Анзак қойнауы

Бойлық-ені: 40°14′46″N, 26°16′40″E

Anzac Cove
Ари Бурнуға қарап тұрғандағы Анзак қойнауы, 1915 жыл.

Анзак қойнауы (түр. Anzak Koyu) — Түркиядағы Галлиполи түбегіндегі шағын қойнау.


Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1915 жылғы сәуірдің 25-нде АНЗАК әскери құрамасы (Аустралия мен Жаңа Зеландия армия корпусы) осы қойнауға теңізден басып енген. Қойнаудың ені 600 м, солтүстігінен Ари Бурну, оңтүстігінен Кіші Ари Бурну атты екі түбекпен шектелген. Сегіз айға созылған Галлиполи операциясының кезінде АНЗАК қойнауы аустралиялық және жаңа зеландиялық әскерлердің негізгі бекінісі болды.

Жау аума5ысына басып кірген әскерлердің басты мақсаты — кейін сонда көптеп әскер мен қару-жарақ әкеліп төгуге болатындай теңіз жағасында жаудың шабуылынан қорғалған бір алаңды (плацдармды) бөліп алу.

Соғыс шебі Анзак қойнауынан ешқашан бір шақырымнан астам қашықтыққа ұзаған емес. Ари Бурну жақта орналасқан тау қойнауды қорғап тұрған болса да, түрік артиллериясы Анзак әскерлеріне едәуір қауіп төндіріп тұрды. Анзактың қолбасшысы Уиллиам Бирдвуд өзінің штабын қойнаудан жоғарырақта орналасқан бір жырада орналастырды. Жаңа Зеландия және Аустралия дивизиясының және 1-ші аустралиялық дивизияның қолбасшылары да солай етті. Сәуірдің 29-ында генерал Бирдвуд екі түбектің арасында орналасқан жағалау «Анзак қойнауы» деп, ал бұған дейін ешбір атпен аталмай келген төңірек «АНЗАК» деп аталсын деп ұсынды.

Anzac Beach 4th Bn landing 8am April 25 1915
1915 жылғы сәуірдің 25-інде аустралиялық 4-ші батальонның жағалауға келіп түсуі.

Қойнаудың жағажайына орасан зор жабдықтау орталығы және соның екі шетінде екі әскери госпиталь орналастырылды. Әкелініп жатқан соғыс жабдығын түсіріп алу үшін төрт айлақ құрылды. Шілде айында олардың орнына тұрақты айлақ салынды. Келтіріліп жатқан жабдықтар көршілес жатқан жағажайларға жылдам әкетіліп отырды. Флотпен байланыс жасау үшін үш радиостанция салынды.

Attaturkswords5
Қаза тапқан мыңдаған түрік және Анзак әскерлерінің құрметіне орнатылған «Анзак қойнауы» ескерткіші.
Қан төгіп, өмірлерін құрбан еткен батырлар... сендер енді дос елдің жерінде жатырсыңдар. Жатқан жерлерің жайлы болсын. Еліміздің топырағында тыным тауып жатқан мына Джоннилер мен Меһметтерді біз бірдей көреміз... Алыстағы елдерден балаларын қиып осында жіберген аналар! Көз жастарыңды сүртіңдер. Сендердің ұлдарыңды біз өз бауырымызға бастық... Осы елде өмірлерін қиған олар енді біздің де ұлдарымыз.

Қойнау түбектен, Чанак бекінісінен және «Тұрғыт Реис» және Дарданелл бұғазында зәкір тастап тұрған «Хайреддин Барбаросса» түрік әскери кемелерінен атқылаудан біршама қорғалған болса да, оның оңтүстіктегі Габа Тепеден және солтүстіктегі Нибрунесі нүктесінен емін-еркін атқылауға болатын. Нибрунесі нүктесін британия әскери кемелері атқылау астына алып отырды, тек Габа Тебедегі жақсы жасырылған түрік батареясы ғана қойнаудағы әскерлерге қауіп төндіріп тұрды.

Алайда үзбей зеңбірек атқылауының астында болса да, Анзак қойнауы жауынгерлер үшін сүйіп шомылатын жерге айналды. Ауыз судың өзі тапшы болып, жуынуға су мүлдем жоқ еді. Сондықтан әскерлер тек ең жойқын атқылаулардың кезінде ғана шомылуларын тоқтатуға мәжбүр болатын.

1985 жылы түрік үкіметі «Анзак қойнауы» атауын қойнауға ресми түрде берді. 2000 жылы «Анзак қойнауы» ескерткіші ашылды.

Суреттер галереясы

Anzac Cove3

Анзак қойнауының және оның төңірегінің көрінісі.

Anzac Cove beach 2004

Ари Бурнудан қарағандағы АНЗАК қойнауы, 2004 жылғы шілде.

Мұстафа Кемал Ататүрік

Мұстафа Кемал Ататүрік, Ғази Мұстафа Кемал-паша (түр. Mustafa Kemal Atatürk; 1881 — 10 қараша 1938) — Осман және Түркия мемлекетінің реформаторы, революциялық саясаткер, әскери қолбасшысы, мемлекет қайраткері, Түркия Республикасының негізін қалаушы тұлға және оның тұңғыш президенті. Ол Түркияны зайырлы, индустриялды ел етіп құрудың басында тұрды. Оның идеологиясы зайырлылық, ұлтшылдық болып, Кемализм деп аталады.

Мұстафа Кемал Осман түріктерінің жеңісті соғысы - Галлиполи операциясы кезінде дивизия командирі қызметін атқарып жүрген кезінде аса дарынды қолбасшы ретінде өзін көрсете білді. Кейінірек ол Анадолы және Палестина майдандарында әскери ұрыс қимылдарды ерекше табысты жүргізуімен көзге түсіп, Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде атақ-даңққа ие болды. Осман империясының соғыста жеңіліп, Антанта тарапынан елді бөлшектеп тастауға жоспарлар жасалғаннан кейін, Мұстафа Кемал Түрік ұлттық қозғалысын бастады. Ол кейін Түрік тәуелсіздік соғысына ұласты. Анкарада уақытша үкімет ұйымдастырған соң, ол Антанта мемлекеттері жіберген әскерлердің бетін қайтарып, олардан басым түседі. Бұл кейін Түріктердің тәулсіздік соғысындағы жеңісіне ұласты. Ол Осман империясының мешеу қалдықтарын қидай сыпырып, зайырлы да жарқын Түрікия Республикасын құрды.

Сыртқы интервенциялық күштерді қайтарғаннан кейін Мұстафа Кемал Түркия өмірінің саяси, экономикалық және мәдени жақтарына терең өзгерістер енгізуге бағытталған реформалар бастайды. Ол реформалардың басты бағыттары Кемалдың саяси идеологиясында баяндалған. Ататүріктің ұстанған көзқарасы бойынша Түркия мемлекеті осы заманғы, демократиялық және зайырлы ұлттық мемлекет болып құрылуы тиіс болатын. Ол тегін бастауыш мектеп оқытуын құрып, мыңдаған жаңа мектептер ашты. Ол Латын негізіндегі Түрік әліппесін жасап, Осман империясының әліппесін күшінен қалдырды. Түрік әйелдері мұсылман еледрі ішінде тұңғыш рет ерлермен тек азаматтық құқықтарға - сайлау-сайлану құқықтарына ие болды, бұл тіпті көптеген батыс елдеірнен де бұрын болған заманауи реформа. 1930 жылы 3 сәуірдегі № 1580 құжат бойынша, әйелдер сайлауға дауыс бере алатын болды, ал 1934 жылы толық күйде ерлермен бірдей сайлану-сайлау құқын иеледі.

Түріктерді негіз еткен саяси билікті құру арқылы ол тамырлас, біріккен түрік ұлтын құруға негіз салды. БАсқа халықтар Ататүріктің бастамасы бойынша Түрікше сөйлеп, түрікше оқыды. Жер атаулары, тіпті адам атына дейін түріктесу басталды. Ататүрік атауын Түрік парламенті 1934 жылы Кемалға сыйлады, ол "Түріктердің атасы" деген сөз, сөйтіп оның заманауи Түркияны құрудағы саяси жігері бағаланды.

1938 жылы 10 қарашада 57 жасында Доламбахше сарайында қайтыс болды. Оның президенттік орнына премьер-министр Исмет Инону отырды. 1953 жылы Ататүрік Кесенесі салынып, ашылды. Кесене оның әйгілі «Үйде де бейбітшілік, әлемде де бейбітшілік» деген сөзі құрметіне Бейбітшілік паркі деп аталатын саябақпен қоршалған.

1981 жылы, Ататүріктің туғанына 100 жыл өтуіне орай БҰҰ мен UNESCO Ататүрікті құрметпен еске алды, әлемде "Ататүрік жылы" жариялады, Ататүріктің жүз жылдық туралы резолюция қабылдады, Ататүрікті "отаршылдыққа және империализмге қарсы алғашқы күрестің көсемі" деп сипаттап, "әлемдегі адамзаттың өзара түсінісуі мен ұлттардың баянды ынтымағын нәсихаттаушы және адамзаттық үйлесім мен берекеге бүкіл өмірін арнаушы" деп таныды. Ататүрік құрметіне Түркияда және әлем елдерінде көптеген ескерткіштер ашылған. Грекияның бұрынғы премьер-министрі Элефтериос Венизелос Ататүріктің есімін 1934 жылғы Нобель сыйлығына ұсынған болатын.

Отто Лиман фон Сандерс

Генерал-лейтенант Отто Лиман фон Сандерс (1855 жылғы ақпанның 17-сі, - 1929 жылғы тамыздың 22-сі) — Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Османлы империясына кеңесші және әскери қолбасшы ретінде қызмет еткен неміс генералы және Османлы маршалы («Лиман паша»).

Помераниядағы Штольп қаласында туған. Әкесі — яһуди ұлтынан шыққан Пруссия ақсүйегі және помещигі. Ақсүйек отбасыларынан шыққан басқа да көптеген пруссиялықтар сияқты, ол да әскер қызметіне еніп, генерал-лейтенант шеніне дейін өсті. Өзінен бұрын бірнеше пруссиялық генералдар сияқты, (мысалы, фон Мольтке және барон фон дер Гольц сияқты) ол 1913 жылы Османлы империясындағы Германия әскери миссиясының жетекшісі болып тағайындалды. Ол кезде Османлы империясының өз әскерін еуропалық үлгі бойынша қайта құруға тырысып жүргеніне 80 жыл болған еді. Лиман фон Сандерс түріктерге осыны істеуге көмектескен ең соңғы неміс болды.

Басында Лиман Османлы әскері және саяси басшылығы туралы қалыптасқан пікірі онша жоғары болмады. 1914 жылдың шілдесінде (соғыстың дәл алдында) Енвер паша оған Германиямен одақтасуды ұсынды. Германияның Истанбулдағы елшісі Һанс фон Вангенһайм Лиман фон Сандерспен кеңескеннен соң Енвер пашаның ұсынысын кері қақты. Олар Османлы әскері әлсіз, үкіметтің жұмсайтын ақшасы аз, ал жасайтын жетекшілігі талапқа сай емес деген қорытындыға келген болатын. Алайда 1914 жылғы тамыздың 1-інде немістер және Османлы үкіметі одақ құру туралы құпия келісімге қол қойды. Сол келісімнің шарттарының бірі бойынша, Германия әскери миссиясы Османлы қару күштерінің әскери операцияларына «айтарлықтай әсер» ете алатын болып келісілді. Басында бұл әсер мүлдем жоқ десе де болатын еді. Бірақ Енвер паша мен Джемаль паша жеңіліске ұшырай бастаған соң, неміс әскери миссиясы Османлы әскерін басқаруды өз қолына ала бастады.

Османлы әскері ақыры соғысқа енген соң (оған дейін екі ай бойы Антантаның әскерлерімен ашық қақтығыстан жалтарып келген болатын), Енвер паша Лиманға Карс қаласын қорғап отырған Ресей әскери құрамасын қирату туралы жоспарымен бөліседі. Лиман оған бұны істемеуді сендіріп бағады, бірақ Енвер паша оның кеңесіне құлақ аспай, Османлы әскерін Карсқа қарай бағыттайды. Онда болған шайқас Сарыкамыш шайқасы Османлы әскерінің Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бастан кешірген ең ауыр жеңілістерінің бірі болды. Джемаль пашаға Суэц каналын шабуылдау туралы бұйрық берілді, оның жеке әскери кеңесшісі неміс Фридрих барон Кресс фон Крессенштайн болды. Суэцке жасалған шабуыл да сәтсіз, бірақ үлкен шығынсыз аяқталады.

Сәтсіздікке ұшыраған Енвер паша Истанбулға қайтып оралып, Османлы астанасының айналасының қорғанысын қолға алады. Алайда орасан зор британиялық және француз флоты Дарданелл бұғазының бойындағы Османлы зеңбірек форттарын қиратып тастағаннан кейін (1915 жылғы наурыздың 18-і), Енвер қолбасшылықты Лиман фон Сандерске тапсырады. Османлы астанасын қорғау ісі енді неміс генералының қолына өтеді.

Лиманның қорғанысты ұйымдастыруға уақыты аз болды, бірақ оның екі ұтымды жайты болды. Біріншісі, 84 000 жақсы жарақталған жауынгері бар, алты дивизиядан тұратын Османлының 5-ші армиясы қолда бар ең жақсы әскер еді. Екіншісі, Антантаның қолбасшыларының жасаған қателіктері. Өздерінің зор флотымен бұғаздар арқылы өтіп Истанбулға тіке шабуыл жасаудың орнына, британия және француз адмиралдары жаяу әскер алдымен Дарданелл түбегін басып алуы керек, сонда кемелер Мармара теңізіне еш қарсылықсыз өте алатын болады деп шешті. Лиманның дайындалуға тек бір ғана ай уақыты бар еді. Содан соң, 1915 жылғы сәуірдің 15-інде британиялықтар Һеллес мүйісінде үлкен қолмен жағаға келіп түсті. Лиманның осы кезде қабылдаған ең дана шешімдерінің бірі — Мұстафа Кәмәлді (ол кейінірек Ататүрік деген атпен белгілі бола бастайды) 19-шы дивизияның қолбасшысы етіп тағайындауы. Кәмәлдің дивизиясы Османдықтарды толық күйреуден сақтап қалды. Британия әскерлері келіп түскен күні олар аустралиялық және жаңа зеландиялық әскерлер келген жердің айналасындағы жотаны басып алады.Кәмәл олар төндірген қауіпті түсініп, сол жотаны жаудың қолына түсірмеуге өзінің әскерлеріне дем беріп жүрді. Келесі бес ай бойы үзбей шабуыл жасаса да, олар сол жотаны ұстап қалды.

1915 жылдың сәуірінен қарашасына дейін Лиманның бекінген әскерлері көптеген шабуылдарға тойтарыс беруге мәжбүр болды. Британиялықтар Сувла жағасында тағы бір рет әскер әкеліп түсірді, бірақ Османлы әскерлері оларға сонда да тойтарыс берді. Осы операцияның кезіндегі британиялықтардың қол жеткізген жалғыз ғана табысы — олардың өз әскерлерін сол жерден көп шығынсыз әкете алғаны болды. Сонымен бұл шайқас Османлы әскері үшін зор жеңіс болып, сол жеңіске генерал Лиман фон Сандерстің қосқан үлесі де елеусіз қалған жоқ.

1915 жылдың басында Османлы империясындағы Германия әскери миссиясының бұрынғы жетекшісі барон фон дер Гольц Истанбулға билігі шектеулі V-ші Меһмед сұлтанға әскери кеңесші ретінде қызмет етуге келді. Оның Лиман фон Сандерспен қарым-қатынастары жақсы болмады, әрі ол соғыс кезінде Османлы империясын басқарған үш пашаны (Енвер, Джемаль және Талат) да жақтырмады. Барон британиялықтарға қарсы шабуылдар ұйымдастыруды ұсынды, бірақ Антанта мүшелері Османлыларға үш жақтан (Дарданелл, Кавказ фронты, Месопотамия фронты) соққы бергенде ол шабуылдар туралы жоспарлар аяқсыз қалды. Енвер паша 1915 жылдың қазанында оны Месопотамияға әскерді басқаруға жіберді, осылайша Лиман кәрі бароннан құтылды. (Гольц сонда алты айдан кейін қайтыс болды).

Соғыстың соңғы жылында, 1918 жылы Лиман фон Сандерс Палестинадағы Османлы әскерінің үстінен қолбасшылықты қабылдап алды. Оның бұрынғы қолбасшысы неміс генералы Ерих фон Фалькенхайн 1917 жылдың соңында британиялық генерал Алленбиден жеңілген болатын.

Османлы әскерінің қуатының төмендеуі Лиманның көп жоспарларының жүзеге асырылуына кедергі болды. Оның басшылығындағы әскердің қорғаныс позицияларын алып, британиялықтардың шабуылын күтуден басқа шарасы қалмады. Шабуыл ақыры келді де; генерал Алленби бүкіл әскерін төккенде, Османлы әскері бір апта шайқастың нәтижесінде толығымен күйреді (қараңыз: Мегиддо шайқасы (1918)). Соның кезінде Лиманның өзі британиялықтардың қолынан әзер дегенде сытылып кетті.

Соғыс біткен соң ол 1919 жылғы ақпан айында Мальтада тұтқындалды, оған соғыс қылмыстарын жасағаны туралы айып тағылды. Бірақ ол алты айдан кейін босатылды. Ол сол жылы Германия армиясынан отставкаға кетті.

Мальтада тұтқында болған кезінде соғыстың алдында және соның кезінде басынан өткізгендері туралы ол кітап жазған болатын. Ол соны 1927 жылы жарыққа шығарды (оның ағылшынша аудармасы да бар).

Отто Лиман фон Сандерс екі жылдан кейін Мюнхенде жетпіс төрт жасында қайтыс болды.

Басқа тілдерде

This page is based on a Wikipedia article written by authors (here).
Text is available under the CC BY-SA 3.0 license; additional terms may apply.
Images, videos and audio are available under their respective licenses.