Атасу кенді ауданы

Атасу кенді ауданы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы темір-марганец, барит-полиметалл кендері орналасқан алқап.

Кен орындары

60-қа жуық ірілі-ұсақты кендері бар. Ірілері: Қаражал темір-марганец кен орны, Қтай, Жәйрем полиметалл кен орны, Үшқатын марганец кен орны, Жомарт марганец кен орны, Қамыс, Керегетас, Бестөбе барит-полиметалл кен орны, Қылыш, Аққұдық.

Геологиялық құрылымы

Олар девон және тас көмір кезеңдерінің жанартаутекті және терригенді-карбонатты жыныстарынан тұратын Жайылма синклинорийінің бойында орналасқан.

Жатыс сипаты

Жалпы ұзындығы 140 км, ені 10-30 км. Жеке кен орындары бойынша марганецті және темірлі кен қабаттарының саны 4-5-тен 10-13-ке дейін, қалыңдығы 0,3-0,5 м-ден ондаған м-ге дейін жетеді. Кен денелерінің қимасында минералдар концентраты орналасқан: ортасында негізінен пирит және халькопирит шоғырланса, шет жағы галенит-сфалерит-баритпен қоршалған. Темір-марганец және барит-полиметалл кентастарының бұлай орналасуы оларды кешенді игеруге мүмкіндік береді. Ең ірі темір-марганец кендері (Батыс Қаражал, Үлкен Қтай, Шығыс Қаражал, Үшқатын-3) ашық әдіспен игеріледі. Кентастарды байытудан алынған шикізат Қазақстанның қара және түсті металлургия кәсіпорындарында өңделеді.[1]

Дереккөздер

  1. Қазақ энциклопедиясы I том
Атасу минералды суы

Атасу минералды суы – Қарағанды облысы Атасу темір жол станциясынан солтүстікке қарай 50 км жерде орналасқан шипалы жер асты су көзі. Сулы қабат 80 м-ден төмен тереңдіктегі девон кезеңінің жарықшақтанған құмтастарынан түзілген. Ұңғымадан шығатын судың тәуліктік мөлш. 200 м3-ден астам. Судың минералдылығы 3,7 г/л, ол хлоридті-сульфатты натрийлі түрге жатады. Құрамында стронций, бром, фтор, т.б. элементтер болғандықтан, бұл минералды су асқазан, ішек, бауыр ауруларын емдеуге шипалы. Атасу минералды суы жергілікті тау-кен кәсіпорындарының емдеу-сауықтыру мекемелерінде пайдаланылады.

Басқа тілдерде

This page is based on a Wikipedia article written by authors (here).
Text is available under the CC BY-SA 3.0 license; additional terms may apply.
Images, videos and audio are available under their respective licenses.