — 338 430,53 км². Әлем бойынша халық саны бойынша 115-ші, жер бойынша 64-ші орында тұр.

Астанасы әрі ең ірі қаласы — Хельсинки. Мемлекеттік тілдері — фин және швед тілдері. Аланд аралдарда швед тілі, ал солтүстікте саам тілдері кең тараған.

Парламенттік-президенттік республика. 5 ақпан 2012 жылдан бастап президент Саули Нийнистё елді басқарады. Солтүстік паспорт одағы (1952), Солтүстік кеңес (1956), Еуропа одағы (1995) және Шенген келісімі (1996) сынды одақтарға мүше. 6 желтоқсан 1917 жылдан бастап тәуелсіз ел болып саналады.

Шығысында Ресеймен, солтүстік-батыста — Швециямен және солтүстікте — Норвегиямен шектеседі. Елдің оңтүстік пен батыс жағалаулары Балтық теңізі мен Фин және Ботния шығанақтары шайып жатыр. Эстониямен теңіз арқылы шектеседі.

2010 жылы Newsweek журналы бойынша Финляндия «Әлемнің үздік елдері» (ағылш. The world's best countries) тізімі бойынша бірінші орында болған, ал 2011-2014 жылдар аралығында америкалық «Fund for Peace» қоры елді «Әлемдегі ең тұрақты мемлекет» ретінде бағалаған.

Футбол

Футбол — (ағылш. foot — аяқ, ball — доп) спорттың командалық ойын түрі. Футбол — әлемге аса танымал ойындардың бірі. Ойынның негізгі мақсаты қарсылас команданың қақпасына аяқпен немесе басқа да дене мүшелерімен (қолдан басқа) қарсылас команда салған саннан көбірек доп салу болып табылады.

Шығыс Еуропа

Шығыс Еуропа — Еуропаның шығыс бөлігі.

Егеменді елдер
Мойындалмаған және жартылай
мойындалған мемлекеттер
Тәуелді аймақтар
Арнайы әкімшілік аймақтар
Құрлықтар
Мұхиттар

Басқа тілдерде

This page is based on a Wikipedia article written by authors (here).
Text is available under the CC BY-SA 3.0 license; additional terms may apply.
Images, videos and audio are available under their respective licenses.